Блог
    Facebook X (Twitter) Instagram
    • Басты бет
    • Жаңалықтар
    • Мәселе
    • Жастар
    Facebook X (Twitter) Instagram
    SALEM NEWS
    Жаңалық жіберу
    SALEM NEWS
    Home»Жаңалықтар»«Бала бойындағы шығармашылық қабілет маңызды»: Мағжан Қанатұлы, Оқушылар сарайы директорының міндетін атқарушы
    Жаңалықтар

    «Бала бойындағы шығармашылық қабілет маңызды»: Мағжан Қанатұлы, Оқушылар сарайы директорының міндетін атқарушы

    SalemnewsSalemnews07.07.2025297 Mins Read
    Бөлісу
    Facebook Twitter Telegram WhatsApp

    Қызылорда қаласындағы білім беру мен тәрбие жүйесінде елеулі бастамалар қолға алынып жатқаны жасырын емес. Әсіресе, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы аяқалыс алабөтен. Оның ішінде балалардың бар өнерін паш етіп, талантын тануға мүмкіндік беретін Оқушылар сарайы сапалы жұмыс істеуде. Осы орайда Оқушылар сарайының директоры Мағжан Қанатұлымен тілдесіп, бүгінгі нәтиже мен болашақ мақсаттарды білдік.

    – Мағжан Қанатұлы, халық Оқушылар сарайы ашылғанын білсе де мұндағы бағыттан хабарсыз. Жалпы мекеменің міндеті-бедеріне не кіреді?

    – Оқушылар сарайы – жалпы білім беру саласында қосымша білім беру ұйымы. Яғни, оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануға көмектесеміз. Оның ішінде, шығармашылыққа баулу, қоғамдық жұмыстарға үйрету, белсенді өмір салтын қалыптастыруға ықпал жасауға атсалысамыз десек болады. Сарайда домбыра, хореография, бейнелеу, үй шаруашылығы өнері, архитектура және дизайн, қолөнер үйірмелері жұмыс жасайды. Вокал, түрлі аспаптар, дыбыс жазу студиясы бар. IT бағытта робототехника, бағдарламалау, 2d, 3d модельдеу үйірмелерін де кездестіресіз. Жаратылыстану бағытында биология және экология, химия зертханасы, физика пәні бойынша жаңартылған энергия көздерін будандастыру, баламалы энергия көздері зертханасы сынды үйірмелерде оқушылар білім алуда. Одан бөлек, ата-аналар тарапынан сұранысқа сай ағылшын тілі курсын аштық. Сондай-ақ, жертөле қабатына спорттық үйірмелер, оның ішінде тоғызқұмалақ, асық, бес тас, садақ ату сынды ұлттық ойындар үйірмелерін ашу жоспарда бар.

    Жалпы Мемлекет басшысы өз  жолдауында оқушылардың шығармашылығы мен қосымша білім беру саласын арттыруға тапсырма берген болатын. Соның аясында облыс әкімінің қолдауымен әрі «Қазгермұнай» серіктестігінің демеушілігімен өткен жылдың 1 қазанында 350 орындық Оқушылар сарайы ашылды. Жалпы құны 2,37 млрд теңгені құрайтын заманауи кешенде оқушылар қабілеттеріне қарай кез келген үйірмеде білімін дамыта алады. Сонымен қатар, маусым айында жазғы лагерь жұмыс жасады.

    Айта кетерлігі, аулада жылыжай орналасқан, ойын алаңдары, амфитеатр бар. Ата-аналар баласын күтіп отырғанда уақытын тиімді өткізетін медиатека бар. Оқушылар үйірмелердің қай түрін таңдаймыз десе де, барлық жағдай жасалған. Бір мезетте 350 оқушыны қабылдай аламыз.

    – Қандай үйірмелерге оқушылар көп қызығушылық танытады?

