Блог

    Ақпараттық хабарлама: Құрылтай-2026 сайлауына Salemnews.kz сайтында үгіт материалдарын орналастыру шарттары

    Facebook X (Twitter) Instagram
    • Басты бет
    • Жаңалықтар
    • Мәселе
    • Жастар
    Facebook X (Twitter) Instagram
    SALEM NEWS
    Жаңалық жіберу
    SALEM NEWS
    Home»Жаңалықтар»Құба түздегі күн нұры: күн панельдері қуаңшылықтан қалай құтқаруда?
    Жаңалықтар

    Құба түздегі күн нұры: күн панельдері қуаңшылықтан қалай құтқаруда?

    SalemnewsSalemnews19.11.20262 01812 Mins Read
    Бөлісу
    Facebook Twitter Telegram WhatsApp

    Кейінгі жылдары Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласында жаңартылатын энергия көздерін енгізу, әсіресе шалғай аймақтардағы шаруа қожалықтарын күн панельдерімен жабдықтау қарқын алды. Сарапшылардың айтуынша, бұған климат өзгерісі мен энергетикалық инфрақұрылымдағы олқылық ықпал етіп отыр. Елдегі шаруалар жаңа жағдайға дайын ба, жаңартылған энергия көзі климат өзгерісіне бейімделуге қалай көмектеседі? Талдап көрейік.

    Күн панелі электр тапшылығын шешеді

    Абай облысындағы «Дәурен» шаруа қожалығы аудан орталығынан 60 шақырымға жуық шалғай жатыр. Шаруашылықтың жайылым аумағы 1 550 гектарға жуық, мұнда 802 бас асыл тұқымды ірі қара өсіріледі. Шаруашылық иесі Нұртуған Манаптың айтуынша, кейінгі жылдары климат өзгерісінің әсері ауыл шаруашылығына әсер еткен. Әсіресе су тапшылығы, жайылым көлемінің азаюы жылдан-жылға күрделеніп келеді.
    Бұл қатарға электр энергиясы мәселесі де қосылып отыр. Өйткені аудан орталығынан алыс орналасқан нысан электр энергиясын жеткілікті көлемде ала алмайды әрі жыл сайын сұраныс көлемі де артқан.
    Сондықтан фермер жаңартылатын қуат көздеріне көшуді бастапты. Қазір мұнда күн энергиясымен жұмыс істейтін су шығару жүйесі орналастырылған. Күн панельдерінен қуат алатын сорғы күн шыққанда автоматты түрде іске қосылып, тереңдегі суды тартады. Соның арқасында жайылымдағы мал күні бойы минералға бай таза сумен қамтамасыз етіледі. Нұртуған Манаптың сөзінше, мұндай суды ішкен төрт түліктің күйі жақсы, денсаулығы мықты, еті дәмді болады.
    Бұл – бір ғана шаруаның басындағы оқиға емес. Бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жүздеген шаруа қожалықтары дәл осындай климаттық және энергетикалық сынақпен бетпе-бет келіп отыр. Жаһандық жылыну мен су тапшылығы күшейген тұста, жасыл энергетика өңірлердің климатқа бейімделудің басты құралына айналды.
    «Қазгидромет» деректері бойынша, 2026 жылдың жазында Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында қатты аптап ыстық пен қуаңшылық тіркелді. Орталық Азия климаттық қорының дерегінше, жаһандық температураның көтерілуі тәуліктік және маусымдық температураның күрт ауытқуына, құрғақшылық пен өсімдік ауруларының көбеюіне әкелуде.

    Автор: Қуат Сәден

    Қазақстанда қанша шаруа қожалығы бар?

    Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда барлық елді мекен электр энергиясымен толық қамтамасыз етілген. Алайда орталықтандырылған электр желісіне қосылмаған шалғайдағы шаруа қожалықтары мен қыстаулар бойынша бірыңғай нақты ресми статистика жоқ.
    Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы ауыл шаруашылығы құралымдарының саны 42%-ға – 204 мыңнан 290 мыңға дейін өсті. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының саны екі еседен астам – 9,5 мыңнан 21 мыңға дейін, ал шаруа қожалықтары мен фермерлік қожалықтар және жеке кәсіпкерлер – 194 мыңнан 269 мыңға дейін артқан.
    Ұлттық статистика дерегінше, елде:
    9 млн бас – ірі қара мал;
    23,6 млн бас – қой мен ешкі;
    4,7 млн бас – жылқы;
    311 мың бас – түйе бар.
    Егіс алқабы да қомақты: 23,2 млн гектарға дейін жетті. Соңғы жылдары Қазақстанның аграрлық секторы климаттың құбылмалы мінезін айқын сезініп келеді. Егер 2025 жылы елімізде қолайлы ауа райы мен агротехнологиялардың арқасында 27,1 миллион тонна астық жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілсе, 2026 жылғы маусым ауыл шаруашылығы үшін нағыз сынаққа айналды.
    Алайда бейімделудің басты тетігі — суару жүйелері мен заманауи агротехнологияларды енгізу үшін тұрақты электр энергиясы қажет. Ал орталық электр желілерінен шалғай жатқан жайылымдар мен қыстақтарда бұл мәселе әлі күнге дейін өзекті.

    Автор: Қуат Сәден

    Қазақстанда күн панельдері өндіріле бастады

    2025 жылдың қорытындысы бойынша ЖЭК 8,62 миллиард кВт/сағ электр энергиясын өндірді, бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 13,7%-ға артық. Энергетика министрлігінің деректері бойынша, елдегі жалпы электр энергиясын өндіру көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 7%-ға жеткен. Өткен жылдың соңында жаңартылатын энергия нысандарының жалпы орнатылған қуаты 3537 МВт болды.
    Ең үлкен үлесті жел энергетикасы қосқан: 1909 МВт, одан кейін күн электр станциялары (1313 МВт) және шағын гидроэлектр станциялары (шамамен 314 МВт) тұр. Ал биоэнергетикалық қондырғылардың қуаты – 1,77 МВт.
    Сондай-ақ электр энергиясын өндірудің басым денін жел энергиясы құраған: жел электр станциялары 5,38 миллиард кВт/сағат өндіріпті. Күн электр станциялары 2,04 миллиард кВт/сағат, шағын гидроэлектр станциялары – 1,2 миллиард кВт/сағат, ал биоэлектр станциялары – 2,8 миллион кВт/сағат шамасында электр энергиясын шығарды.
    Оған қоса 2026 жылы жалпы қуаты 245 МВт болатын тағы 10 жаңа ЖЭК нысанын іске қосу жоспарланып, оның басым бөлігі пайдалануға берілген.
    Дегенмен аталған электр энергиясы орталық инфрақұрлымға қосылған қожалықтар мен шаруашылықтарды электрмен қамтуға керек. Ал электр қуаты жеткіліксіз әрі өндірісі қарқын алған шаруашылықтар әлі де тапшылық көріп отыр.

    Автор: Қуат Сәден

    Мәселені шешу үшін көбі қайтадан күн панельдеріне жүгінеді. Шағын шаруалар ғана емес, ірі шаруашылықтар да күн панельдерін жүйелі дамытуға мүдделі. Мысалы, қызылордалық «Абзал и К» компаниясы қажетті электр энергиясының бір бөлігін күн панелінен алады.
    Компания соңғы жылдары өндірісті жаңғыртуға, заманауи технологияларды енгізуге және энергия ресурстарын тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөліп келеді. Соның бір бағыты – күн энергиясын пайдалану.
    Қазіргі таңда мұндағы өндірістік нысандар мен кеңсе ғимараттарында күн электр станциялары орнатылған. Атап айтқанда, негізгі өндірістік нысанда қуаты 500 кВт, ал кеңсе ғимаратында шамамен 80 кВт болатын күн электр станциялары жұмыс істейді. Бұл – ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпорын үшін айтарлықтай көрсеткіш.
    «Абзал және К» компаниясының коммерциялық директоры Сағидулла Сыздықов күн панелін орнатудың басты артықшылықтарын атады.
    – Ең алдымен, электр энергиясына жұмсалатын шығындарды азайтуға мүмкіндік берді. Біздің кәсіпорында бірнеше өндірістік нысан бар. Онда көптеген электр қозғалтқыш, желдеткіш, конвейер, кептіру және өңдеу жабдықтары жұмыс істейді. Мұның барлығы үлкен көлемде электр энергиясын қажет етеді.
    Екіншіден, күн электр станцияларын орнату арқылы энергияны тиімді пайдалану мәселесіне бұрынғыдан да тереңірек көңіл бөле бастадық. Қазір әр нысанның қанша электр энергиясын тұтынатынын, күн панельдерінің қанша энергия өндіретінін және қандай факторлар олардың тиімділігіне әсер ететінін тұрақты бақылап отырамыз.
    Үшіншіден, бұл экологиялық тұрғыдан да маңызды. Күн энергиясы – жаңартылатын, экологиялық таза энергия көзі. Біз өндіріс көлемін арттыра отырып, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға да үлес қосқымыз келеді, – дейді «Абзал және К» компаниясының коммерциялық директоры Сағидулла Сыздықов.

