Соңғы жылдары Сыр өңірі экономикалық дамуы жағынан республикада жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, өзге өңірлерге үлгі болып келеді. Облыс орталығында қарқын алған құрылыс жұмыстарынан бөлек, өңірде өндіріс орындарын ашу ісі де жанданып келеді. Бұл ретте жуырда қалаға қарасты Белкөл кенті аумағынан «Қызылорда-Нан» нан өнімдерін шығару кешені ашылып, тағы бір өндіріс ошағы іске қосылды.
Өткен тарихқа көз жүгіртсек, Сыр өңірінде нан өнімдерін шығаратын зауыт алғаш рет 1957 жылы ашылған екен. Бұл өндіріс орны 1995 жылға дейін қала халқын «ас атасымен» қамтамасыз етіп отырған. Кейін еліміздегі зауыттар тоқырауға ұшырап, өнім өндірісі тоқтағаны белгілі. Сыр өңірінде осы тарихтың ізі отыз жылдан кейін жалғасын тауып, Белкөл кентінде қайта іске асып отыр.
Жалпы 5,6 миллиард теңге қаражат жұмсалған жоба – тек өндіріс ошағы ғана емес, әлеуметтік және ұлттық маңызға ие ірі кешен саналады. Өндіріс орнының ашылуы қала тұрғындарының жұмыспен қамтылуына да өзіндік үлесін қосты. Бүгінде кешенде 120 азамат еңбек етіп, қала тұрғындарын сапалы нан өнімдерімен қамтамасыз етеді. Ал кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта жұмыс күші 170-ке дейін өсетінін айтады.

Нан өнімдерін шығаратын кешен мемлекеттің қолдауы нәтьижесінде жүзеге асырылып отыр. Бұл мақсатта кәсіпорынға аумағы 5 гектар жер берілген.
– Мемлекеттің қолдауының арқасында алдымен 5 гектар жер беріліп, 70 миллион теңгеге инженерлік-инфрақұрылым жұмыстары жүргізілді. Ал өндіріс ошағын іске қосу үшін 1 миллиард, 200 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, оның пайыздық мөлшерлемесін мемлекет субсидиялады, – дейді кәсіпорын басшысы Ержан Ескендір.
Кәсіпорын бірінші кезеңде 3,1 миллиард теңгеге заманға сай толық автоматтандырылған жабдықтары бар төрт өндірістік цехты іске қосқан екен. Алдағы уақытта жобаның екінші кезеңі жүзеге аспақ. Бұл ретте 2,5 миллиард теңгеге ұн комбинатын салу жоспарланған.
Қазіргі таңда озық технологиямен жабдықталған кәсіпорында сексен түрлі нан өнімдері шығарылады.
– Багет, батон, бөлке сияқты нан түрлерімен бірге, кондитерлік өнімдер, макарондар дайындаймыз. Халықтың бөлке нанға деген сұранысы көп. Сондықтан күніне 10-15 мың бөлке нан шығарамыз. Кәсіпорында 7 мыңнан астам нан өнімдерін шығаруға мүмкіндік бар. Қазіргі кезде сағатына 300 кг печенье, 200 кг макарон өнімдерін дайындалады, – дейді өндіріс бригадирі Бақытжан Қадіров.

«Қызылорда нан» өндіріс ошағының өнімдерімен бүгінде қала тұрғындары ақырын танысып келеді. Кәсіпорында дайындалған өнімдер қала орталығы мен жақын ауыл-аймаққа таратылады. Сондай-ақ көпшілік жиі тұтынатын макарон өнімдерін де қызылордалықтан «Қызылорда нан» өніміне алмастырған.
– Қалада мұндай өндіріс орны ашылғанына қуаныштымын. Өзім жиі баратын супермаркеттің бірінен «Қызылорда нан» деген жазуы бар макаронды көзім шалды. Өзіміздің өнім болғасын қолдау көрсетейін деп ойладым. Тамаша. Бұрын тұтынып жүрген өнімдерден аса айырмашылығы жоқ. Тез піседі екен. Одан бөлек печеньелерінің де дәмі ерекше. Расымен, балалардың сүйіп жейтін асына айналды. Бағасы да қолжетімді. Күнделікті ас-ауқатымызға қолданатын өнімдер өзімізде дайындалса, әрине қуанамыз. Әрі сенімді болар еді, – дейді Гүлнұр Оспанова есімді қала тұрғыны.
Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы екі жылда аймақ экономикасына 1 триллион, 600 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылыпты. Ал биыл 8 айда 408 млрд, 200 млн теңге қаражат тартылған. Тағы 631 миллиардт теңгеден астам инвестиция тарту көзделуде. Тартылған қаражат көзінен аймақта жаңа ныснадар, өндіріс орындары бой көтермек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі экономиканы әртараптандыруды, кәсіпкерлік салада тек сауда-саттық емес, ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс екенін айтып келеді. Президент басымдық берген тапсырма өңірде осылай жүзеге асуда.
Айдана Сейіл
