Блог

    Ақпараттық хабарлама: Құрылтай-2026 сайлауына Salemnews.kz сайтында үгіт материалдарын орналастыру шарттары

    Facebook X (Twitter) Instagram
    • Басты бет
    • Жаңалықтар
    • Мәселе
    • Жастар
    Facebook X (Twitter) Instagram
    SALEM NEWS
    Жаңалық жіберу
    SALEM NEWS
    Home»Жаңалықтар»Тасбөгет кентінің әкімі Айдын Тыныштықбай: «Әр жоба тұрғындардың сұранысына сай жүзеге асырылуда»
    Жаңалықтар

    Тасбөгет кентінің әкімі Айдын Тыныштықбай: «Әр жоба тұрғындардың сұранысына сай жүзеге асырылуда»

    SalemnewsSalemnews13.07.2026124 Mins Read
    Бөлісу
    Facebook Twitter Telegram WhatsApp

    Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кенті – халқы тығыз орналасқан елді мекендердің бірі. Соңғы жылдары мұнда коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту, жолдарды жөндеу, тұрғын үйлерді қалпына келтіру, газдандыру және абаттандыру бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері де күн тәртібінен түскен емес.

    Кентте атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы Тасбөгет кентінің әкімі Айдын Тыныштықбай баяндады.

    – Соңғы бір жылда Тасбөгет кентінде коммуналдық инфрақұрылымды дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылды?

    – Өткен жылы бұл жұмыстарға ерекше көңіл бөлінді. Бірнеше маңызды жоба жүзеге асырылып, тұрғындардың көптен бері көтеріп жүрген мәселелерін шешуге мүмкіндік туды.

    Соның бірі – кенттегі бейітті қоршау және аумағын тегістеу жұмыстары. Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша анықталған мердігер – «SM ORDA GROUP» ЖШС жұмысты толық аяқтады.

    Тұрғындарды толғандырған негізгі мәселелердің бірі – көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайы. Қазіргі таңда кентте 95 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 25-і апатты деп танылған. Өткен жылы Наурыз және Тасарық шағын аудандарындағы апатты емес, алайда шатырлары әбден тозған 10 тұрғын үйдің шатыры күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстарға қалалық бюджеттен қажетті қаражат қарастырылды.

    Сонымен қатар тағы 16 көпқабатты тұрғын үйдің шатырын жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Атап айтқанда, С.Сейфуллин көшесіндегі №23 және №8, Наурыз шағын ауданындағы №65, №19, №11А, №31, №31А, №40, Қ.Баймағанбетов көшесіндегі №7А, З.Шүкіров көшесіндегі №12 және №14, Наурыздағы №7, №20, №70, Әлия Молдағұлова көшесіндегі №39А және Ж.Махамбетов көшесіндегі №31 үйлердің тұрғындары бүгінде жаңартылған шатырдың игілігін көріп отыр.

    Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында тағы бір маңызды жоба – ұзындығы 2,7 шақырым болатын жылу құбырының құрылысы жүргізілді. Бұл жылумен қамту жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

    Бұдан бөлек, кенттің 15 көшесіне жаңа жарық шамдары орнатылды. Бұл жұмыстар З.Мәмбетов, С.Сейфуллин, Н.Өткелбаев, Ә.Жангелдин, А.Жанкин, Ж.Әбілқасымов, М.Абдраманов, Ж.Дүйсенов, С.Өтеуов, Т.Батыршаев, Е.Қосжанов, Юсупов, Жалғасбаев, Шажанбаев және Байдаулетов көшелерін қамтыды.

    Ал Сабалақ саяжайының тұрғындары көп жылдан бері көтеріп келген табиғи газ мәселесі де оң шешімін тапты. Газ желісін тартуға арналған үш кезеңнен тұратын жоба толық аяқталды. Жобаны «Сырэнергогазстрой» серіктестігі жүзеге асырды.

    Сабалақ тұрғындары үшін тағы бір маңызды жаңалық – ауыз су мәселесінің шешілуі. Облыстық және қалалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен жүзеге асқан жобаны «Авангард ПГС» ЖШС белгіленген мерзімде аяқтады.

    – Тұрғындар ең жиі көтеретін мәселелердің бірі – жол сапасы. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?

    – Биыл жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Облыстық бюджет есебінен қоғамдық көлік қатынайтын Абай Құнанбаев, Мұстафа Шоқай, Сейіт Олжабайұлы және Әбенов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда бұл көшелер толық пайдалануға берілді.

    Сонымен қатар кент көшелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Көше жарығы жүйесін күтіп ұстауға қаржы бөлініп, мердігер мекеме тиісті жұмыстарды жүргізуде.