    Жалпы Қазақстанда күн панельдерінің 70-75%-ы мал шаруашылығы бағытында қолданылады. Шалғайдағы жайылымдарды суару үшін мемлекеттік инвестициялық субсидиялау аясында жүздеген автономды күн сорғы кешені орнатылған. Олар негізінен Ақтөбе, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарындағы мал отарларын сумен қамтып отыр.

    «Абзал и К» шаруашылғындағы күн панельдері. Фото авторы: Н.Нұржаубай

    Нетто-тұтынушы мәртебесі: қолдау ма, қолбайлау ма?

    Қазақстан бойынша цифрлық және жасыл технологияларды енгізген агрокәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының жалпы саны 650-ден асады. Көбінде күн панельдері бар. Шаруалардың айтуынша, бірнеше жыл бұрын күн панельдерін ҚХР-дан алдыратын болса, енді Қазақстанда да күн панельдерінің өндірісі қарқын алған.
    Мәселен, қазір Қ.Сәтбаев университеті базасында күн панельдерінің тәжірибелік-өнеркәсіптік цехы жұмыс істейді. ЖОО өкілдері «ТехноГруппСервис» компаниясымен бірлесіп жылына қуаты 150 мегаваттқа дейін жететін күн модульдерін шығарып отыр. Бұл өнімдер жоғары тиімділігімен, тұрақты қуат беруімен, еліміздің әртүрлі климаттық жағдайына бейімделуімен ерекшеленеді. Ұзақ мерзімге есептелген күн панельдері қазірдің өзінде бірқатар өндіріс орындарында қолданылады. Қолжетімді бағасымен жоғары сапасы тек кәсіпорындар үшін ғана емес, жеке тұрғын үйлер үшін де тиімді.
    ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесінің төрағасы және Taldau сарапшылар қауымдастығының менторы Елдос Абақановтың айтуынша, шаруашылықтар мен қарапайым тұрғын үйлерге күн панельдерін орнату экологиялық әрі экономикалық тұрғыдан тиімді болмақ.
    – Біздің елде бұл бағыт әлі кеңінен таралған жоқ. 2025 жылдың қорытындысы бойынша нетто-тұтынушылармен жасалған келісімшарттар саны 172-ні құрады, ал олардың шағын станцияларының жиынтық қуаты – 12,66 мегаватт. Өсім бар, бірақ ел ауқымында нарық әлі де бастапқы кезеңде тұр.
    Экономикалық саясатта бұл бағытқа көбірек көңіл бөлу қажет деп санаймын. Мүмкіндік ауқымын қарапайым есептеумен көрсетуге болады: егер 100 мың шатырға қуатты 5 киловаттан болатын күн жүйелерін орнатсақ, жиынтық қуат 500 мегаватты құрайды. Бұл – көрсететін шартты есептеу. Оның жүзеге асырылуы шатырдың жарамдылығына, электр желілерінің мүмкіндігі мен қаржыландыруға байланысты, – дейді маман.

    Автор: Қуат Сәден

    Бұған қоса, Қазақстанда нетто-тұтынуы мәртебесі бар. Яғни шағын кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары өз шаруашылығына күн батареясын орнатып, оның жеке мұқтаждығынан артылған бөлігін жергілікті энергетикалық желіге орташа тарифпен заңды түрде сата алады. Заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін қуаты 200 кВт-қа дейінгі шағын күн панельдерін орнатқан жеке кәсіпкерлер мен мал өсірушілердің «нетто-тұтынушы» ретінде белсенділігі күрт артқан. Бұл егіншілік пен мал базалары жақын орналасқан кәсіпкерлерге қосымша табыс көзін сыйлады.
    Дегенмен елде бұл бағыт әлі жаппай сипат алған жоқ. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша нетто-тұтынушылармен жасалған шарттар саны 172-ні құрады, ал олардың шағын станцияларының жиынтық қуаты – 12,66 мегаватт ғана. Өсім бар, бірақ нарық әлі де бастапқы кезеңде тұр.