    – Балалар арасында би үйірмесі танымал. Себебі, үйірме жетекшісі – қалаға белгілі хореограф, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Екі айдың ішінде балаларды кәсіби деңгейге жеткіземін  деген сөзінде тұрды. Нәтижесінде қазан айынан желтоқсан айына дейін балалар облыс әкімінің шыршасында өнер көрсетуге дайын болды. Екі номерде өнер көрсетіп, сыйлықтар алды. Осы балалардың жетістігін көріп, басқа ата-аналар естіп, көптеп келе бастады. Хореографияға қыздар да, ер балаларда қызығушылық танытуда.

    Робототехника, бағдарламалау, домбыра үйірмелері сұраныста. Биылғы оқу жылында педагогтар әр үйірмеде 60 баламен жұмыс жасауда. Алдағы оқу жылында бала санын 90-ға жеткізуді көздейміз. Себебі, осындай заманауи жасақталған кешенде мүмкіндігінше көп балаға білім берілуі керек.

    Айта кетерлігі, іште телестудия үйірмесі жұмыс істеуде. Журналистика саласында мықты маман жасап шығармасақ та, алғашқы қадамға бағыт-бағдар берудеміз. Мәселен, «Күндерек» деген бағдарлама арқылы оқушылар бүгін тарихта қандай оқиғалар болғанын видеоға түсіріп, камера алдында сөйлеуді үйренеді. Монтаж жұмысын да өздері жасайды. Үйірме жетекшісі ынтасы бар балаларды іріктеп, алдағы уақытта білім саласының басшылармен подкаст түсіруді қолға алып жатыр. «Жаңа Live» жазғы лагерімізде балалар өздері сұқбат алып, видео түсіреді.

    – Шығармашылық, ғылыми бағыттағы үйірмелер түсінікті. Жаңа айтып өткен үй шаруашылығы үйірмесі қызық болып отыр. Осы үйірме туралы толығырақ айтып кетсеңіз?

    – Үй шаруашылығы үйірмесі – қазіргі балаларға арналған өте қызықты үйірме. Өзіңіз білесіз, ата-ана азаннан кешке дейін жұмыста. Балалар телефонға байланып отыра бермей, ұл болсын, қыз болсын үй шаруашылығына көмектесіп, жұмыс жасауы керек. Бұл үйірмеде қасықтың қалай тұратынынан, тамақтың қалай жасалатынына дейін үйретеді. Ас үй жабдықтары ғана емес, тазалыққа қажет заттар да бар. Мейрамханадағыдай ыдыстар қамтылған және сол әдемі ыдыстармен дастархан жайып үйренеді.

    Орталыққа келген қонақтарымыз үй шаруашылығы үйірмесіне міндетті түрде соғып, дәм ауыз тиіп кетеді. Үйірмеге сұраныс өте жоғары. Себебі, әрбір салат, жеңіл тағам дайындағанда арнайы рецептпен, құрамын есептеп жасайды. Ата-аналар жұмыстан келіп, асығып кешкі асты даярлап жатқанда балалар қолғабыс ете алады.

    – Үйірмелерге бала қабылдау қалай жүргізіледі?

    – Міндетті түрде оқушының қабілетіне қарап, ата-анасымен сөйлесіп қабылдаймыз. Мысалы, домбыра, вокал үйірмесіне келген балада есту қабілеті (слух) болуы керек. Мұндай қабілетсіз әдістеме де, практика да нәтиже бермейді. Оның үстіне аз да болса қабілеті болмаған баланы жетелеу қиын, басқа балаларға көңіл бөлінбей қалады. Сондықтан баланың бойында таланты, қызығушылығы болмаса, ата-ана жетелеп әкелгенімен нәтиже болмайды. Ал басқа ғылыми бағыттағы робототехника, бағдарламалау секілді үйірмелерді кез келген бала алып кете алады. Өйткені, заманауи, ІТ технология, смарт жобалармен жұмыс жасағаннан кейін балалар бірден түсініп кетеді.

    – Заманауи технологиялар, цифрлық платформаларды қаншалықты қолданасыздар?

    – Цифрлық платформа дегенде сайт есімізге түседі. Оқушылар аз ғана уақытта бағдарламалау үйірмесінің жетекшісімен бірлесе мекеме сайтын жасап шықты. Робототехника үйірмесінде легомен құрастырып оның қозғалтқыш бағыттарын іске қосу үшін компьютермен арнайы бағдарлама жасады. Телестудия үйірмесінде монтаждау осы цифрлық бағдарламалар арқылы жасалады.