    Жол қозғалысының қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта жол белгілері орнатылып, әлеуметтік нысандар орналасқан көшелерге жол таңбаларын сызу жоспарланған. Сондай-ақ қажетті орындарға жасанды жол кедергілері қойылып, жүргізушілердің жылдамдықты сақтауына жағдай жасалды. Бұған қоса кент аумағындағы қураған ағаштарды кесу және санитарлық тазалау жұмыстары да тұрақты жүргізіліп келеді.

    – Кенттің көркін жақсарту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

    – Абаттандыру мен көгалдандыру – тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін бағыттардың бірі. Сондықтан бұл жұмыстар жүйелі жалғасуда.

    Қалалық бюджет есебінен санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік сатып алу нәтижесінде анықталған мердігер мекеме күнделікті тазалық жұмыстарын атқаруда. Сонымен қатар тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығаруды қамтамасыз ету үшін Наурыз және Тасарық шағын аудандарына жаңадан 40 контейнерлік қоқыс жәшігі орнатылды.

    – Жастарды қолдау бағытында қандай жұмыстар қолға алынған?

    – Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – біздің тұрақты назарымыздағы мәселе. Бүгінде С. Майқанова атындағы Мәдениет үйінде тоғыз түрлі үйірме жұмыс істейді. Мұнда 35 қызметкер мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастырып, тұрғындарға қызмет көрсетеді.

    Кітап оқуға қызығушылықты арттыру мақсатында кенттегі №1 және №13 қалалық кітапханалар тұрақты жұмыс істеп келеді. Екі кітапхана қорында жалпы 120 мыңнан астам кітап сақталған. Қазіргі таңда олардың 5 мыңнан астам тұрақты оқырманы бар. Сонымен қатар балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін кентте екі өнер мектебі ашылған. Қазір бұл білім беру ұйымдарында 300-ден астам бала тегін білім алып, өнердің әртүрлі бағыттары бойынша білімін жетілдіруде.

    – Қоғамдық қауіпсіздік пен вандализмнің алдын алу бағытында қандай шаралар қабылданып жатыр?

    – Қоғамдық қауіпсіздік мәселесі де біздің басты назарымызда. Бүгінде кент аумағында 37 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Олар қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.

    Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторлары кент аумағында тұрақты түрде патрульдеу жұмыстарын жүргізіп, тұрғындармен профилактикалық түсіндіру кездесулерін өткізеді. Мұндай жұмыстардың мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алып қана қоймай, тұрғындардың қоғамдық тәртіпке деген жауапкершілігін арттыру.

    – Жалпы, Тасбөгеттің алдағы дамуына қатысты қандай басымдықтар бар?

    – Біздің негізгі мақсатымыз – тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Сондықтан алдағы уақытта да инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, жолдардың сапасын жақсарту, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын жалғастыру, сондай-ақ әлеуметтік нысандардың жұмысын жетілдіру басты назарда болады. Әрбір жоба тұрғындардың ұсынысы мен қажеттілігі ескеріліп жүзеге асырылады. Өйткені халықтың тұрмыс сапасын арттыру – біздің басты міндетіміз.

    – Сұхбатыңызға рахмет!

    Қамысқала Қызылорда Тасбөгет кенті халық
    Previous ArticleПрезидент Райымбек ауданының тұрғындарын 90 жылдық мерейтойымен құттықтады
    Next Article Бүлік пен білім арасы: Сирияға аттанбақ болған бұрынғы әскери барлаушының ашық сыры
    Salemnews
    • Website
    • Facebook

    Ұқсас жазбалар

    Қызылжармадағы қарқынды даму: инфрақұрылымнан кәсіпкерлікке дейінгі өзгерістер

    27.07.2026

    Ғалымдар адам өмірінің биологиялық шегін анықтады

    27.07.2026

    Павлодар облысындағы көмір кенішінде жұмысшы қаза тапты

    26.07.2026
    Соңғы жаңалықтар

    Тоқаев ұсынған «таза көмір» технологиясы климат өзгерісіне қалай әсер етеді?

    23.06.202611 658 Views

    Сақтандыру: апаттан алымға дейін

    10.04.20257 623 Views

    CO₂: қазақстандық кәсіпорындар Париж келісімін сақтап отыр ма?

    19.12.20255 642 Views
    Әлеуметтік желілер
    • Facebook
    • WhatsApp
    • Instagram

    «SALEMNEWS.kz» ақпарат агенттігіне гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.
    18+

    Facebook X (Twitter) Instagram Pinterest
    • Басты бет
    • Жоба туралы
    • Сайтты қолдану ережесі
    • Байланыс
    © 2026 Salemnews.kz. Барлық құқықтар сақталған
    Яндекс.Метрика

    Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.