Бүгінде Қызылордада коммуналдық қызметтер үшін енгізілген бірыңғай төлем құжатына қатысты сұрақ көбейген. Осыған байланысты редакция бірыңғай төлем құжатының қалай қалыптасатынын және «АЛСЕКО» АҚ-ның бұл жүйедегі рөлін тарқатты.
Бірыңғай төлем құжатын енгізу жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің өңірлерінде кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Қызылордада бұл жүйе 2026 жылдың қаңтарынан іске қосылды. Енді электр энергиясы, жылу, ауызсу, кәріз және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметтері бойынша төлемдер бір дербес шотқа біріктіріліп, тұрғындарға ортақ құжат түрінде ұсынылады.
Жаңа жүйеге «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы», «Қызылорда жылу-электр орталығы», «Қызылорда су жүйесі» және «Қызылорда тазалығы» коммуналдық кәсіпорындары қатысады. Яғни бұрын бөлек көрсетілген бірнеше қызметтің есептеулері енді бір төлем құжатының ішінде беріледі.
Осы жерде тұрғындар арасында ең көп туындаған сұрақтың бірі – төлем сомасын кім есептейді деген мәселе. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаинның айтуынша, «АЛСЕКО» АҚ-ның негізгі міндеті – әр қызметтің ақысын белгілеу емес, дайын есептеулерді бір жүйеге жинақтау.
– Осы ретте тұрғындар арасында төлем құжаттарының сомаларының қалыптасуына қатысты түрлі сұрақтар туындауда. Осыған байланысты маңызды бір мәселені атап өткім келеді. «АЛСЕКО» АҚ коммуналдық қызметтерді есептемейді, тарифті белгілемейді және тұтынушылардың төлемақыларын өз бетінше өзгертуге немесе қосымша сома қосуға мүмкіндігі жоқ, – деді Медет Усаин.
Коммуналдық қызметтердің әрқайсысы бойынша есепті тиісті жеткізуші мекеме жүргізеді. Мысалы, тұтынушының бір айда жұмсаған электр энергиясы, суы немесе жылуы есептеуіш көрсеткіштері мен белгіленген тариф негізінде есептеледі. Дайын мәліметтер кейін «АЛСЕКО»-ның ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Компания осы есептеулерді бір құжатқа біріктіріп, тұрғынға ұсынады.

Сондықтан бірыңғай төлем құжатындағы белгілі бір сомаға қатысты сұрақ туындаған жағдайда, мәселенің қай қызметке тиесілі екенін ажырату маңызды. «АЛСЕКО» есептеуді жүргізбейтіндіктен, тарифті өзгертуге немесе құжатқа өз бетінше қосымша төлем енгізуге құқығы жоқ. Тұрғындардан түскен қаражат та тиісті коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындардың есепшоттарына бағытталады.
Медет Усаинның сөзінше, «АЛСЕКО»-ның тұрғындардан коммуналдық қызметтер үшін түскен қаражаттан бөлек ақы алуы қарастырылмаған. Компанияның міндеті – бірнеше мекемеден келетін есептеулерді бір жерге жинақтап, төлемді бір құжат арқылы жасауға мүмкіндік беру.
– «АЛСЕКО» тұрғындардан коммуналдық қызметтер үшін түскен ақшадан қосымша ақы алмайды. Яғни, мекеме тұрғындардың тұтынған электр энергиясы, су, жылу, кәріз және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметтері үшін есептелген төлемдерді жинақтап, бір төлем құжатына қосып беретін есептеу-ақпараттық орталығы ретінде қызмет атқарады, – деді Медет Усаин.
Бірыңғай құжатқа қатысты тағы бір сауал – не себепті дәл осы «АЛСЕКО» компаниясы таңдалды деген мәселе. Бұл шешім мемлекеттік сатып алу рәсімі арқылы анықталған.
Басқарма басшысының түсіндіруінше, бірыңғай есептеу-ақпараттық орталығының қызметін көрсететін ұйым мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша белгіленеді. Яғни талаптарға сай баға ұсынысын берген және конкурс жеңімпазы атанған компания қызмет көрсетеді. Қызылорда облысында бұл міндет «АЛСЕКО» АҚ-ға жүктелген.
Компанияның өзі де бірыңғай төлем құжатының енгізілуі бір күнде жүзеге аспағанын атап өтті. «АЛСЕКО» АҚ коммерциялық директоры Алексей Бозжановтың айтуынша, жүйе 2026 жылдың қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіліп, бастапқы кезеңде қағаз және электронды нұсқалар қатар қарастырылған.
– Бастапқыда заңнама талаптарына сәйкес, үш ай бойы қағаз түріндегі шоттарды жеткізіп, кейін толықтай электронды шотқа көшу жоспарланған еді. Алайда тұрғындар үшін қағаз шот арқылы төлем жасау әлі де ыңғайлы әрі қалыптасқан тәсіл болғандықтан, қағаз шоттарды басып шығару және жеткізу мерзімін тағы үш айға ұзарту туралы шешім қабылданды. Осылайша, қаңтардан маусым айын қоса алғанда, Қызылорда облысының тұрғындары үшін бірыңғай төлем құжатын қалыптастырып, басып шығарып, мекенжайларға жеткіздік, – деді ол.
Шілде айынан бастап облыста толықтай электронды төлем құжатына көшу жүзеге асырылды. Бұған дейін, маусым айында «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның Kaspi қосымшасындағы тікелей төлем қызметі тоқтатылған. Бұл өзгеріс төлемдердің бірыңғай жүйе арқылы өтуін қамтамасыз ету мақсатында жасалған.
Қазіргі таңда ірі коммуналдық жеткізушілер бойынша төлемдердің шамамен 85 пайызы бірыңғай төлем құжаты арқылы жүргізіледі. Ал «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ бойынша тікелей төлемдердің үлесі 7 пайызды құрайды. Қалған 93 пайыз төлем бірыңғай құжат арқылы өтеді.

Төлем жасау тәртібі өзгергенімен, тұрғындардың бұрынғы төлем тарихы сақталады. Сонымен бірге азаматтарға шоттарын бақылауға мүмкіндік беретін «ALSECO Smart ЖКХ» мобильді және веб-қосымшасы жұмыс істейді. Ол арқылы ұсынылған төлем құжаттарын, төлемдердің тарихын және қажетті қызметтердің байланыс нөмірлерін көруге болады.
Дегенмен жаңа жүйенің енгізілуімен бірге техникалық сипаттағы түсініспеушіліктер де болуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, кей жағдайда мәселе «АЛСЕКО»-ның өзіне емес, есептеуіш көрсеткіштерін немесе тұтынушы деректерін жүйеге енгізетін қызмет көрсетуші мекемелерге байланысты туындауы ықтимал. Мәселен, есептеуіш көрсеткішін тіркеу кезінде мекенжай деректерінің қате енгізілуі есептеуге әсер етуі мүмкін.
Сондықтан тұрғындарға бірыңғай төлем құжатын алған кезде оның әр жолын мұқият тексеру ұсынылады. Егер көрсетілген сомаға немесе есептеуге күмән болса, алдымен қай коммуналдық қызметке қатысты мәселе туындағанын анықтап, сол қызметті көрсететін мекемеге жүгінген жөн.
Ал артық төлем анықталған жағдайда, оны келесі айдың төлеміне есептеу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл үшін тұрғынның төлем құжаты мен есептеулерін нақтылап, тиісті қызмет көрсетуші ұйымға хабарласуы қажет.
