Блог

    Ақпараттық хабарлама: Құрылтай-2026 сайлауына Salemnews.kz сайтында үгіт материалдарын орналастыру шарттары

    Facebook X (Twitter) Instagram
    • Басты бет
    • Жаңалықтар
    • Мәселе
    • Жастар
    Facebook X (Twitter) Instagram
    SALEM NEWS
    Жаңалық жіберу
    SALEM NEWS
    Home»Жаңалықтар»«Таза Қазақстан»: Қызылордада экологиялық мәдениет қалай қалыптасып жатыр?
    Жаңалықтар

    «Таза Қазақстан»: Қызылордада экологиялық мәдениет қалай қалыптасып жатыр?

    SalemnewsSalemnews01.07.202633 Mins Read
    Бөлісу
    Facebook Twitter Telegram WhatsApp

    «Таза Қазақстан» – бір күндік сенбілікпен шектелетін акция емес. Бұл – қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған ұзақмерзімді ұлттық жоба. Оның басты мақсаты – көшені тазалау емес, табиғатты қорғауды өмір салтына айналдыру.

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясында жобаның мәні тазалықтан әлдеқайда ауқымды екенін атап өтті.

    – Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Барымыз да, басты байлығымыз да – қастерлі Отанымыз Қазақстан. Сондықтан қасиетті жеріміздің, киелі еліміздің озық, қауіпсіз, күшті әрі таза болғаны бізге ғана керек. Осыны дұрыс түсінген абзал. Бұл жобаның түпкі мәні – табиғатты аялау, тазалық пен тәртіпті дәріптеу, саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы ұлт қалыптастыру, – деген болатын Президент.

    Президент жүктеген міндеттер өңірлерде де жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – Қызылорда қаласы. Мұнда «Таза Қазақстан» бастамасы аясында санитарлық тазалықты сақтау, қаланы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Қала аумағындағы заңсыз қоқыс орындарын жою, саябақтар мен скверлерді ретке келтіру, ағаш көшеттерін отырғызу, ирригациялық жүйелерді күтіп ұстау сияқты жұмыстар жыл бойы жалғасады. Сонымен қатар тұрғындарды ортақ іске жұмылдыру мақсатында жалпы қалалық сенбіліктер тұрақты түрде ұйымдастырылады.

    Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, экологиялық мәдениетті қалыптастыру коммуналдық жұмыстармен шектелмейді. Бұл бағытта тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жалпы қалалық және аумақтық сенбіліктер тұрақты ұйымдастырылып келеді. Мұндай шараларға мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдары, еріктілер, кәсіпкерлер және қала тұрғындары белсенді қатысады. Яғни қоршаған ортаның тазалығы  коммуналдық қызметтердің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі ретінде қарастырылып отыр.

    Бастамада жастардың үлесі ерекше. Себебі экологиялық мәдениет ең алдымен жас буынның көзқарасы арқылы қалыптасады. Осыған байланысты қалада жастардың белсенділігін арттыруға бағытталған түрлі жобалар қолға алынған.

    – Қызылорда жастары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткізілетін тазалық, көгалдандыру және абаттандыру шараларына тұрақты түрде қатысып келеді. Жастарды ынталандыру мақсатында түрлі акциялар, экологиялық челлендждер және еріктілік қозғалыстары ұйымдастырылуда.

    Қазіргі таңда «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру мақсатында  түрлі әлеуметтік қызметтер және оқыту тренингтері ашылған. Жастарды ынталандыру үшін өңірімізде жыл сайын 100-ге жуық жастардың қатысуымен эко-сайыс өткізіледі. Оған қоса республикалық деңгейдегі тренерлерді қатыстыра отырып, түрлі оқытулар жоспарланған, – делінген жауапты мекеменің Salemnews.kz редакциясына берген жауабында.

    Мұндай жұмыстар жастардың табиғатқа жанашыр көзқарасын қалыптастырып қана қоймай, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына да мүмкіндік береді. Эко-челлендждер, еріктілік қозғалыстары мен тәжірибелік іс-шаралар қоршаған ортаны қорғауды теориялық ұғым емес, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыруға бағытталған.

    Ортақ пайдаланылатын орындардың тазалығы мен сақталуын қамтамасыз ету үшін қоғамдық бақылау да күшейтіліп келеді. Осы мақсатта қоғамдық орындарда бейнебақылау жүйелері қолданылады, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі және құқық қорғау органдарымен бірлескен профилактикалық шаралар ұйымдастырылады.

    Мұндай шаралардың барлығының түпкі мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу. Өйткені қоғамдық мүлікті бүлдіру, саябақтарды, аялдамаларды немесе басқа да ортақ пайдалану нысандарын ластау қоғамға шығын келтіреді. Сондықтан мұндай әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделген. Жауапкершілік құқық бұзушылықтың сипатына және келтірілген залалдың көлеміне қарай айқындалады.

    Жалпы, «Таза Қазақстан» жобасының табысы тек мемлекеттік бағдарламалармен немесе коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана байланысты емес. Оның нәтижесі әрбір азаматтың туған жеріне деген жанашырлығы мен жауапкершілігіне тікелей тәуелді. Қоқысты белгіленген орынға тастау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау, ағаш отырғызу немесе сенбілікке қатысу – мұның барлығы үлкен экологиялық мәдениеттің қарапайым көріністері. Осындай ортақ жауапкершілік қалыптасқанда ғана қаланың тазалығы тұрақты сипат алып, «Таза Қазақстан» бастамасының негізгі мақсаты толық жүзеге аспақ.

    Қамысқала Қызылорда тазалық
    Previous ArticleҰлыбританияда дәрігерлері тарихта алғаш рет генді түзету арқылы аққан ауруын жеңді
    Next Article «Үздік аула»: көршілер көрікті ортаны қалыптастыруға үлес қосып жүр
    Salemnews
    • Website
    • Facebook

    Ұқсас жазбалар

    Қызылжармадағы қарқынды даму: инфрақұрылымнан кәсіпкерлікке дейінгі өзгерістер

    27.07.2026

    Ғалымдар адам өмірінің биологиялық шегін анықтады

    27.07.2026

    Павлодар облысындағы көмір кенішінде жұмысшы қаза тапты

    26.07.2026
    Соңғы жаңалықтар

    Тоқаев ұсынған «таза көмір» технологиясы климат өзгерісіне қалай әсер етеді?

    23.06.202611 658 Views

    Сақтандыру: апаттан алымға дейін

    10.04.20257 623 Views

    CO₂: қазақстандық кәсіпорындар Париж келісімін сақтап отыр ма?

    19.12.20255 642 Views
    Әлеуметтік желілер
    • Facebook
    • WhatsApp
    • Instagram

    «SALEMNEWS.kz» ақпарат агенттігіне гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.
    18+

    Facebook X (Twitter) Instagram Pinterest
    • Басты бет
    • Жоба туралы
    • Сайтты қолдану ережесі
    • Байланыс
    © 2026 Salemnews.kz. Барлық құқықтар сақталған
    Яндекс.Метрика

    Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.