Сырдың самал желі соққан сайын тарихы терең Қызылорда қаласы тек мәдениетімен ғана емес, жаңа дәуірдің тынысын сезген жас буынымен де жаңаша түрленіп келеді. Бүгінгі Қызылорда шахматтағы дәлдік секілді код жазатын, әлемдік стартап қатарынан ойып тұрып орын алатын, цифрлық технология арқылы қала тынысын дамытатын жастардың мекеніне айналды.
Жалпы IT туралы тарқатқанда әуелі Кремний алқабы, әлемдік алпауыттар мен шетелдік стартаптардыңойға келетіні рас. Ал шын мәнінде, қазір Қазақстанның, оның ішіне Қызылорданың жастары тың жобалары арқылыелдің цифрлық болашағын қалыптастырып жатыр.
Соның бірі – қызылордалық дарындар қолға алған «Hub Tech»ІТ студиясы. Оның негізін қалаған – IT-әзірлеуші Ғұбайдулла Орынбеков. Әуелде шағын идеядан басталған бұл бастама бүгінде білім беру, бизнес, ғылым мен мемлекеттік секторға арналған 10-нан астам жобаның дамуына үлес қосып, онлайн оқытуға арналған интеллектуалды жүйе жасап, кросс-платформалық қосымшаларды жүзеге асырған. Ғұбайдулланың айтуынша, студияның басты мақсаты – ақылды технология арқылы қоғамға пайда әкелу.
«Hub Tech»-тің жұмысын сырттай қарасаңыз суденттерден құрылған шағын команда. Дегенмен олардың бағыты, жұмыс істеу принциптері ерекше. Команданың «бизнестен бөлек білім беру саласына серпін берсек» деген мақсаты бар. Мысалы ғалымдардың зерттеу жұмысын жариялайтын «vestnik.ouk.kz» платформасы, студенттерге психологиялық қолдау көрсететін «psyhology.ouk.kz» пен «pedpsychology. kz» секілді порталдар жасаған. Ал TilTұлға, LearningCraft, MathEasy секілді ойын түріндегі қосымшалар бастауыш сынып оқушыларына тіл мен математиканы жеңіл әрі қызықты үйретеді.
Бизнестің дамуына арналған шешімдер де тасада қалып жатқан жоқ. Өңірлік брендке айналған «Табиғи» кулинарлық майына арналған «Tabigi-mai.kz» сайтын жасап жүргізсе, қаламыздағы «Venera Print» баспаханасына лендинг жасаған. Ал «birbilim.kz» болса тапсырыс беруші мен орындаушыны байланыстыратын онлайн алаң. Яғни «Hub Tech» кәсіптің дамуына жол ашады.
Ал қоғамға пайдасы мол әлеуметтік жобалары мүлдем бөлек әңгіме. Мысалы жасанды интеллект негізінде «AI Medical Telegram Bot» жасаған. Атауы да айтып тұрғандай, бұл ‒ медициналық көмекші. Мұнан бөлек экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған «Eco Qogam» мен мемлекеттік мекемелердің ішкі жұмысын реттейтін «Smart Kyzmet» платформасы бар.
Өткен жыл команда үшін табысты болды десек, қателеспейміз. Студенттерден құрылған команда түрлі хакатон мен байқауға қатысып, бірнеше мәрте жеңіске жеткен. Былтыр олардың жылдық табысы 2 миллион теңгеге жуықтап, әлеуметтік желідегі контенттері он екі мыңнан астам қаралым жинаған.
