Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы еліміздің барлық өңіріндегі балаларға тұратын жеріне қарамастан сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасауға бағытталған маңызды бастама болып отыр. Бұл жоба аясында Қызылорда қаласында да ауқымды жұмыстар жүргізіліп, жас ұрпаққа қолайлы жағдай жасау үшін жаңа мектептер салынып, білім беру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Мәселен, қаладағы Арай №3 шағын ауданында 1500 орындық заманауи «Келешек мектебі» бой көтерді. Осы мектепке қаладағы Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейі көшіріледі. Себебі №15 мектеп-лицейдің қазіргі ғимараты 1974 жылы салынған және бастапқыда балалар ауруханасы болған, кейін 2000 жылы мектепке айналған. Алайда бұл ғимаратта кабинет тапшылығы, спорт залы мен акт залының жоқтығы, асхана мен кітапхананың ыңғайластырылуы сияқты бірқатар кемшіліктер байқалды. Сондықтан оқушыларды жаңа әрі заманауи мектепке көшіру қажеттігі туындады.
Сонымен қатар, «Келешек мектебі» Арай мөлтек ауданында орналасып, тұрғындар саны көп шоғырланғандықтан мектепке құжаттарын тапсырғандар саны да аз емес. Бұрынғы мектептің оқушылары үшін қатынау мәселесі арнайы реттелмек. Қабылдау 25 тамызға дейін жүргізіліп, жаңа оқу жылынан бастап оқушылар жаңа мектепте білім алады. Бұл арада айта кетер жайт, №15 мектеп-лицейге балалар бесінші сыныптан бастап қабылданса, «Келешек мектебі» бірінші сыныптан бастап оқушыларды қабылдайды. Сонымен қатар, №15 мектеп-лицейде жаратылыстану бағытындағы тереңдетілген сыныптар сақталып, 2025-2026 оқу жылына 5-сыныпқа қабылдау 26 мамырдан басталып, қазіргі таңда 110 оқушы тіркелген. Іріктеу «USTUDY» тестілеу орталығы арқылы конкурстық негізде жүргізіледі.
Осы орайда №15 мектеп-лицейінің директоры Кабира Тілеуова жаңа мектепке көшу оқушылар үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. Ол «Келешек мектебінде» кең әрі жарық сыныптар, заманауи зертханалар, кітапханалар, спорт залдары және қауіпсіз ойын алаңдары бар екенін жеткізді. Мұндай орта балалардың білімге құштарлығын арттырып, армандарын жүзеге асыруға жағдай жасайды. Бұл жоба тек ғимарат салумен шектелмей, бала арманына бастар жол болып табылады.
Сонымен бірге, бұл игі бастама облыс басшылығы тарапынан да қолдау тауып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Конституция және Білім күндері қарсаңында жаңа «Келешек мектебінің» ресми ашылуы өтті. Жиынға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Парламент депутаттары мен облыс және басқа өңірлерден келген зиялы қауым өкілдері қатысты. Облыс әкімі жаңа дәуір мектебінің ұстаздары мен оқушыларын құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Баланың бәрі бірдей» деген ұстанымын тағы да атап өтті.
Оның айтуынша, жаңа мектепте мектепалды даярлық сыныптары ашылып, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер тереңдетіліп оқытылады. Бұл білім ордасы оқу мен ізденіс арқылы әр баланың болашағын айқындап, елдің дамуына жол ашады. Сонымен қатар, Қызылорда облысының бюджеті 823 млрд. 400 млн. теңгеге жетіп, 2022 жылдан бері 226 пайызға өсіп, бұл қаржы өңірдің ең өзекті мәселелерін шешуге, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталуда.
Соңғы үш жылда білім саласына 812 млрд. 245 млн. теңге бөлініп, оның ішінде 2024 жылы 31 млрд. 800 млн. теңгеге 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды. Осы орайда «Келешек мектептері» жобасы бойынша 54 млрд. 400 млн. теңгеге 6 900 орындық 10 мектеп салынды және пайдалануға берілді. Қазіргі таңда оның 3 300 орындық 7 мектебі ел игілігіне беріліп, қалған мектептердің ашылуы да жоспарлануда. Қызылорда қаласында 2024-2025 жылдары екі 1500 орындық «Келешек мектебі» пайдалануға берілді.
Мектептердің ашылуы – тек ғимарат салу ғана емес, жаңа заман талабына сай білім алатын оқушыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлау. Жаңа мектептер білім беру сапасын арттырып, жас ұрпақтың қабілетін дамытуға жағдай жасайды.
Рәсім барысында білім саласына үлес қосқан ұстаздар мен құрылыс сапасын қамтамасыз еткен мердігерлерге облыстың құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталды. Министр Ғани Бейсембаев пен Парламент депутаттары өңірдегі жұмыстарға оң баға беріп, құттықтауларын білдірді.
Сонымен қатар, 2023 жылдан бері облыстық бюджеттен 5 млрд. 700 млн. теңгеге 9 мектепке қосымша 2 900 орындық ғимарат салынды, бұл үш ауысымдық мектептер мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік берді. Сонымен бірге «Білімді қолдау қоры» арқылы 8 млрд. 400 млн. теңгеге дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты ашылды. Бұл білім ордасына еліміздің 17 аймағынан 1 445 оқушы өтініш білдіріп, білім бәйгесінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген 200 бала қабылданды.
Қордың қаражатына 2 млрд. 333 млн. теңгеге Арал ауданы Мергенсай елді мекенінде 150 орындық заманауи мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр, ол қараша айында пайдалануға беріледі.
Президент тапсырмасына сәйкес, алдағы үш жылда өңірдегі 51 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.
Осылайша, Қызылорда қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында білім беру саласында маңызды өзгерістер болып, жас ұрпаққа заманауи, сапалы білім алу мүмкіндігі беріліп, білім мекемелерінің инфрақұрылымы нығайып, оқу сапасы мен білім беру ортасы жаңа деңгейге көтеріліп отыр.
