Редакция қаладағы көгалдандыру жұмыстарының қазіргі жағдайы мен алдағы жоспарлары туралы Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен ресми ақпарат сұратты. Ведомство ұсынған мәліметке сәйкес, өңірде жасыл желектерді жүйелеу, цифрландыру және күтіп-баптау бағытында ауқымды жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Қалада көгалдандыру бағытындағы жүйелі жұмыстар жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Соңғы жылдары жасыл аймақтарды кеңейту мен оларды тиімді басқаруға ерекше назар аударылып, 2025 жылы қаланың 2026–2031 жылдарға арналған дендрологиялық жоспары әзірленген. Осы жоспар аясында экологиялық инфрақұрылымды жаңғыртуға негіз қаланып отыр.
– Қаладағы 281 көше мен саябақ цифрландырылып, 113 456 ағаштың дерегі арнайы базаға енгізілген, – делінген Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ұсынған жауабында.
Көгалдандырудың келесі маңызды бағыты – өңірдің климаттық ерекшеліктеріне бейімделген ағаш түрлерін іріктеу және отырғызу. Бұл ретте қала аумағында катальпа, айлант, терек, шаған, үйеңкі және қарағаш секілді төзімді әрі жергілікті ортаға жақсы бейімделетін көшеттер отырғызылып жатыр.
Сонымен қатар ағаштарды күтіп-баптау, санитарлық кесу және бұтау жұмыстары бекітілген талаптарға сай жүргізіліп, мамандардың тұрақты бақылауымен жүйелендірілген. Егілген көшеттердің жерсіну көрсеткішін арттыру басты назарда. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі де оң динамиканы көрсетеді.
– Өткен жылдан бері отырғызылған 12 мың көшеттің 8 мыңы немесе 66 пайызы өсіп, көктеп тұр. Оларды күтіп-баптау автоматтандырылған суару жүйелері мен арнайы техникалардың көмегімен жүзеге асырылады. Бұған қоса қаладағы 98,6 шақырым арық желісінің 64,2 шақырымына аяқ су жеткізіліп, жасыл желектерді сумен қамтамасыз ету мүмкіндігі артқан, – делінген жауапты мекеменің ақпаратында.
Көгалдандыру көлемі жыл сайын артып келеді. Биылдың өзінде қала аумағында 25 мың түп ағаш көшетін отырғызу жоспарланса, кенттер мен ауылдық округтерде қосымша 6 450 түп көшет егу көзделген. Оның ішінде 5000 данасы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен жасыл белдеуге, 5000 дана тал көшеттерін демеушілікпен әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар аймақтарына, 8 950 дана тал көшеттері «KazStroyCapital» ЖШС-мен және 6 050 дана тал көшеттерін көгалдандыру мақсатындағы акциялар мен шаралар барысында орналастыру жоспарланған.
Сонымен қатар гүл отырғызу, көгал төсеу және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары кешенді түрде жалғасып жатыр. Көгалдандыру саясатының келесі кезеңіндегі бағыттардың бірі – жергілікті табиғи жағдайға толық бейімделген көшет қорын қалыптастыру. Осы мақсатта өңірде арнайы тұқымбақ жүйесін дамыту перспективасын қарастыру маңызды.
Бұл бастама қалаға қажетті көшеттерді жергілікті жерде өсіруге мүмкіндік беріп, жасыл желектердің сапасын арттырумен қатар, ұзақ мерзімді экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге жол ашары анық.