Айта кеткен жөн, Hub Tech-тің ең үлкен күші – командасы. Frontend пен python әзірлеуші, жасанды интеллект зерттеушілері, қауіпсіздік инженері, дизайнер – әртүрлі бағыттағы маман болса да, ортақ мақсат үшін жұмыс істейді. Жас та болса, әрқайсысы өз ісіне берілген. Мысалы Аяжан Әділқасын – frontend әзірлеуші. Ол кез келген жобаның «бет-бейнесін» жасап береді. Қолданушы қосымшаны ашқанда бірінші көретіні – интерфейс. Аяжанның қолынан шыққан жұмыс ыңғайлылығымен, заманауи стилімен көзге түседі. Ал Ернұр Қанат − python әзірлеуші әрі жасанды интеллект инженері. Оның алгоритмдері күрделі есептерді жеңілдетеді. Жобаның миы десек те болады. Ернұр ЖИ-дың нақты нәтижеге жетуіне, деректі дұрыс өңдеуіне жауапты. Әзірлеуші Шұғыла Нұрғалиева өнімнің тартымдылығына да жауап береді. Әр жобаның визуалын қалыптастырып, заманауи трендтерді үйлестіріп отырады. Жан Гадильшин – ЖИ талдаушы әрі әзірлеуші. Ол үлкен көлемдегі деректі зерттеп, тиімді модель құрады. Ал Толғанай Жақсыбай мен Джаниель Мейрамбекқызы жасанды сананы мәліметтермен «қоректендіріп», нақты өмірде пайдалы болуын қадағалайды.
Келесі қадам – қауіпсіздік. Қандай мықты жүйе жасалса да, егер қауіпсіз болмаса, оның құны да болмайды. Ал дәл осы қауіпсіздікке инженерлер, яғни Нұрбек Әбілдаев пен Нұрбол Оналбеков жауап береді. AI policy expert Азамат Дәрменбаев технологияның тиімділігіне, қоғамға қауіпсіз болуын қадағалайды.
Жоғарыдағы мамандардың жұмысы реттеліп, өнім дайын болғанда mobile developer маман Ілиас Әбдіқадір жобаны түйіндейді. Ол дайын дүниенің қолжетімділігі мен кеңінен таралуына ықпал етеді. Міне, «Hub Tech» – әрқайсысының қолтаңбасы бар, бір мақсатқа жұмылған жас мамандардың ортақ алаңы.
Командамен кездескенде жастардың қызу еңбегін бірден байқайсыз. Бір бұрышта ноутбугіне үңілген Ернұр кодтың соңғы жолдарын тексеріп отырса, екінші жақта Аяжан интерфейстің жаңа үлгісін әріптестеріне көрсетіп әлек. Үстел үстінде шашылған қағаздар мен сызбалар, қабырғада алдағы жобалардың жоспар-кестесі ілінген. Қарап тұрсаңыз, қарапайым студенттер. Бірақ олардың жұмыс істеу қарқыны, идеялары мамандардан әлдеқайда өзгеше.
Ал болашаққа жоспарлары тіпті биік. Ғұбайдулланың айтуынша, студия EdTech бағытындағы өнімдерді дамытуға басымдық береді. Яғни балалар мен студенттерге арналған жаңа цифрлық оқыту құралдарын жасайды. Сонымен бірге жасанды сананы күнделікті өмірге бейімдеп, қарапайым адамдарға қолжетімді етуге күш салмақ. Әңгіме барысында жаһандық деңгейде мойындалған жобалар шығарғылары келетінін де атап өткен еді.
Сұхбаттан түйгеніміз, команда үшін ең бастысы – тек ақша емес, қоғамға пайда әкелу. Осы ұстаным оларды биікке жетелейтіні анық.

Қоғам үшін пайдалы болуды қалайтын жастың бірі − Нұрислам Айбекұлы. Жасы небәрі 12-де болса да ұялы телефонға арналған операциялық жүйе жасап, түрлі байқауда топ жарып жүр. Мысалы жақында Қызылорданы инноваторлардың алаңына айналдырған «Inno.Fest Qyzylorda − 2025» байқауында бақ сынап, 1600 жас қатысқан жарыста асығы алшысынан түсті. «Software Dev» бағыты бойынша 1-орын алып, 1 миллион теңге сыйақыға ие болды.