    Халықаралық тәжірибе

    Халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, әлемде күн панелі арқылы электр энергиясын алып отырған шаруашылықтар көп. Мемлекеттер түрлі қолдау арқылы саланы дамытып келеді.
    Мысалы, Аустралияда 2024 жылдың өзінде шатырларға орнатылған күн жүйелерінің саны 4 миллионға жеткен. Сол уақытта әрбір үшінші үйдің күн панельдері болды. Бұған бастапқы шығындарды шамамен 30%-ға азайтуға мүмкіндік беретін шағын жаңартылатын энергетиканы қолдау бағдарламасы септігін тигізді.
    Ал Индияда PM Surya Ghar бағдарламасы бар. Ол бағдарлама аясында 2026 жылдың тамызына қарай 5 миллионнан астам үй шаруашылығы шатырдағы күн энергетикасының игілігін көрді. Бағдарлама субсидиялауды, жеңілдікті несиелеуді және өтінім берудің цифрлық жүйесін біріздендірген.
    Елдос Абақанов осындай жүйелі қолдау қажет деген пікірде, әсіресе шаруаларға инвесторлар көмектесуі керек екен.
    – Шатырға күн панельдерін орнату үшін ғимарат иесінің өзі энергетик немесе инвестор болуы міндетті емес. Мамандандырылған компания қаржы тартып, жабдықты орната алады және оған техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Ал ғимарат иесі өндірілген электр энергиясын өзіне тиімді, келісілген бағамен сатып алатын болады, – дейді ол.
    Сарапшының сөзінше, Қазақстанда мұндай модельді қолданудың нақты тәжірибесі бар. Абай тігін фабрикасының шатырына Green Platform арқылы қуаттылығы 65 киловатт болатын күн станциясы орнатылған. Бұл модель бойынша фабрика күннен алынатын электр энергиясын қолданыстағы тарифтен 15%-ға арзан бағамен сатып алады. Тоғыз айдың есебіне сәйкес, станция 64 850 киловатт-сағат электр энергиясын өндірген. Ай сайынғы нетто-есептеулерді ескергенде, кәсіпорын тұтынған электр энергиясының шамамен 90%-ы осы күн станциясының өндірісі есебінен өтеліпті.
    Бір кәсіпорынның бұл тәжірибесі жаңа нарықтың қалай қалыптасып жатқанын білдірсе керек. Демек, инвестор қаражат салады, сервистік компания қызмет көрсетеді, ал кәсіпорын шығынын азайтады.
    «Қазақстанның энергетикалық аспектілері» зерттеу орталығының директоры, энергетика сарапшысы Алмас Әбілдаевтың айтуынша, дәстүрлі энергетикадан жаппай бас тартып, шаруалардың күн панеліне бет бұруы қиын. Өйткені мұндай қадам орасан инвестицияны талап етеді және инфрақұрылымды жаңарту қажет.
    – Әлемде болып жатқан энергетикалық процестерге көз салсақ, екі түрлі көзқарасты байқаймыз. Біріншісі – еуропалық, екіншісі – америкалық. Еуропалықтар жасыл энергетикаға түбегейлі көшуді қолдаса, АҚШ энергетикалық трансформация есебінде ғана қабылдайды. АҚШ декарбонизация керегін біледі, алайда мұны бірден заңнамаға өзгеріс жасау арқылы реттеуге асықпайды. Біздің мақсатымыз да осыған шамалас. Яғни, біз жасыл энергетикаға біржақты басымдық бермей, дәстүрлі энергия көзін пайдаланамыз, – дейді сарапшы Алмас Әбілдаев.
    Тегінболат Самұратов – энергия тиімділігі және тұрақты даму саласының сарапшысы. Қазір АҚШ-тағы Mass Save бағдарламасында жұмыс істейді. Маманның сөзінше, 2019-2024 жылдары энергия үнемдеуге 167,8 млрд теңге инвестиция салынды. Электр энергиясын өндіру сегментінде 41,7 млрд теңге инвестиция 10,2 млрд теңге көлемінде үнемдеуге мүмкіндік берген. Ал электр энергиясын тасымалдау және тарату желілеріне 126,2 млрд теңге салынып, 14,4 млрд теңге көлемінде ғана үнем алынған.
    – Бір қарағанда, екінші бағыттағы инвестицияның қайтарымы өте төмен болып көрінеді. Бірақ мұның объективті себебі бар. Электр және жылу желілерін жаңғырту – капиталды өте көп қажет ететін және ұзақ уақытқа созылатын процесс. Мысалы, қазандықтағы ескі жанарғыны ауыстырып, нәтижесін салыстырмалы түрде қысқа мерзімде көруге болады. Ал 60%-ы тозған жылу тарату желілерін қайта салу үшін бірнеше жыл және миллиардтаған теңге қажет.
    Сондықтан мұндай инвестициялардың тиімділігін тек қысқа мерзімде қанша ақша үнемделді деген көрсеткішпен бағалау дұрыс болмайды. Мұнда апаттардың алдын алу, энергия шығынын азайту, жүйенің сенімділігін арттыру және инфрақұрылымның қызмет ету мерзімін ұзарту сияқты факторларды да ескеру қажет, – дейді маман.

