Блог

    Ақпараттық хабарлама: Құрылтай-2026 сайлауына Salemnews.kz сайтында үгіт материалдарын орналастыру шарттары

    Facebook X (Twitter) Instagram
    • Басты бет
    • Жаңалықтар
    • Мәселе
    • Жастар
    Facebook X (Twitter) Instagram
    SALEM NEWS
    Жаңалық жіберу
    SALEM NEWS
    Home»Жаңалықтар»Қауіп пен сақтық: Қызылорда жастарының жарқын келешегі
    Жаңалықтар

    Қауіп пен сақтық: Қызылорда жастарының жарқын келешегі

    SalemnewsSalemnews05.12.20251212 Mins Read
    Бөлісу
    Facebook Twitter Telegram WhatsApp

    Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абизовтың  төрағалығымен өткен қала әкімі жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысы өңір жастары арасындағы маңызды тақырыптарды талқылап, алдағы жұмыстың басымдықтарын айқындауға арналды.

    Жиында 3 негізгі мәселе қаралған. Соның бірі − жастар мен жасөспірімдерді есірткі бизнесінен оқшаулау, тұтыну мен таратудың алдын алу. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар туралы Қызылорда ҚПБ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция капитаны Асылхан Абилакбаров хабарлама жасады. Баяндамасында қала аумағында жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралар, рейдтер мен заңсыз айналыммен күрес шаралары бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

    Нақтыласақ, 26 маусым − халықаралық нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай «Есірткіге қарсы» айлығы аясында жасөспірімдер мен жастардың арасында есірткі заттардың таралуы мен қолданылуына теріс көзқарасын қалыптастыру мақсатында қала көлеміндегі білім беру ұйымдарында 89 іс-шара ұйымдастырылған. Олардың қатарында 8 акция, 4 дәріс, 19 жарыс, 13 челлендж, 8 акция-флешмобы, 24 үгіт-насихат жұмысы, 3 рейдтік шара мен кездесу бар. 

    Іс-шаралар тізімінде «Берік отбасы – есірткіден алыс!», «Есірткісіз болашақ!», «Туризм есірткіге қарсы!», «Спидкубингтен», «Капстекинг» спорттық іс-шаралар сайсы,  «Есірткіге жол жоқ!», «Біз есірткіге қарсымыз! Бізбен бірге бол!», «Жас репортер» шығармашылық жұмыстар сайысы, «Мен өмірді таңдаймын» тақырыбында сурет салу сайысы, «Есірткіге қарсы төсбелгінің макетін әзірлеу» сайысы бар. Мұнан өзге «Қызылорда есірткіге қарсы» атты челлендж, «Жастар есірткіге қарсы!» черлидинг спорттық би түрінен байқау, «Ата-аналардың міндеттері балаларды тәрбиелеу» тақырыбында ата-аналар жиналыс пен есірткіге қарсы бейнероликтер байқауы, есірткіге қарсы үгіт бригадалар сайысы секілді бастамалар бар.

    − Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  халыққа жолдауында қоғамның маңызды бір міндеті – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күресу жайында айтып өткені баршаға мәлім. Осы ретте Мемлекет басшысы айқындаған  «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында алға қойған міндеттердің сапалы орындалуына, елімізде заң үстемдігі мен әділдікті сақтауда нақты нәтижелерге қол жеткізуге барлық шара қабылдануда.

    Полицияға белгіленген міндеттерді орындау мақсатында «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің»
    2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары негізінде департамент облыстық әкімдікпен және басқа да құқық қорғау органдарымен бірлесіп бірқатар профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыруда, − деп сөз бастады баяндамашы
    Қызылорда ҚПБ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция капитаны Асылхан Абилакбаров.

    Одан бөлек, Ішкі істер министрлігінің нұсқауымен осы жылдың 1-маусым мен 31-қазан аралығында республика көлемінде «Қарасора-2025» арнайы жедел профилактикалық іс-шарасы өткен. Маманның айтуынша, басқарманың есірткі құқық бұзушылығының профилактикасы жөніндегі кеңес құрамы белгіленіп, кеңестің мақсаттары мен міндеттері айқындалып, жоспары бекітілген.

