
Қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Думан Бодықов 2025 жылдың I жартыжылдығындағы жұмыс нәтижелері мен спорт саласының жай-күйі туралы брифинг өткізді.
Оның айтуынша, жыл басынан бері қалада бұқаралық спортты дамытуға арналған арнайы бағдарлама іске асырылуда. Облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі спорттық жарыстар тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
2022 жылы спортпен жүйелі айналысатындар саны 127 838 адамды (қала тұрғындарының 36,6%) құраса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 141 161 адамға (39,5%) өсті. Ал 2024 жылы спортпен айналысушылар саны 155 755 адамға жетіп, 43,1%-ға жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 43,5%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларын қолдау мақсатында «Евразия», «Мұз айдыны», «Тарлан» спорт кешендеріне тегін жолдамалар беріліп, 6000-нан астам бала спортпен қамтылды. Қалаға қарасты ауылдық елді мекендерде де бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жұмыс жүріп жатыр: 49 спорт нұсқаушысы тартылып, 3528 спортшыны қамту көзделуде.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы инватакси қызметі ұйымдастырылып, пара пауэрлифтингпен айналысатын спортшыларға қолайлы жағдай жасалған.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубында 11 спорт түрі бойынша үйірме жұмыстары жүргізіліп, спортшылар республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болуда.
2025 жылдың алғашқы алты айында қала мен елді мекендерде 70-тен астам спорттық шара өтті, соның ішінде Қажымұқан Мұңайтпасұлының құрметіне республикалық турнир ұйымдастырылып, оған еліміздің әр аймағынан 200-ге жуық спортшы қатысты.
Ы.Алтынсарин атындағы «Бәрің де жарысқа!» байқауына 1300-ге жуық оқушы қатысып, жастар арасында салауатты өмір салтының негізі қаланды. Ұлттық мерекелер аясында өткен ұлттық ойын жарыстарына 4500-ге жуық қала тұрғыны қатысты. Велошеру мен ашық турнирлер де жоғары деңгейде өтті.
Туризм саласында жағажай қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіліп, шомылу аймақтары қоршалып, құтқарушыларға моторлы қайық берілді. Қалада 15 ресми демалыс орны жұмыс істейді, олардың арасында жаңартылған «Сыр самалы» және «Көксу» жағажайлары бар. Сонымен қатар, 13 туристік агенттік қызмет көрсетуде.
2025 жылдың бірінші тоқсанында Қызылордаға 29 545 ішкі турист келсе, сырттан 901 адам келген.
Думан Бодықовтың айтуынша, спорт пен туризмнің дамуы қаланың экономикалық, мәдени және әлеуметтік дамуына үлкен серпін береді.