Қызылорда қаласында жұмысшы мамандықтарын дәріптеу бір реттік акциямен шектелмейді. Өңірде кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығымен ұштастыру, жастардың мамандық таңдауына бағыт-бағдар беру және өндіріс орындарымен байланысты күшейту кешенді түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар әсіресе Жұмысшы мамандықтары жылы аясында жаңа қарқын алды.
Бүгінде облыста жұмысшы кадрларын даярлайтын 20 колледж жұмыс істейді. Олардың қатарында М.Саламатов атындағы Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжі, С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі, М.Ықсанов атындағы Қызылорда техникалық-IT жоғары колледжі, Арал көпсалалы колледжі, Қазалы аграрлы-техникалық колледжі, Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі және басқа да оқу орындары бар. Олар өңірдің өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және техникалық салаларына қажетті мамандарды даярлайды.
Жастардың жұмысшы мамандықтарына қызығушылығы да жыл сайын артып келеді. 2025–2026 оқу жылында колледждерге қабылданған 5308 студенттің 2259-ы жұмысшы мамандықтарын таңдаған. Ал өткен жылы жұмысшы мамандығы бойынша 2117 түлек оқуын аяқтаса, биыл олардың саны 1685 адамды құрады. Жалпы, соңғы жылдары бес мыңнан астам жас жұмысшы кәсіптерін таңдаған.
Көрсеткіштердің артуына мемлекеттік қолдау ғана емес, кәсіби бағдар беру жұмыстарының жүйелі жүргізілуі де әсер етіп отыр. 2026–2027 оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына жергілікті бюджеттен 4384 мемлекеттік грант бөлінді. Сонымен бірге колледждер қала мен аудан мектептерінің 9–11 сынып оқушыларына арнап кәсіби бағдар беру кездесулерін ұйымдастырды. Онда еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар, жұмыс беруші кәсіпорындардың қажеттілігі, оқу орындарының материалдық-техникалық базасы мен білім беру мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Осындай кездесулерге 14 мыңнан астам оқушы қатысты.

Кәсіби бағдар жұмыстары Жұмысшы мамандықтары жылы аясында одан әрі күшейді. Облыста арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, қала бойынша кәсіптік білім беру саласын трансформациялаудың жол картасы қабылданды. Соның нәтижесінде «Мансап компасы» платформасы арқылы 5 мың оқушыға кәсіби кеңес берілді. Тағы 20 мыңға жуық мектеп оқушысы қаладағы өндіріс орындарына экскурсия жасап, кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Бұдан бөлек, 40 мектепте бейінді сыныптар ашылып, 1500 оқушының қатысуымен «JasSkills» және «JuniorSkills» кәсіби шеберлік байқаулары ұйымдастырылған. Ал колледждерде 300-ге жуық кәсіпорын мен бизнес өкілдерінің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен ашық есік күндері өтті.
Мұндай шаралардың басты мақсаты – оқушыларға жұмысшы мамандығының теория жүзіндегі ғана емес, нақты өндірістегі маңызын көрсету. Сондықтан кәсіби бағдар беру жұмыстары кәсіпорындарға экскурсиялармен ұштасып келеді.
Соның бір мысалы – Қызылорда қаласындағы мектеп оқушыларының өңірдегі жиһаз өндірісімен айналысатын «Панабек» серіктестігіне жасаған экскурсиясы. Кәсіпорында оқушылар өндіріс процесін өз көзімен көріп, заманауи технологиялардың қалай қолданылатынымен танысты.
Жалпы, облыста жиһаз өндірісімен айналысатын 20-ға жуық шағын кәсіпорын жұмыс істейді. Солардың ішінде «Панабек» серіктестігі жиырма жылдан астам уақыттан бері табысты еңбек етіп келеді. Өндіріс қуатын кеңейту мақсатында кәсіпорын өңірлік инвестициялық орталық арқылы 59 млн теңге қаржы алып, жаңа өндірістік база қалыптастырған. Соның нәтижесінде өндіріс толық автоматтандырылып, бүгінде жылына 35 мың данаға дейін кеңсе, мектеп, асхана және тұрмыстық жиһаз шығарады.

Кәсіпорын өнімдері өңір тұрғындары арасында жоғары сұранысқа ие. Биыл «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауында «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясын жеңіп алды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бес мектепті жаңа жиһазбен қамтамасыз етті.
Жұмысшы мамандықтарын насихаттаудың тағы бір маңызды бағыты – өндіріс пен білім беру ұйымдарының серіктестігін дамыту. Облыста 24 колледж 53 мамандық бойынша 226 кәсіпорынмен үшжақты келісім жасасқан. Соның негізінде 5381 студент дуальды білім алып, теориялық білімін өндірістегі тәжірибемен ұштастыруда.
Студенттер «Арал тұз» АҚ, «РЗА» АҚ, «Арал құрылыс» ЖШС, «Сыр маржаны» ЖШС, «Абзал и К», «Мағжан и К», «ГРП-23», «Шиелі жарық» ЖШС, «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ, «Бест Сервис ЛТД» ЖШС, «Бест Авто» ЖШС, «Сыр жиһазы» ЖШС сияқты кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтеді. Мұндай тәжірибе жастардың еңбек нарығына бейімделуіне, оқу аяқталғаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
Бүгінде колледждердің оқу-өндірістік шеберханалары да кезең-кезеңімен жаңартылып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Соның арқасында жұмысшы мамандығы бұрынғыдай тек ауыр еңбекпен байланыстырылмай, жаңа технологияларды меңгеруге мүмкіндік беретін, сұранысқа ие әрі тұрақты кәсіп ретінде қабылдана бастады.
Осылайша, Қызылордада жұмысшы мамандықтарын насихаттау кәсіби бағдардан бастап өндірістік тәжірибеге дейінгі толыққанды жүйеге айналып келеді. Мектеп оқушыларын ерте жастан кәсіпорындармен таныстыру, колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту және дуальды оқытуды дамыту өңірде білікті жұмысшы кадрларын даярлаудың тиімді моделін қалыптастыруға негіз болып отыр.