    − Кеңес құрамына мәслихат депутаты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, «Аманат» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты филиалы, жастар ресурстық орталығы, облыстық психикалық денсаулық орталығы, «Қызылорда еріктілер» қоғамдық қоры, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Болашақ университетінің өкілдері және Ішкі істер органдарының құрметті қызметкері мен ардагерлері, тағы да басқа зиялы қауым өкілдері сайланып, кеңес мүшелерімен бірлесіп нашақорлықтың, есірткі қылмысының алдын алу, заңға бағынатын мінез-құлық пен салауатты өмір салтын насихаттау, халық арасында әсіресі жастарды есірткіге қарсы бағытта профилактикалық іс-шаралар қарқынды жүргізілуде, − деп нақтылады ол.

    Енді сандарға кезек берсек, осы жылдың 10 айы мен 24 күнінде есірткімен байланысты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл саласымен
    140 құқық бұзушылық, оның ішінде 45 қылмыс пен 95 теріс қылық анықталған.

    − Осы жылдың тамыз айында (13 күні) Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңес отырысында нашақорлыққа қатысты статистикалық мәліметтерді жинау мен өңдеу бағытындағы ақпараттық-сараптамалық жұмысты жетілдіру, сондай-ақ химиялық заттардың таралуын қадағалау мәселелерін тағы бір маңызды міндет деп санайтынын және нашақорлықтың алдын алу шараларын күшейтуді, әсіресе, білім беру мен ақпарат саласында кеңінен жұмыс жүргізуді, мемлекеттік саясаттың нашақорларға кеңшілік танытып, ал есірткі саудасына келгенде қатаң және мүлде төзбеушілік ұстанымда болуға тиіс екенін тапсырды.

    Жыл басынан республика көлемінде 3 мәрте «Дәрмек» жедел профилактикалық  іс-шарасы өтті. Іс-шараның мақсаты − есірткінің заңды айналымымен байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау, оның ішінде психотроп пайдаланатын денсаулық сақтау мекемелері, прекурсор пайдаланатын өндірістік мекемелер мен дәріхана қоймаларындағы дәрілерді сақтау, жіберу заңдылығына тексеру жүргізу, − деп қорытындылады Қызылорда ҚПБ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция капитаны Асылхан Абилакбаров.

    Қорыта айтқанда, есірткі бизнесіне қарсы күрес – бір күннің немесе бір ғана мекеменің міндеті емес, кешенді әрі үздіксіз жүргізілетін жұмыс екені анық. Бұл бағытта қала бойынша тек профилактикалық шаралар өткізіліп қана қоймай, білім беру ұйымдарынан бастап қоғамдық ұйымдар, еріктілер, зиялы қауым өкілдері және құқық қорғау органдары бірлесіп әрекет етуде.

    Мемлекет басшысының жолдауда атап өткен қатаң ұстанымдары мен құқықтық нормалар тәртіпті күшейтуге бағытталса, жергілікті деңгейдегі бастамалар жастардың санасын қалыптастыруға, теріс ортаға жоламауына ықпал етуді көздейді. Сондықтан да нашақорлыққа қарсы іс-шаралар тек құқықтық бақылаумен шектелмей, жастардың өмір салтын өзгертуге, олардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға бағытталатыны жиында ерекше аталды.

    Жұмыссыздық мәселесіне жаңа көзқарас

    Жалпы алғанда жастар арасындағы құқық бұзушылық пен есірткіге тәуелділікке әкелетін ең басты тәуекел факторлардың бірі – жұмыссыздық. Себебі тұрақты табысы, белгілі бір кәсібі жоқ жас буын қоғамнан алыстап, әлеуметтік ортада өз орнын таба алмаған кезде, түрлі тәуекелді топтардың ықпалына оңай түсетіні жасырын емес.

    Осы тұрғыда жиында көтерілген келесі мәселе – жастарды жұмыспен қамту, олардың еңбек нарығындағы белсенділігін арттыру және NEET санатындағы жасөспірімдермен жүйелі жұмыс жүргізу. NEET санатындағы және маргинал жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Медет Жорабек баяндама жасады. NEEТ санатындағы жастардың үлесін төмендету бағытында атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берді.

