
Фото: ашық дереккөз
Өңірлерден келген делегация мүшелері Қызылорда қаласындағы әлеуметтік, мәдени және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, өңірдің даму қарқынымен танысты.
Сапар барысында олар жаңартылған Тәуелсіздік даңғылы мен «Отбасы орталығы», «Жаңа Достық үйі», «Қызылорда Арена» спорт кешені, «Өнер орталығы» ғимаратын көрді. Сонымен қатар, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясындағы жас таланттардың өнерімен танысып, жобаларды жоғары бағалады.
Делегация «Анаға тағзым» орталығының қызметімен және мәдени-демалыс паркіндегі жаңа мүмкіндіктермен танысты. Жылу электр орталығының құрылыс алаңында энергетикалық инфрақұрылымды жақсарту жобасын көріп, өңірдің энергетикалық қауіпсіздігіне ерекше назар аударды.
Сол жағалаудағы 11 мың орындық жаңа стадион делегаттардың тағы бір маңызды нысаны болды. Мұнда спорт инфрақұрылымының дамуы мен жастар спортына қосқан үлесі талқыланды.
Сонымен қатар, облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, өңірдің мәдени мұрасымен танысты. Жол бойында «Қан орталығы», жаңа мектеп-интернат, «Жаңа автовокзал», «Шағын өнеркәсіптік аймақ», көпқабатты тұрғын үйлер, «Оқушылар сарайы» және үстел теннисі орталығының құрылысымен танысты.
Сапардың соңында делегаттар «Қорқыт Ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалына барып, көлік-логистикалық инфрақұрылым жобаларын көрді. Сонымен қатар, «Музыкалық колледж», «Президент паркі» мен «Rixos Qyzylorda» қонақ үйінің құрылыс нысандарын аралады.
Қонақтар өңірдегі жобалардың тиімділігін және олар тұрғындардың әл-ауқатын арттыратынына сенімдерін білдірді.