Өнердің өзіндік үні бар. Бір адамдар бояуды сөйлетсе, енді бірі жіп пен ине арқылы жандүниесін өрнектейді. Бүгінгі әңгіменің кейіпкері– дәл сондай жан.
Қолөнерді тек кәсібіне айналдырмай, оның философиясын, ішкі эстетикасын көрерменге кестелі бейнеде ұсынып жүрген қызылордалық шебер – Меруерт Тимурқызы. Әр туындысында сабыр мен талғамның ізі, ішкі әлемінің сыры бар. Анасы арқылы өмірлік жолын тапқан кейіпкерімізбен шығармашылық жайында сұхбаттасубұйырды.
Біздегі бастапқы сауал уақыт жайлы болды. Көрермен дайын картинаны көреді, бірақ артындағы еңбекті сезбейді. Бір туындыны жасау процесі қалай өтеді екен? «Дұрыс айтасыз, кей көрермен үшін дайын картина жай сурет болуы мүмкін. Әр картинаның артындағы еңбекті тек өнер адамы ғана сезініп түсіне алады», − деп сөз бастаған шебер әрі қарай:
− Әдемі түстер, мағыналы көрініс – бәрі бір сәттік шабыттың жемісі секілді көрінеді. Шындығында, әр туындының артында үлкен еңбек, сабыр мен ізденіс жатыр. Бір картина шамамен бір ай, кейде бірнеше ай тынымсыз еңбекпен жасалады. Бір туындыны бастамас бұрын ұзақ уақыт ойланып, үлгісін ойымда жасаймын. Образды кейде түн ортасында, кейде жұмыста жүргенде елестетемін. Кейіпкердің көңіл-күйін, бояудың мінезін, композицияның тепе-теңдігін бәрін алдын ала сезіну керек.
Туындыны жасау барысында ең алдымен эскиз дайындалады. Содан соң суретке сай жіптің түстері анықталып, құрал-жабдықтар түгелдену арқылы қызу жұмыс басталады. Сондықтан мен үшін әрбір туынды жай бейне емес. Ол уақыттың, еңбектің, шексіз махаббаттың және шебердің сабырының жемісі. Көрермен дайын картинаны көріп тамсанады, ал мен сол картинаның әр сызығының артында тұрған еңбекті, ұйқысыз түндерді, ізденісті көре аламын. Өнердің ең үлкен құдіреті де осында – көзге әдемі көрінгенімен, оның түп төркіні адамның шексіз еңбегі мен ішкі әлем тереңдігінің көрінісі, − деп жалғастырды.
Әңгіме барысында кейіпкеріміз «Өнер менің қанымда бар»,− деген еді. Әлқиссада жазғанымыздай, бұл жолға келуіне анасы да түрткі болған. Толығырақ өзі бөліссе:
− Өнер менің қанымда бар десем болады. Өйткені анам шығармашылықтың адамы болды. Сәби кезімде сүтпен дарып, ес білген шағымда анамның жұмыс үстеліндегі бояу, тоқыма жіптерді қызықтап ойнап жүрдім. Бүгінде анашым Сауле Сериева – Қармақшы аудандық «Оқушылар үйінде» көркем еңбек пәнінің мұғалімі, көркем өнер үйірмесінің жетекшісі. Бала күнімде анам жұмысқа барса, міндетті түрде ізінен еріп баратынмын. Ол шақта телефон, теледидар қазіргідей дамымаған еді, сондықтан мен үшін ең қызық сәт – анамның өнер кабинетінде өткізген уақыт болатын. Анам сабақ өткізіп жатқанда мен де қасында жүріп сурет салып, түрлі бұйымдар жасап, маталармен ойнайтынмын. Бала көңілмен барлығын қайталауға тырысатынмын. Анам әр заттан сұлулықты көруді үйрететін. Қасында жүргенімде «Өнер – бұл сабыр мен шеберлік» дейтін. Мен сол сөздерді бала күнімнен бойыма сіңіріппін.
Анам сабақтан кейін де үйірмесін жалғастыратын. Мен де соған қызығып, өз еркіммен еріп баратынмын. Сол жерде өнердің шынайы әлемін көрдім. Әр бала өз жұмысын сүйіспеншілікпен орындап, кішкентай бұйымдардан үлкен өнер туындысын жасап шығаратын. Қатты қызықтым. Анам өнердегі алғашқы ұстазыма айналды. Уақыт өте түрлі байқаулар мен көрмелерге қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Бұл менің өз күшіме сенімімді арттырды. Екеуіміз бірігіп жасаған еңбектер әлі күнге дейін мен үшін ерекше қымбат. Сурет, қолөнер, кесте – бәрі мен үшін өмірдің бір бөлігіне айналды. Сол балалық шабыт мені болашақ мамандығымды таңдауға алып келді.
Мектеп қабырғасында болашақ мамандығым жайлы көп ойлап жүрдім. Түрлі саланы ойланып, өз бағымды сынап та көрдім. Бірақ жүрегім қолөнерді таңдады. Университетке түскен шағымда топта сегіз қыз ғана мемлекеттік грантқа қабылдандық. Бірақ солардың ішінде өз мамандығын шын сүйіп таңдаған жалғыз мен екенімді уақыт айқындап берді.