    Статистикалық мәліметке сәйкес, Қызылорда қаласында 2025 жылға
    362 мың 279 халық, оның ішінде 103 мың 102 (ауыл жастары 12 499) 14 пен 34 жас аралығындағы жастар. Бұл қала халқының 28,5 пайызын құрайды. Өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын дамытуға биыл 19 миллион 381 мың теңге қаржы қаралып, бөлінген қаржыға 8 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Жыл басында «NEET» санатындағы жастар саны 2331 болса, Отбасылық цифрлық картасының соңғы ақпаратына сәйкес «NEET» санатындағы жастардың саны 1217-ні көрсеткен.

    Жастар орталығы мен кент және ауылдық округтер әкімі аппаратының мамандарымен 462 жасқа адрестік жұмыстар жүргізіліп, статусы анықталған. Қалалық жастар ресурстық орталығының мамандары қаладағы NEET санатындағы жастардың үйлеріне барып, адрестік жұмыстарды жүргізіп жатыр.

    − Жұмыссыз жастар үшін «Мансап» орталығымен бірге «Мүмкіндіктер алаңы»  бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін 8 мәрте, ал 4 рет «Көшпелі кеңес» өткізіп, NEET санаттағы азаматтарды телефон байланысы арқылы шақыру ұйымдастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар ай сайын тұрақты өтіп отырады, − деді қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Медет Жорабек.

    NEET санатындағы және маргинал жастармен жұмыс істеу бойынша жол картасының орындалуы туралы айтатын болсақ, қазіргі таңда Қызылорда қаласы бойынша  10 283 азамат осы санатқа жатады.  Оның 1549-ы қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттерге тиесілі болса, 261 азамат басқа қалалар мен аудандарда тіркелген.

    NEET санатындағы және маргинал жастарды әлеуметтендіру бойынша кешенді шаралар қабылдау, яғни жұмыспен қамту, қайта оқыту курстарынан өткізу, кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету мақсатындағы жергілікті жұмыс жоспарына сәйкес жұмыс тұрақты жасалуда. Жастардың бірінші кезекте әлеуметтік картасын әзірлеу, қажеттіліктерін анықтау мақсатында бүгінгі күні жастар орталығының мамандары тұрақты адрестік жұмыстар ұйымдастыруда. Қазіргі таңда 30 мөлтек ауданнан 4030 азаматқа адрестік жұмыс жүргізілді.

    − Қызылорда қаласы бойынша берілген 10 283 азаматтың тізіміндегі топтық мөлтек аудан мүшелерінің келесі топшалары анықталды: «Белкөл» 7 адам, «Гагарин» 8 адам, «Жаңа базар» 12 адам, «Микрорайон» 6 адам, «Тасбөгет» 8 адам, «Коммунизм» 8 адам, «Чечено-ингушская» диаспора 13 адам, «Чимбай» 7 адам, «Центр»  8 адам, «Гоголь»  7 адам, «Титов» 8 адам, «Запад» 5 адам,  «Арай» 4 адам. Қала аумағындағы маргинал топ мүшелерінің жалпы саны 101 адамды құрайды. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп, тізімдегі маргиналдық топ мүшелері бақылауға алынды.

    Тізімге сәйкес сәйкестендіру және анықтау барысында қала бойынша NEET санатындағы 21 жас анықталды. Пробация есебіндегі жастар
    жыл бойы ұйымдастырылған бос орындары жәрмеңкесіне шақыртылып, жұмыс орындары ұсынылды. Сонымен қатар тізімдегі жастар мәдени көпшілік іс-шараларға тартылуда, − деген ақпарат айтты Медет Жорабек.

    Тізімдегі жастар қатарынан әскер жасындағы жастардың мерзімді әскери қызметке шақырылуы мен жіберілуі қатаң бақылауға алынып, тізімге сәйкес 718 жас бойынша нақты ақпараттар жинақталып, соның ішінде әскерде борышын өтеп жатқан 8 жас анықталған.