    Оның айтуынша, мәселе – бастапқы капиталда. Кәсіпорындардың бір бөлігінде жаңғырту жұмыстарын бастауға қажетті жүздеген миллион немесе миллиардтаған теңге жоқ. Екінші бөлігі мұндай қаражатты қолайлы шарттармен тарта алмайды. Несие қымбат болса, тіпті техникалық тұрғыдан тиімді жоба кәсіпорын үшін қаржылық жағынан тартымсыз болып қалуы мүмкін.
    – Мемлекет тек кәсіпорындарға «энергияны үнемдеңдер күн панелін пайдаланыңдар» деп талап қоюмен шектелмеу керек. Жеңілдетілген қаржыландыру, кепілдік беру, субсидиялау немесе энергосервистік келісімшарттар сияқты құралдар қажет. Сонда кәсіпорын бастапқы инвестицияны толық өзі көтермей-ақ, кейін энергияны үнемдеуден түскен қаражат есебінен шығынын өтей алады, – дейді Тегінболат Самұратов.

    «Абзал и К» шаруашылғындағы күн панельдері. Фото авторы: Н.Нұржаубай

    Күн панелін: шығын, өтем һәм табыс

    Lemag.kz компаниясының есептеуінше, күн батареяларын орнату Қазақстанның климаттық ерекшелігіне дөп келеді. Мәселен, жыл бойғы шуақты күндерді есептесек:
    • Оңтүстік (Алматы, Шымкент): жылына 300–320 шуақты күн, жылына 1500–1600 кВт сағ/м²;
    • Орталық (Астана, Қарағанды): 280–300 күн, 1400–1500 кВт/м²;
    • Батыс (Ақтөбе, Атырау): 290–310 күн, 1450–1550 кВт/м²;
    • Шығыс (Өскемен): 260–280 күн, 1300–1400 кВт/м².
    Ал 10 кВт жинақ күн панелін іске қосу үшін орта есеппен 4,26–5,87 млн теңге керек. Электр энергиясы тарифінің өсімін ескерсек, жобаның шығынды өтеу мерзімі – 7-12 жыл.
    Сонымен қатар компания 2028 жылға қарай жылына 5000–10000 үй күн панелін қолданып, жекеменшік күн энергиясының жалпы қуаты 500 МВт-қа жетеді деп отыр. Оған қоса панельдердің құны жылына 5-10%-ға төмендеп келеді, демек 2028 жылға қарай 5 кВт жинақтың құны 1,8-2,2 миллион теңге болады деген сөз.
    Дегенмен, күн панелінің қуаты ауа-райы мен климатқа тәуелді. Мұны шаруалар да растап отыр. Шаруалардың уәжін тыңдасақ, күн электр станциясының тиімділігі жыл мезгіліне, ауа райына, панельдердің орналасу бағытына және кәсіпорынның электр энергиясын тұтыну көлеміне тікелей байланысты.

