Климаттың өзгеруі бүгінде әлем елдері үшін ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Орталық Азия да климаттық өзгеріс салдарын айқын сезініп отырған экологиялық осал өңірлердің қатарына жатады. Аймақта су ресурсының азаюы, мұздықтардың еруі, шөлейттенудің күшеюі, ауаның ластануы мен табиғи апаттың жиілеуі халықтың тұрмыс-тіршілігіне ғана емес, экономиканың түрлі салаларына да ықпал етуде. Сондықтан өңір мемлекеттері экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында күш біріктіріп, ортақ бастамаларды жүзеге асыруға ерекше мән беріп келеді.
Ортақ ұстаным
Соңғы жылдары климат мәселесіне арналған өңірлік кездесу мен халықаралық пікірталастың саны артты. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан өкілдері климаттық саясатты жетілдіру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және экологиялық қауіптерге бірлесіп жауап беру бағытында тұрақты түрде тәжірибе алмасып келеді. Мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – өңірге ортақ экологиялық күн тәртібін қалыптастырып, нақты іс-қимыл тетіктерін әзірлеу.
2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммитті өткізу бастамасын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында ұсынған болатын. Бұл ұсыныс 2023 жылдың соңында БҰҰ тарапынан қолдау тауып, 2024 жылы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесулері мен Түркі мемлекеттері ұйымы аясында қабылданған бірқатар саяси құжатқа қабылданды.
2025 жыл Өңірлік экологиялық саммитке дайындық жұмыстарының белсенді кезеңіне айналды. Наурыз айында Алматыда өткен алғашқы консультациялық кездесуден кейін өңірлік диалог Самарқанд, Ашхабад және Душанбе қалаларында жалғасты. Тараптар климаттың өзгеруі, мұздықтардың кемуі, жер ресурстарының тозуы және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Осы кездесулердің нәтижесінде Орталық Азия елдері экологиялық бағыттағы ортақ басымдықтарды айқындап, өзара іс-қимылды күшейтуге уағдаласты.
Эко—волонтерлік: жастарға жаңа мүмкіндік
«ЮНИСЕФ Жастары» платформасы 16-35 жас аралығындағы жастарға арналған. Оның негізгі бағыттарының бірі – климаттық сауаттылықты арттыру және қоршаған ортаны қорғау саласындағы еріктілік қозғалысын дамыту. Пайдаланушылар экологиялық білім бойынша онлайн курстардан өтіп, табиғатты қорғау акцияларына қатысып, ел аумағындағы түрлі челлендждер мен жобаларға үлес қоса алады.

Платформаның іске қосылуы БҰҰ жариялаған 2026 жылғы Орнықты даму мақсатындағы халықаралық еріктілер жылымен тұспа-тұс келді. Бұл бастаманы алғаш рет Қазақстан ұсынып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында таныстырған болатын. Кейін оны халықаралық қауымдастықтың басым бөлігі қолдады.
– ЮНИСЕФ 36 елде шамамен 11 миллион жасөспірім қатысатын жастар волонтерлігін дамыту бағытында жұмыс жүргізуде, – дейді доктор Рашед Сарвар.
Түрікменстан табиғатты қорғау қоғамының өкілі Беркели Атаевтың айтуынша, Орталық Азия үшін эко-волонтерлердің маңызы жоғары.
— Волонтерлік қоғамға жақсылық әкелетін қозғалыс. Түрікменстанда бөлек волонтерлік мекеме жоқ, бірақ бізде әрбір қоғамдық мекемеде еріктілер бар. Соның ішінде эко-волонтерлер. Олар Түрікменстанның ерекше қорғалатын табиғи ауматарында қалдықтарды жинап, ағаш егумен айналысады. Көгалдандыру жұмыстарына қатысады. Бүгінгі сессия Түрікменстанда эко-волонтерлер қозғалысын қалыптастыруға түрткі болады деп ойлаймын. Бұл өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға сеп болмақ, – дейді маман.
Жасыл мектептер
Өңірлік экологиялық саммит аясында талқыланған маңызды бастамалардың бірі – «Орталық Азияның Жасыл мектептері» өңірлік платформасын құру болды. Жоба экологиялық білім беруді дамытуға, мектептердің климаттық өзгерістерге бейімделуін арттыруға және оқушылардың табиғатты қорғау бастамаларына белсенді қатысуын қолдауға бағытталған.
Бастаманың негізгі мақсаты – тек мектептерде экологиялық білім беруді күшейту емес, білім беру ұйымдарын климаттық қауіптерге төзімді ету. Осы бағытта платформа өңір елдері арасындағы ынтымақтастықты біріктіретін ортақ алаңға айналмақ.