    Баяндамашы әскери борышын өтемеген жастарға мерзімді әскери қызметтің маңызы түсіндіріліп жатқанын да жеткізді. Сонымен қатар әскерден кейінгі жеңілдіктер, яғни оқу гранттары, жұмысқа орналасу бойынша мүмкіндіктер туралы ақпараттандыру жұмыстары жүргізілген. Денсаулық жағдайы бойынша жұмыс істемейтін жастармен ішімдік пен есірткіге тәуелділіктен, созылмалы аурулардан зардап шегетін, жарақат алған және тиісті оңалтудан өтіп жүрген жастарды анықтау бойынша облыстық денсаулық сақтау басқарамасы есебінде тұрған 545 азаматтың тізімімен талдау жұмыстары ұйымдастырылған көрінеді.

    Жұмысқа жарамды мүгедектігі бар жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту бойынша мүгедектігі бар жастардың, нақтыласақ 2877 жастың тізімі жасалған. Тізімге сәйкес, ниет білдіруші жастарды Мансап орталығымен бірлесіп ұйымдастырылатын «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне арнайы телефон арқылы шақырту жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар «NEET санатындағы және қылмысқа бейім жастарды әлеуметтендіру» әлеуметтік қызметі жұмыс істеуде. Спикердің айтуынша, жоба аясында жұмыссыз жастарға арналған жұмыс орындарына экскурсиялар, оқытулар мен тренингтер мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық жұмыстар ұйымдастырылуда.

    − Жұмыссыз және базар жастары арасында кіші футболдан турнирлер басталды. 13 қараша күні қылмысқа бейім, маргинал санатындағы және пробация есебіндегі жастарды қатыстыра отырып «Жастар.Тәртіп.Құндылық» тақырыбында кездесу өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абызов, қала прокурорының орынбасары Сая Темірбекова және жастар арасында кеңінен танылған «105» телехикаясының актерлері Аслан Бектенов пен Шоқан Чупанбаев қатысты.  

    Жастар мамандарының біліктілігін арттыру бағытында
    «Жастар мамандарын оқыту» семинар-тренингі ұйымдастырылды.
    Тренинг аясында барлық деңгейдегі жастар орталықтарының мамандары және қалаға қарасты ауылдық округтер мен кент жастар мамандары тартылды. Желтоқсан айының алғашқы онкүндігінде жұмыссыз жастар үшін арнайы дағдылар беру мақсатындағы «Мобилография», «СММ» секілді оқыту курстарына қатыстыратын боламыз. Келесі кезекте жыл соңына дейін 60% пайызын, яғни 6000-нан астам азаматты өзектендіру жоспарлануда. 2026 жылдың наурыз айында толық аяқталады, −  деді баяндамашы.

    Қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Медет Жорабек  сөз соңында анықталған жастардың барлық тобы бойынша әлеуметтендіру, жұмысқа орналастыру, дұрыс және жағымды орталар қалыптастыру бойынша әлеуметтік қызметтер мен мемлекеттік бағдарламалардың барлық әлеуетін іске қосатынын мәлімдеді.

    Жастар арасындағы жұмыссыздық жай ғана экономикалық көрсеткіш емес, ол – жастардың өмір салтына, көзқарасына, қоғаммен байланысына әсер ететін күрделі әлеуметтік құбылыс. Жұмысы жоқ жас – өз болашағына сенімсіз, өмірде өзін табуға тырысатын, сонымен бірге әртүрлі қауіпті факторға бейім болуы мүмкін топтың бірі. Бұл тек қаладағы жасөспірімдер ғана емес, ауылдағы жастар арасында да сезілерлік деңгейде байқалады. Әсіресе шалғай елді мекендердегі жастардың мүмкіндіктерін кеңейту, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, әлеуметтік белсенділігін арттыру – кезек күттірмейтін міндеттің бірі.

    Белкөлдегі бірлік

    Осы ретте жастардың бос уақытын дұрыс бағыттау тек қана олардың дамуына емес, жалпы қоғамдағы қауіптің алдын алуға да тікелей ықпал ететіні белгілі. Осы тұрғыдан алғанда Белкөл кентінің әкімі Жасұлан Сәду ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізу, спорттық және мәдени инфрақұрылымды дамыту, жастардың белсенділігін арттыру бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.