Өнер мені өмірге, сабыр мен әр детальдан эстетиканы көре алуды үйретті. Әр сурет, әр туынды менің ішкі жан-дүниемнің бір бөлшегі. Қазір өзім де ұстаздық жолдамын. Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінде көркем еңбек пәнінен оқушыларға сабақ беремін. Мен үнемі анамның жолын жалғастырып жүргенімді мақтан тұтамын. Анам менің ең алғашқы ұстазым, ең үлкен шабыт берген тұлғам. Егер ол кісінің өнерге махаббаты болмағанда, менің бүгінгі жолым дәл осылай қалыптаспаған болар еді, − деген кезінде біз де таңқалдық.

Оқырман, сіз де білетін боларсыз, жалпы жүнмен жұмыс істеу үлкен шыдамды талап етеді. Бұл жайында да кейіпкер ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жүнмен жұмыс істеу – ерекше шыдам мен нәзіктік талап ететін өнер.
− Бұл тек қолдың емес, жүректің де еңбегі Әр тал жүннің өз жаны бардай, оны сезінбесең саған бағынбайды. Сол себепті бұл өнер менің мінезімді қалыптастырды, ішкі тыныштыққа үйретті. Қазіргі тілмен айтқанда нағыз антистресс. Мен құрғақ жүнмен жұмыс істеймін, яғни киіз басу емес, инемен ұрғылау әдісі арқылы бейне жасаймын. Бұл процесс өте ерекше сезім сыйлайды. Инені қолыңа алып, жүнді ұрғылап отырып, өзіңнің ойың мен сезіміңді соған сіңіресің. Бір жағынан терапия секілді. Күнделікті уайым, шаршау, мазасыздықтың барлығы сол жүнмен бірге ұрғыланып, бір формаға түседі. Инемен ұрғылаған сайын шаршағаным басылып, жаным жеңілдеп қалады. Біреу үшін бұл жай ғана қолөнер болса, мен үшін бұл – жан тыныштығын табудың бір жолы. Әр тал жүнді түстерге бөліп, үйлестіріп, бейне шығару барысында өз ойыңды реттеп, өмірге басқа көзқараспен қарай бастайсың. Әдемілікке ұмтылу, ұқыптылық пен ұсақ детальға мән беру – бәрі осы өнер арқылы бойыма сіңді, − дейді ол.
Сонымен бірге жүнмен жұмыс Меруерттің мінезімді жұмсартқан көрінеді.
− Бұрын бәрін тез жасауға тырысатынмын, ал қазір әр істің өз уақыты бар екенін түсіндім. Өйткені бұл өнер асығыстықты кешірмейді. Егер көңіл-күйің тұрақсыз болса немесе асығып отырсаң, нәтиже де соған сай болады. Сондықтан әр туындыны сабырмен, тыныштықта, жақсы ниетпен бастауға тырысамын. Жүннің табиғи қасиеті мен адамның ішкі энергиясы бірігіп, ерекше үйлесім табады, − деп сабырмен түсіндірді.
Сұхбат барысында туындыларын көзбен көріп, қолмен ұстадық, сезіндік һәм сездік. Осы тұста басты мақсаты жайлы да айтып берді.
− Шығармашылық жолындағы басты мақсатым – өзімнің білгенімді оқушыларға үйрету, оларды өнер арқылы тәрбиелеу. Көркем еңбек сабағында тек қолөнермен айналысып қоймаймыз, оқушыны ұқыптылыққа, сабырлылыққа, төзімділікке баулимыз. Себебі жүн де, кесте де үлкен төзімділікті, мұқияттықты талап ететін шығармашылық бағыттар. Әрбір істеген ісіңде асығыстыққа жол жоқ, бұл балаларға да өмірлік сабақ береді. Оқушының бойынан қызығушылықты, талпынысты көру мен үшін ең үлкен жетістік. Сол себепті балалардың бойындағы шығармашылық қабілетті ашу ғана емес, оларды өмірге бейім, шыдамды, еңбекқор азамат етіп тәрбиелеу жолында еңбек етіп келемін, − деп сөзін қорытындылады кейіпкер.
Міне, осылайша Меруерт Тимурқызы үшін өнер мамандық қана емес, өмірлік миссияға айналған әлем екеніне көз жеткіздік. Ол анасының мейірімінен басталған тағлымды жолды жалғап, бүгін өз шәкірттеріне рухани талғам, әсемдікке көзқарас дарытып келеді. Әр жұмысында шыдам мен сезімнің, шеберлік пен ізденістің жемісі бар. Ең бастысы, оның туындылары – көзге көрінетін әдеміліктің ғана емес, көңілде жатқан сырдың көрінісі. Өнерін өзгеге дарытудан ләззат алатын шебер һәм ұстаздың шығармашылығына толайым табыс, шабыт және жаңа белес тілейміз.
Әлия Тәжібай