    Автор: Қуат Сәден

    Мысалы, «Абзал и К» шаруашылығындағы қуат 500 кВт болатын күн электр станция шілде айында 100 мың кВт·сағаттан астам электр энергиясын өндірген. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Әсіресе жаз айларында, күн ұзақ әрі ашық болған кезде күн панельдері электр энергиясының едәуір бөлігін өндіруге мүмкіндік береді. Алайда қыс мезгілінде мұндай жоғары өнімді күту күмәнді.
    – Бастапқыда жоспарымыз күн электр станцияларының жалпы қуатын 1 мегаваттқа дейін жеткізу болатын. Бұл бағытта әрі қарай инвестиция салып, өндірістегі электр энергиясына кететін шығынды азайтуды көздедік. Алайда қазіргі қолданыстағы заңнамалық шектеулер, әсіресе нетто-тұтынушыларға қойылған 200 кВт шектеуі жоспарымызды жүзеге асыруға кедергі болып отыр.
    Сондықтан әзірге жобаны кеңейту жұмысын тоқтата тұруға мәжбүрміз. Қолданыстағы шектеулер өзгермейінше, қосымша қаржы инвестициялауға дайын емеспіз.
    Менің ойымша, мемлекет жаңартылатын энергия көздерін дамытуға мүдделі болса, ең алдымен өз қаражатына осындай жобаларды жүзеге асырып жатқан кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауы керек. Біз мемлекеттен қаржылай қолдау сұрап отырған жоқпыз. Тек өз қаражатымызға инвестиция салып, таза энергия өндіруге мүмкіндік беретін тиімді әрі түсінікті ережелер қажет, – дейді «Абзал и К» компаниясының өкілі Сағидулла Сыздықов

    Айта кетейік, Қазақстан COP31 саммитінде жасыл және климаттық жобаларды қаржыландыруға арналған арнайы платформаны таныстырмақ. Оның көмегімен елдегі жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, өндірісті жаңғыртуға және су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған жобаларға халықаралық инвестиция тарту көзделген.
    – Биылғы ресми мәлімдемеге сәйкес, COP аясында Қазақстан әлемдік серіктестерге жасыл және климаттық қаржыландыру тартуға арналған арнайы платформаны көрсетеді. Оның басты мақсаты – еліміздегі әлеуеті бар жобаларды таныстырып, соларға қаржы тарту. Париж келісімі аясында құрылған климаттық қорлардың қаражатын пайдаланып, Қазақстанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға болады, – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Елдос Абақанов.
    ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Жерасты сулары департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда жерасты суын пайдаланатын шаруаларға электр энергиясы шығынының 85%-ына дейін субсидия беріледі. Оған қоса жерасты суын пайдалануға байланысты салық пен қол қойылатын бонусты төмендету мәселесі қарастырылып жатыр.

    Ерсін Шамшадин

    Central Asia Climate Campaign 2026 Германияның Федералдық экономикалық ынтымақтастық және даму министрлігінің (BMZ) қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы және n-ost жүзеге асыратын «Communicating Climate in Central Asia» жобасы аясында ұйымдастырылды.

    климат экология
    Previous ArticleТүркітілдес журналистер қорына 12 жыл: кәсіби даму мен халықаралық ынтымақтастық
    Next Article Harnessing the Sun: How Solar Energy Is Transforming Farming in Kazakhstan
    Salemnews
    • Website
    • Facebook

    Ұқсас жазбалар

    Қазақстанда кәсіпкер грант ретінде бөлінген 297 миллион теңгені жымқырып, лизингке көліктер алған

    20.11.2026

    Қазақстанда учаскелік дәрігерлер мен психологтардың жалақасы қаншалықты өседі

    20.11.2026

    Енді қазақстандық салық төлеушілерге алдағы төлемдер туралы автоматты түрде хабарлама келеді

    20.11.2026
    Соңғы жаңалықтар

    Тоқаев ұсынған «таза көмір» технологиясы климат өзгерісіне қалай әсер етеді?

    23.06.202611 675 Views

    Сақтандыру: апаттан алымға дейін

    10.04.20257 625 Views

    CO₂: қазақстандық кәсіпорындар Париж келісімін сақтап отыр ма?

    19.12.20255 647 Views
    Әлеуметтік желілер
    • Facebook
    • WhatsApp
    • Instagram

    «SALEMNEWS.kz» ақпарат агенттігіне гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.
    18+

    Facebook X (Twitter) Instagram Pinterest
    • Басты бет
    • Жоба туралы
    • Сайтты қолдану ережесі
    • Байланыс
    © 2026 Salemnews.kz. Барлық құқықтар сақталған
    Яндекс.Метрика

    Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.