    Баяндама басында спикер:

    −   Мемлекеттің негізгі тірегінің бірі – жастар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қыз­метіне кіріскен уақыттан бері жас буынды назардан тыс қалдырмады. Жастар – ұлт үмітін арқа­лаған ел ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау сол буынның парызы. Сол үшін де жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде елі­міз­дің дамуы үшін жа­уапты екені мәлім. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялан­уы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Жастар қай заманда, қай елде болсын, асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған, − деп сөз сөйледі.

    Ақпар ретінде айта кетейік, кентте 2025 жыл бойынша 986 жас тіркелген. Белкөл кенті мен Бірқазан елді мекені бойынша 151-і студент, жұмыспен қамтылған жастар саны − 793, оның ішінде өз-өзін жұмыспен қамтығандар саны 29 адамға жеткен. Мүгедек жастар саны 10 адам, олардың 3-і жұмысқа жарамсыз. Кенттің жұмыссыз жастары арасынан «Мансап» орталығы арқылы «Жастар тәжірибесі» бойынша 3 жас маман тәжірибеден өтуде. Белкөл кентінде  NEET санатындағы жастар үлесін азайту мақсатында әлеуметтік қолдау шаралары, білім алуға жағдай жасау және жұмыспен қамту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.

    − Қазіргі таңда кент бойынша NEET санатындағы жастар саны 39 адам. Оның ішінде 6 жас оқу орнына тартылып, NEET санатынан шығарылды, 3 жас тұрақты жұмысқа орналастырылды, бірқатар жас маусымдық жұмыспен қамтылды, 1 жас ана ерекше  бала күтімінде. Жүргізілген шаралар NEET санатындағы жастардың еңбек нарығына бейімделуіне, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға және өздігінен жұмыспен қамтылуына оң ықпал етуде. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде  жұмыспен қамтудың белсенді шараларына  барлығы 6 жас тартылды, − деді Белкөл кентінің әкімі Жасұлан Сәду.

    «Ауыл аманаты» жобасы аясында 4 жас кәсіпкер мемлекеттік жеңілдетілген несие алып, өз бизнесін ашқан. Аяулым Алдашова жүк көлік тасымалы,  Нұрлызада Айдарбекқызы жартылай фабрикаттар өндірісі,  Назгул Бауыржанқызы шұжық өндірісі,  Әміржан Жұмағұлда жартылай фабрикаттар өндірісімен айналысады.  Сонымен қатар 400АӘК мөлшеріндегі грант бойынша 2 атаулы әлеуметтік көмек алатын жас ана «Бизнес бастау» оқу курсын аяқтап, грант жеңімпазы атанды.

    − Белкөл кентіндегі жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін бұқаралық спортпен қамту мәселесі де алға қойылған. Бұл бағытта кентте
    3 спорттық жаттығу  және Бірқазан елді мекенінде 1 футбол алаңы  бар.  «Белкөл» спорт кешенінде кентіміздің 300-ге жуық жас спорттың
    7 түрімен (футбол, каратэ, бокс, джи-джитсу, еркін күрес, шахмат, үстел теннисі) машықтанып, түрлі халықаралық дәрежедегі жарыстардың биік тұғырларынан көрініп келеді және де Белкөл кенті жастары арасынан құрылған футбол командасы облыс көлеміндегі турнирлердің жеңімпазы атануда, − деп жетістіктерге бір шолып шықты
    Белкөл кентінің әкімі Жасұлан Сәду.

    Белкөл кенті клубының жанынан жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында 7 үйірме жұмыс жасап, 103  көркем өнерпаздармен қамтылған. 

    − Жыл көлемінде клуб жанынан құрылған үйірме мүшелері №1 арнаулы қызмет көрсету, қалалық мүгедектер қоғамы, Қызылорда облыстық оңалту орталығында, қалалық «Зағиптар» қоғамында, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитетінің №60 түзету мекемесінде қайырымдылық концертін ұйымдастырды. Алдағы уақытта да Сыр мәдениетінің өркендеуіне кент жастарының өз үлестерін қосатынына сеніммен айта аламын.

