Бүгін Қызылорда қаласында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті.
Шараның негізгі мақсаты – қала аумағын қоқыстан тазарту, тұрғындардың экологиялық санасын арттыру және табиғатты аялауға үндеу.
Акцияға қала әкімдігі, мемлекеттік және жеке меншік мекемелердің қызметкерлері, жоғары және орта оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары мен еріктілер ұйымдары қатысты. Қатысушылар қала көшелерін, саябақтар мен аллеяларды, өзен жағалауларын және демалыс аймақтарын тұрмыстық қалдықтардан тазалады.
Жиналған қоқыстар арнайы полигондарға шығарылып, экологиялық қауіпсіздік талаптары сақталды.
Іс-шараға «Қызылорда Тазалығы» ЖШС директоры Асильбеков Сапарғали Ғалиевич қатысып, акцияның қоғам өміріндегі маңызына тоқталды.
Тұрғындар мен жастардың бірлескен еңбегі нәтижесінде Қызылорданың экологиялық ахуалы жақсарып, тазалық мәдениеті қалыптасуына ықпал етті.
«Таза қала – таза қоғамның айнасы!» ұранымен өтетін бұл акция қоршаған ортаны қорғауға бағытталған тұрақты экологиялық бастамалардың бірі болмақ.
Жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруда «Таза Қазақстан» жобасының маңызы зор. Бірден айтайық, бұл – бір сәттік экологиялық акция емес. Оның мәні – қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа жанашырлықпен қарау, вандализмге қарсы күрес, жауапкершілікті арттыру. Тәртіп табалдырықтан басталады. Әркім үйде де, аула мен көшеде де тазалық сақтаса, тәртіп орнайды. Тәртіпті сақтау, тазалықты ұстану саналы түрде жасалатын дағдыға ұласқаны абзал. «Таза Қазақстан» жобасының ел азаматтары тарапынан үлкен қолдауға ие болуы жұмыстың дұрыс арнада жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

