Қала тұрғындары үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – жергілікті биліктің басты міндеттерінің бірі. Соңғы жылдары Қызылорда қаласында тұрғын үй аулаларын абаттандыру жұмыстары қарқын алып, әсіресе балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған ойын және спорт алаңдарының саны көбейіп келеді. Бастама балалардың қауіпсіз демалысына жағдай жасап қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында 20 жаңа ойын алаңы салынып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді. Жаңа нысандар балалардың жас ерекшеліктеріне сай заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, қауіпсіздік талаптары толық сақталған.
Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, абаттандыру жұмыстары мұнымен шектелмейді.
– Биыл тағы 27 жаңа ойын алаңының құрылысы басталды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Нысандардың сапалы салынуы және белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі бөлімнің тұрақты бақылауында, – дейді бөлім басшысы Айдын Серікұлы.
Жаңа ойын алаңдары тек қажеттілікке қарай емес, нақты жоспар негізінде бой көтеруде. Әрбір жоба алдымен жобалық-сметалық құжаттамамен әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Бұл құрылыс барысында барлық техникалық талаптар мен қауіпсіздік стандарттарының сақталуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жаңа алаңдардың орналасатын орындары да кездейсоқ таңдалмайды. Ең алдымен тұрғындардың өтініштері ескеріледі. Бұған қоса мамандар қала аумағындағы балалар алаңдарының техникалық жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, жаңғыртуды немесе жаңасын салуды қажет ететін аулаларды анықтайды. Осылайша нысандар кезең-кезеңімен жоспарға енгізіліп, жүйелі түрде салынып келеді.
Қала әкімдігі жаңа нысандарды салумен қатар, қолданыстағы алаңдарды күтіп ұстауға да ерекше көңіл бөліп отыр. Өйткені балалар алаңының қауіпсіздігі оның уақытылы жөнделуі мен тұрақты күтіміне тікелей байланысты.
Бүгінде қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында орналасқан балалар ойын алаңдары, воркаут аймақтары мен шағын футбол алаңдарына күнделікті техникалық қызмет көрсетіледі. Бұл жұмыстарды мердігер ұйым – «РеалСтройСнаб» ЖШС атқаруда. Мамандар ойын құрылғыларының жарамдылығын тексеріп, анықталған ақауларды қалпына келтіріп, аумақтардың санитарлық жағдайын бақылауда ұстайды.
Мұндай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қаладағы аулалар балалар үшін қауіпсіз әрі тартымды демалыс орнына айналып келеді. Ал жаңа ойын және спорт алаңдарының көбеюі тұрғындардың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттауға, балалардың белсенді демалуына және көршілер арасындағы қоғамдық байланысты нығайтуға оң әсерін тигізуде.
Алдағы уақытта да ойын алаңдарын кезең-кезеңімен көбейту, қолданыстағы нысандарды жаңғырту және олардың сапалы күтімін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасады.
