Ясауитанушы, түркітанушы , филология ғылымдарының кандидаты, ақын Айнұр Әбдірәсілқызының «Ясауи поэзиясы және түркі әдебиеті» атты монографиясы мен «Шайхым – Ахмет Ясауи…» атты тарихи-танымдық пьесасының тұсаукесер рәсімі өтті.
Тұсаукесерге ҚР Президент Әкімшілігі, ҚР Парламент Сенаты, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшілігі, Түркі Әлемі Әйел академиктері қауымдастығы өкілдері қатысты. Содай-ақ TIKA, TUKiB, Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Қазақстан Жазушылар Одағының өкілдері бой көрсетті. Оған қоса Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан ясауитанушылары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессор-ғалымдары мен зиялы қауым, мәдениет пен өнер өкілдері тұсаукесер рәсімінің қадірлі қонағы болды.
Тұсаукесер автордың 50 жасқа толған мерейтойлық мерекесі қарсаңында және ғылыми қызметінің 30 жылдық межесіне орай халыққа есеп беру, рухани тарту жасау шарасы ретінде ұйымдастырылып отыр.
А.Әбдірәсілқызының «Қожа Ахмет Ясауи поэзиясы және түркі әдебиеті» атты монографиялық зерттеуі – ғалымның ширек ғасырлық ізденістерінің жемісі. А.Әбдірәсілқызының зерттеуінде Қожа Ахмет Ясауидің ақындық әлемі түркі әдебиеті контексінде алғаш рет он бес ғасырлық әдеби үдерістер аясында толыққанды талдау назарына алынған. Еңбекте отандық және шетелдік ясауитану зерттеулеріндегі өзекті пікірлер толығымен жүйеленіп, қазіргі күн тұрғысынан жаңаша бағаланған, «Диуани хикметтің» барлық аудармаларына талдау жасалып, перспективалық бағыттары көрсетілген.
А.Әбдірәсілқызының тұсаукесер рәсіміне ұсынылған екінші еңбегі – «Шайхым – Ахмет Ясауи…» атты тарихи-танымдық пьесасы. Кітаптың ерекшелігі, «Шайхым – Ахмет Ясауи…» атты тарихи-танымдық пьеса ағылшын, түрік және орыс тілдеріне аударылып берілген. Бұл еңбек түркі халықтарының ұлы ойшылы, көрнекті сопы ақын, ясауийа тариқатының негізін салушы Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы мен ілімін көркем мәтінде жан-жақты ашып көрсетеді. Тарихи-танымдық мәні терең туындыда Ясауи дәуірінің қоғамдық келбеті барлық қырынан көрініс тапқан.
А.Әбдірәсілқызының «Ясауи поэзиясы және түркі әдебиеті» атты монографиясы мен «Шайхым – Ахмет Ясауи…» атты тарихи-танымдық пьесасының ағылшын, түрік және орыс тілдеріне аударылуы – рухани мәдениетіміздегі маңызды қадам. Дінаралық келісімнің, діни төзімділіктің кемел үлгісі болып табылатын, қазақы исламның қалыптасуына іргетас болған Ясауи ілімі – түркі халықтарын ынтымақтастырушы басты факторлардың бірі. Қазіргі қоғамның рухани сұраныстарын қанағаттандыра алатын, экстремистік, деструктивті ағымдар мен жалған ілімдердің ықпалын төмендетуге мүмкіндік беретін тетіктерге ие бүгінгі ясауитану ғылымы – қазақтану әрі түркітану ғылымы іспетті.