    Одан бөлек, дрон үйірмесінде дронның жылдамдығын бәсеңдету, көтеру, оңға-солға бұру сынды жұмыстарды арнайы бағдарламамен жасайды. Жасанды интеллект, 2d, 3d принтерімізді арнайы нұсқаумен іске қосады. Сонымен қатар, оқушылар жаратылыстану пәндеріне өткен сабақтарын пысықтау үшін Kahoot бағдарламасымен тапсырмалар құрастырады. Ал дыбыс жазу студиясында Suno бағдарламасын пайдаланды.

    Одан бөлек, сабақ кестесі, оқу процесі, үйірмелердің жұмыстары ата-аналарға цифрлық жүйеде көрсетіліп тұрады. Өздері үйірмелерді ашып көреді, педагогтардың, жетекшілердің ақпаратын көруіне мүмкіндік бар.

    – Оқытушылар құрамын жасақтау қалай жүргізіледі? Ұстаздарға қойылатын талап қандай?

    – Оқушылар сарайында 48 маман жұмыс істейді. Оның 20-сы педагог. Барлығы конкурс арқылы қабылданды. Қазіргі таңда, ұстаздарымыз талапқа сай жұмыс жасауда. Себебі, мектепте бір сыныпта 25 оқушы болса, сіз сол сыныпқа жауапты боласыз. Ал бұл жерде жүйе басқа. Заңдылықтарға сәйкес, функционалдық міндетіне жүктелген 60 оқушыға жауапты. Кесте бойынша әр топқа 10-12 оқушыдан қабылдайды.

    Педагогтарымыз – модератор, сарапшы, зерттеуші санатындағы тәжірбелі мамандар. Мекеменің ең басты талабы – еңбек кодексін дұрыс орындау, әдеп сақтау, оқушылардың толық қатысуы және үйірме сағатын уақытылы жүргізу. Одан бөлек ішкі қажеттіліктерге байланысты басқа талаптар қойылады.

    Ұстаздар құрамы өте білікті. Мысалы, бағдарламалау үйірмесінің жетекшісі Бағдат Қыдырбеков – жаратылыстану ғылымдарының магистрі, «Үздік жас ғалым – 2020», «Сыр үміті» жастар сыйлығының иегері. Қазіргі таңда оның оқушылары авторлық «Ежелгі қазақ жеріне виртуалды саяхат» бағдарламасын әзірлеп, облыстық INNOFEST байқауында бас жүлде иегері атанды. Ал робототехника үйірмесі жетекшісі Бейбарыс Раушанбек – педагог-модератор, «Казроботикс» республикалық робототехника федерациясының мүшесі. Қалалық, облыстық робототехника жарыстарының үздіксіз төрешісі атанған.

    – Жетекшілердің елеулі еңбегі мен тәжірибесі еш кетпейтіні анық. Оқушылар жетістігі қай деңгейде?

    – Жақында Ұлттық домбыра күніне орай өткен шарада А.Тоқмағанбетов театрында 10 оқушымыз өнер көрсетті. Шығармашылық жағында түрлі жарыстар көп, қатысушылар да көп. №514 бұйрыққа сәйкес педагогтардың портфолиосына жарайтын сайыстар және қарапайым байқаулар деп бөлінеді.

    Халықаралық көп жанрлы шығармашылық және өнер байқауында Оқушылар сарайы  І дәрежелі лауреат атанды. Бишілеріміз облыстық сайыстан жеңімпаз атанып, Дубай қаласында өтетін жарысқа жолдама алған болатын.

    Мәселен, республикалық сайыста Мұстафа Жүсіпов «Аспаптың өнер» номинциясы бойынша жеңімпаз атанса, Нұрханым Нұржан «Вокал» номинациясы бойынша ІІ орын иеленген. «Тәуелсіздік Жұлдыздары» атты байқауында Раяна Жунитова мен Нұрханым Нұржан бас жүлде иегері атанса, Өрікбаевтар отбасы І орынды қанжығасына байлады.