    Белкөл кентіндегі №189 орта мектебінде  Қызылорда ҚПБ қызметкерлерімен  қатысуымен «Құқық бұзушылықтың алдын алу», «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыбында 5 кездесу өтті. Кент жастарына құқық бұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін сақтау бағытында құқықтық түсіндіру, әдістемелік көмек беру, ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді.

    Белкөл кенті әкімдігі есірткі қылмысын алдын алу және граффити арқылы есірткі қылмысын жарнамалауды анықтау мақсатында өзінің әкімшілік аумағындағы  тұрғын үйлердің аулаларын аралау жұмыстарын жүргізді. Мақсаты − кенттегі жастарға есірткі заттарын тарату, жарнамалау, тұтынудың қылмыстық жауапкершілігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізу, − деді спикер.

    Қазіргі қоғамның даму үдерісі жастардың белсенділігімен, олардың әлеуметтік ортадағы орнын дұрыс айқындауымен тығыз байланысты. Жаһандану талаптары күннен-күнге өзгеріп, жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа қауіптерді де алға тартып отыр. Осындай кезеңде жас буынның өмірлік бағытын анықтайтын, олардың дамуына, өсіп-өнуіне, биіктерді бағындыра алуына жағдай жасайтын, қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру баршаға ортақ міндетке айналды. Әсіресе үлкен қалалардағы демографиялық қарқын, еңбек нарығының құбылуы, ақпараттың шексіздігі мен цифрлық кеңістіктің ықпалы жастар саясатына тың серпін беруді талап етеді.

    Қоғамның болашағына жауапты осы топтың қажеттілігін терең түсіну, оларды қолдау және бағыттау – тек мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, бүкіл өңірдің дамуына әсер ететін стратегиялық мәселе. Сол себепті жастардың қауіпсіздігі, олардың білім алып, еңбекке араласуы, бос уақытын тиімді өткізуі, мәдени әрі спорттық инфрақұрылымға қолжетімділігі – бүгінгі күн тәртібінде айрықша маңызға ие. Осы міндеттердің кешенді түрде шешілуі үшін түрлі сала мамандары, мемлекеттік орган өкілдері мен жергілікті атқарушы билік бірлесіп жұмыс жүргізіп келеді. Жастар ортасының өзгерісіне жедел ден қою, өзекті мәселелерді ашық талқылау және нақты шаралар қабылдау – бұл бағыттағы жұмыстың негізгі өзегі

    Қызылорда
    Previous ArticleҚызылордалық шебер: «Мақсатым –білгенімді оқушыларға үйрету, оларды өнер арқылы тәрбиелеу»
    Next Article Мобильді аударымдар: 2026 жылдан бастап кімнің шоты тексеріледі?
    Salemnews
    • Website
    • Facebook

    Ұқсас жазбалар

    Қызылжармадағы қарқынды даму: инфрақұрылымнан кәсіпкерлікке дейінгі өзгерістер

    27.07.2026

    Ғалымдар адам өмірінің биологиялық шегін анықтады

    27.07.2026

    Павлодар облысындағы көмір кенішінде жұмысшы қаза тапты

    26.07.2026
    Соңғы жаңалықтар

    Тоқаев ұсынған «таза көмір» технологиясы климат өзгерісіне қалай әсер етеді?

    23.06.202611 658 Views

    Сақтандыру: апаттан алымға дейін

    10.04.20257 623 Views

    CO₂: қазақстандық кәсіпорындар Париж келісімін сақтап отыр ма?

    19.12.20255 642 Views
    Әлеуметтік желілер
    • Facebook
    • WhatsApp
    • Instagram

    «SALEMNEWS.kz» ақпарат агенттігіне гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.
    18+

    Facebook X (Twitter) Instagram Pinterest
    • Басты бет
    • Жоба туралы
    • Сайтты қолдану ережесі
    • Байланыс
    © 2026 Salemnews.kz. Барлық құқықтар сақталған
    Яндекс.Метрика

    Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.