Жас талант додада «Extrnos» атты жоба ұсынған. Мұндай бастаманың идеясы ағылшын бағдарламашысы Терри Дэвис жасаған 64 биттен тұратын операциялық жүйеден басталған. Нұрислам оны зерттеп, өзіне ұнаған тұстарын алып, Қазақстанда өзіне тән, халыққа пайдалы операциялық жүйе жасауды ойлап тапқан.
«Extrnos» − ұялы телефондарға арналған қауіпсіз операциялық жүйе. Жобаның басты мақсаты − хакерлік шабуылдардан қорғау, қандай операция жасалса да мінсіз жұмыс істеу және Android пен iOS жүйелеріне қарағанда қауіпсіз болу. Жоба жасау барысында ең қиыны – Bootloader құру болған.

Сонымен қатар Ибраһим Тамшыбай мен Ақшолпан Ибайдулланың «Qarashyk» жобасы да көп көңілден шыққан ерекше жоба. Қызылордалық екі жас нашар көретін адамдарға арналған құрылғы ойлап тапқан. Камера арқылы кеңістікті талдап, оның сипаттамасын дыбыспен жеткізеді. «Негізгі ой − технология адам өмірін жеңілдетуі керек», − дейді Ибраһим Тамшыбай.
Оқушыдан бастап студентке дейін ІТ әлемді бағындыруда. Ал мұнымен қоса ересектердің де жаңалығы көп. Осы орайда 3 баланың анасы,кәсіби жолын IT-мен байланыстырған, сонымен қатар кәсіп жүргізуде де тәжірибесі бар Гүлжан Оразалиевамен сұхбаттастық.
Әуелі «MunaLuna» жобасы жайлы сұрадық. Себебі осы жоба арқылы ол Startup Garagебағдарламасының финалисіатанған еді.
– Иә, Astana Hub ұйымдастырған Startup Garage акселерация бағдарламасына қатысып, жобамыздың MVP-нұсқасын дайындадық. Бағдарлама барысында өнімді ұсыну, нарықты зерттеу, сату стратегиясы, стартап жүргізудің негіздері мен венчурлік нарық ерекшеліктерін меңгердік.
Startup Garage – Astana Hub ұсынған инкубациялық бағдарлама. Ол стартаптарға алғашқы кезеңде гипотезаларын тексеруге, алғашқы клиенттерін табуға және жобаларын инвесторларға таныстыруға көмектеседі. Бұл жай ғана оқу емес. Бұл – идеяны толыққанды өнімге айналдыру, алғашқы сатылымдарды жасау және өзіңді кәсіби ортада таныту мүмкіндігі.
«MunaLuna» – мұсылман әйелдеріне арналған femtech-стартап. Сатылымды арттырып, Орта Азия нарығына шығуды, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдеріне көптілді нұсқасын ұсынуды жоспарлап отырмыз, − деді кейіпкер.

Ал стартап сәтті болу үшін не істеу қажет? Бұл жайында да біліп алдық.
− Статистикаға сенсек, стартаптың 90%-ы нарыққа шықпай жатып сәтсіздікке ұшырайды. Сондықтан нарық пен тұтынушының сұранысын дұрыс бағалау қажет. Бұл үшін HADI циклін қолдануға болады. Идеядан гипотеза құрасыз, тексересіз, әрекет етесіз, дерек жинап, әрі қарай қорытынды жасайсыз. Осы түйгеніңмен, білген-көргеніңмен келесі идеяны қолға аласыз. Ал мұндай циклдердің арасында шынымен де «жанып» кетуіңіз мүмкін. Сол үшін мақсатыңыз айқын болу қажет. Ал тәжірибе жаңа идеяларға негіз болады, − деп пікір білдірді бар Гүлжан Оразалиева.
Егер бүгін Қызылордада 12 жастағы бала операциялық жүйе құрып, студенттер бірнеше саланы қамтитын технологиялық платформа жасап, ал аналар өз стартаптарын халықаралық деңгейге шығаруға қадам басып жатса, бұл Сыр елінде бой көтерген жаңа толқынның нақты жемісі, жаңа дәуірдің басталғанының айғағы.