    «Kyzylorda  fest» халықаралық байқаудан Оқушылар сарайының оқушылары – Санжар Ғабитұлы бас жүлде, Кәусар Ғабитқызы І орынды иеленді. XXVII республикалық «TANM ART» өнер байқауында домбыра үйірмесінің оқушылары – Әділет Бахыт,  Әлинұр Нұрғазыұлы, Әділомар Нажмадин жеңімпаз атанып, қаржылай сыйлық алды. Жетекшісі – Ләззат Қалибек.

    Сонымен қатар, жақында дрон үйірмесімен бірлесіп облыстық ауқымда байқау өткіздік. Астана қаласынан робототехника академиясынан мамандар, «ҚазРоб» роботтар шығаратын зауыт өкілдері келді. Осы байқауда жеңіске жеткен оқушыларымыздан облыстық құрама жасақтадық. Олар түрлі байқауға қатысып, жетістікке жетіп жатыр. Аз уақытың ішінде жетістікке жетуіміз педагог мамандардың ізденісі мен талмай еңбектенуінің арқасы деп білемін.

    – Алдағы жоспар туралы ой бөліссеңіз…

    – Қазіргі таңда Жастар орталығымен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Сонымен қатар, мектеп басшыларымен алдағы уақытта физика бағытында ғылыми жобалар жасау бойынша келісім жасалды. Келер оқу жылында Қорқыт ата атындағы университеттің биология факультетінде Қосанов Самалбек ағаймен бірлесе гидропоника және аквапоника кабинетіндегі жабдықтардың басқа да үлгілерін жасағымыз келіп отыр.

    «Болашақ» университеті мен Қорқыт ата атындағы ЖОО декандарымен ақылдасып жылыжай жұмысын бастадық. Қазір алғашқы жемістерін байқап және келесі егін науқанына дайындық үстіндеміз. Маңыздысы, оқушылар жылыжайдағы жеміс-жидек, көкөністерді үй шаруашылығы үйірмесінде пайдаланады.

    Жоғарыда атап кеткендей, жертөле қабатын тиімді жасақтау жоспары бар. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұлттық ойындар үйірмелерін құрып, кітапхана жасақтау жоспарлануда.

    Ағылшын тілі курсын дамыту  – басты мақсатымыз. Себебі тілдер курсы көп жерде ақылы түрде үйретеді. Көп ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Соны негізге алып, осы курсты бастағымыз келіп отыр.

    – Әңгімеңізге көп рақмет!

    Сұхбаттасқан Сымбат Оразбекова

    Қызылорда Оқушылар сарайы сұхбат
    Previous ArticleАлматы облысында баланы қағып, қашып кеткен жүргізуші ұсталды
    Next Article «Дастарханның үстінде»: Ұлының тұсауын кескен Төреғали Төреәлі сынға қалды
    Salemnews
    • Website
    • Facebook

    Ұқсас жазбалар

    Астанадағы өрттен қаза тапқан үш баланың анасы есін жиды

    17.04.2026

    Өзбекстанда Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған кеш өтті

    17.04.2026

    Баян Алагөзоваға «Қыз Жібек» фильміндегі кейіпкердің камзолы сыйға берілді

    17.04.2026
    Соңғы жаңалықтар

    Сақтандыру: апаттан алымға дейін

    10.04.20257 615 Views

    CO₂: қазақстандық кәсіпорындар Париж келісімін сақтап отыр ма?

    19.12.20255 631 Views

    Карбоновое земледелие: выход ли для климатических проблем Казахстана?

    17.12.20255 469 Views
    Әлеуметтік желілер
    • Facebook
    • WhatsApp
    • Instagram

    «SALEMNEWS.kz» ақпарат агенттігіне гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.
    18+

    Facebook X (Twitter) Instagram Pinterest
    • Басты бет
    • Жоба туралы
    • Сайтты қолдану ережесі
    • Байланыс
    © 2026 Salemnews.kz. Барлық құқықтар сақталған
    Яндекс.Метрика

    Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.