– Бұл платформа Орталық Азия елдерінің үкіметтерін, халықаралық әріптестерді, қаржы институттары мен жеке сектор өкілдерін біріктіретін ерікті үйлестіру тетігі болады. Оның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті дамыту, білім беру нысандарының тұрақтылығын арттыру және жас ұрпақтың қоршаған ортаға жауапкершілігін қалыптастыру, – деді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Жобаның маңызын ЮНИСЕФ өкілдері де атап өтті. Ұйымның Қазақстандағы өкілі Рашед Мустаф Сарвардың айтуынша, мектептер – балалардың қоршаған ортаға деген көзқарасын қалыптастыратын маңызды орта.
– Жасыл мектеп бастамасы балалар мен жасөспірімдерді табиғатты қорғауға ынталандыратын маңызды мүмкіндік. Климаттың өзгеруі – бүгінгі шынайы жағдай. Орталық Азияда біз қолдау көрсете алатын 23 миллион бала бар. Өңір елдерінің ортақ мәселелері бірлескен әрекетке үлкен мүмкіндік береді, – деді ол.
Климаттың өзгеруі мектептердің жұмысы мен оқушылардың оқуына жаңа талаптар қойып отыр. Бұл туралы ЮНИСЕФ сарапшылары айтты
– Ауа райының күрт өзгеруі мектеп ғимараттары мен инфрақұрылымға зиян келтіреді. Климаттық жағдайлардың өзгеруі сыныптардағы температура мен ауа сапасына әсер етеді. Қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз ету де өзекті мәселеге айналып отыр, – деді ЮНИСЕФ-тің климаттық білім беру жөніндегі кеңесшісі Фумио Кагава.
Білім беру бастамаларының елдердің ұлттық климаттық міндеттемелерімен сабақтастығына да ерекше назар аударылуда.Қазақстан экология министрінің айтуынша, «Жасыл мектептер» платформасын ҰДАС 3.0 аясындағы климаттық мақсаттармен және білім беру саласына климаттық қаржыландыру тарту мүмкіндіктерімен ұштастыру маңызды.
ҰДАС 3.0 білім беруді тек әлеуметтік сала емес, климаттық саясатты жүзеге асырудың маңызды құралы ретінде қарастырады.

Қазақстанның климаттық саясаты қандай?
Қазақстан экологиялық проблемалардың салдарын өз тәжірибесінен өткеріп, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы саясатты күшейтіп келеді. Арал теңізінің тартылуы мен Семей полигонының зардаптары табиғи ресурстарды сақтаудың маңызын көрсетті. Осыған байланысты еліміз тұрақты даму қағидаттарын жүзеге асырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бастамаларды қолға алуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы экологиялық мәдениетті арттыруға, елді мекендерді көгалдандыруға және табиғатты қорғауға бағытталған. Бұл бастама қоғамның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік беріп отыр.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев экологиялық мәселелерді шешуде ортақ жауапкершіліктің маңызын атап өтті.
– Қоршаған ортаны қорғау – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл іске әрбір азамат өз үлесін қосуы қажет. Экологиялық мәдениет қоғамның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналуы тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев.
Бүгінде Қазақстан климаттық күн тәртібін тек ұлттық деңгейде ғана емес, халықаралық және өңірлік алаңдарда да белсенді ілгерілетіп келеді. Елдің экологиялық бастамалары тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге және болашақ ұрпақ үшін табиғи ресурстарды сақтауға бағытталған.
– Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдерінің ұжымдық қоғамдастығы бұл саммитті көптен күтті. Себебі мұнда шешімін күттірген мәселелердің нақты жолдары қарастырылады. Мемлекет басшылары Каспий мен Аралдың мәселесін шешуге көмектесетін қандай да бір келісімге қол қоюы керек деп санаймын. Бұл – осы өңірге ортақ мәселе. Оңтүстік Қазақстан, Өзбекстанда су ресурстарының сарқылуы үлкен мәселеге айналып тұр, – дейді тәуелсіз эколог Адал Роман.
Астанада өткен экологиялық саммит Орталық Азия елдерінің климаттық дағдарысқа қарсы бірлесе әрекет етуге дайын екенін көрсетті. Астанада қабылданған шешімдер аймақтағы су тапшылығы мен мұздықтардың еруі секілді өткір мәселелерді шешуге жаңа серпін бермек. Ең бастысы, бұл жиын тек мәлімдемелермен шектелмей, нақты өңірлік жобаларды іске асыруға жол ашуы мүмкін.
Жібек Рахимова
