Қызылордада соңғы екі жылда қаланы абаттандыруға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылды. Саябақтар мен аулалар жаңартылып, тұрғындар үшін қоғамдық кеңістіктерді жақсартуға басымдық берілген. Қаладағы өзгерістердің негізгі бағыттарын Salemnews.kz тарқатты.
Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ұсынған мәліметке сәйкес, осы кезеңде бірнеше ірі жоба іске асқан. Атап айтқанда, аттракциондар паркі қайта жаңартылып, Қорқыт ата атындағы саябақ абаттандырылды. Сонымен қатар көпқабатты үйлердің аумақтары мен аулаларына күрделі жөндеу жүргізілді.
Өткен жылдардағы жұмыстар биыл да жалғасып отыр. Қазір қалада Президент паркін қайта жаңғырту, көпқабатты тұрғын үйлер аумақтарын абаттандыру және Қызылжарма науа каналының құрылысын жүргізу жобалары іске асырылуда. Бұл нысандар қаланың қоғамдық кеңістігін кеңейтіп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Абаттандырудың ажырамас бөлігі – қаланы көгалдандыру. Осы бағытта облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «KazStroyCapital» ЖШС арасында бес жылға арналған келісімшарт жасалды. Биыл жоспар бойынша қала аумағына 8950 тал, 91 мың шаршы метр газон, 750 мың біржылдық, 28 300 көпжылдық гүл, 8 мың раушан және 20 300 хризантема отырғызу көзделген.
Көгалдандырумен қатар қаланың күнделікті тазалығын сақтау да тұрақты жұмысты талап етеді. Бұл бағытта қала бойынша 200-ден астам жұмысшы мен 90 арнайы техника жұмылдырылады.
– Күнделікті жұмыс жоспарына қала көшелерін арнайы көліктермен сыпыру, жаз мезгілінде су себу, қыс кезінде қар тазалау және көктайғақтың алдын алу үшін құм-тұз қоспасын себу кіреді. Сонымен бірге жаз айларында көшелер арамшөптерден тазартылып, жол жиектері жуылып, әктеледі. Қала көшелеріндегі талдарға да күтім жасалады, – деп хабарлады бөлім.
Тазалық жұмыстарының тиімділігі техникалық базаның жағдайына да байланысты. Осы мақсатта соңғы жылдары коммуналдық техникалар кезең-кезеңімен жаңартылған.
– 2022–2024 жылдар аралығында облыстық және қалалық бюджеттерден қаржы бөлініп, 69 дана арнайы техника сатып алынды. Оның ішінде 2022 жылы – 13, 2023 жылы – 23, 2024 жылы – 33 техника алынды. Қазіргі уақытта мекеме теңгеріміндегі 178 техниканың 67-сі жаңа. Жалпы техникалық парк 80 пайызға жаңарды, – делінген ақпаратта.

Алайда абаттандыру жұмыстары тұрғындардың күнделікті сұранысымен де тығыз байланысты. Жыл басынан бері коммуналдық сала мәселелері бойынша қала тұрғындарынан 1625 арыз-шағым түскен. Өтініштердің басым бөлігі жолдардың жай-күйі мен сумен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты.
Тұрғындардың өтініштері бойынша тиісті мекемелер зерделеу жұмыстарын жүргізіп, құзыреті шегінде шаралар қабылдаған. Жол инфрақұрылымына қатысты мәселелер бойынша жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылса, сумен жабдықтауға байланысты өтініштер бойынша ақауларды жою және қызмет көрсету сапасын жақсарту шаралары қолға алынған. Барлық өтініш заңнамада белгіленген тәртіппен қаралып, тұрғындарға тиісті жауаптар берілген.
Қала инфрақұрылымын жаңарту барысында қоғамдық кеңістіктердің барша тұрғынға қолжетімді болуы да ескерілуде. Әсіресе жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін қозғалысына жағдай жасауға назар аударылған.
Жол жөндеу және көше инфрақұрылымын жаңғырту кезінде осы талаптар ескерілуде. Қаладағы мемлекеттік мекемелер мен халыққа қызмет көрсететін нысандардың басым бөлігі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы автотұрақ орындарымен қамтылған. Зағип және нашар көретін тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар бағдаршамға дыбыстық қондырғылар орнатылған.
Алдағы уақытта қажеттілік туындаған жағдайда мұндай қондырғыларды көбейту мәселесі де қаралмақ.
