Қалаға қарасты Қарауылтөбе ауылдық округінде жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары және зиялы қауым өкілдері Қарауылтөбе ауылдық округіндегі «Ауыл құтқарушылары» республикалық бағдарламасы аясында салынған кезекті өрт сөндіру бекетінің ашылу рәсіміне қатысты.
Өртке қарсы қызметі жоқ шалғай елді мекендерде жедел және тиімді көмек жүйесін құру мақсатында аймақта 35 бекет салынған. Бекеттер 25 өрт сөндіру автокөлігімен, 12 тіркеме, 8 тасымал, 2 стационарлық радиостанциямен, өрт құрал- жабдықтары және жауынгерлік киімдермен жабдықталған.
– Облыста 2023-2025 жылдары 2 млрд. теңгеден астам қаржыға 17 өрт сөндіру техникасы, 4 арнайы жабдықталған жеңіл автокөлік, 90 цифрлық радиобайланыс жүйесі, 50-ден астам арнайы құрал-жабдық алынды. Осы жылы 2,8 млрд теңгеге 20 өрт сөндіру автокөлігі сатып алынады деп жоспарлануда. Жаңа техникалар алдағы уақытта табысталады. Бұл – өңіріміздің төтенше жағдайлар саласы қызметкерлеріне үлкен қолдау, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
