
Қалада құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Облыс орталығының барлық аудандарында құрылыс белсенді дамуда. Бұл – дамудың айқын белгісі. Жыл басынан бері іске асырылуы тиіс жобалар мен атқарылған жұмыстар туралы қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дінмұхамбет Сырлыбаев брифингте баяндады.
Бөлім жыл басынан бері жеке және заңды тұлғаларға 13 730 қызмет көрсеткен. Қалада 8 жарнама агенттігі жұмыс істейді. Сыртқы жарнамадан 6 ай ішінде қала бюджетіне 37,42 млн теңге түсті.
Биыл қаланың бас жоспарының қолдану мерзімі аяқталады. Өткен жылы оны жаңарту үшін қаржы бөлініп, ашық конкурс өткізілді. Жеңімпаз ретінде Алматы қаласының «Казгипроград 1 жобалау институты» ЖШС таңдалды. Қазір бас жоспардың 2 кезеңі жүріп, сонымен бірге Тасбөгет, Қызылжарма, Досан елді мекендерінің де бас жоспарлары әзірленуде.
Қала әкімдігі жанынан арнайы топ құрылған. Олар ғимараттардың сыртқы көрінісін жақсарту, абаттандыру және заңсыз құрылысқа қарсы бақылау жүргізуде. Осы кезеңде 33 нысан бойынша 81 хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
158 нысанда заңбұзушылық анықталды. Мысалы, «Айзада Плаза» қосымша құрылысы, «Қызылорда» қонақ үйіндегі терасса және кейбір заңсыз қоршаулар бұзылды. Мемлекеттік жерді заңсыз иелену бойынша 77 құқықбұзушылық тіркелді. Мысалы, И.Журба көшесіндегі заңсыз салынған көлік жуу орны мен Иса Тоқтыбаев көшесіндегі сауда нысаны сот шешімімен бұзылды.
Арнайы топ әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 954 хаттама рәсімдеді. Заңсыз құрылыс, мемлекет мүлкіне зиян келтіру және ортақ аумақты ластағандарға шара қолданылды.
Қазіргі құрылыс саласында заманауи технологиялар енгізіліп, талаптар күшейтілді. Қаланың көркемделуі – басты міндет.
Жыл басынан бері 54 эскиздік жоба дайындалды, оның ішінде 27 көппәтерлі үйдің фасадтары ламинат панельдермен қапталды, 14 ғимарат жоғары сапалы бояумен безендірілді. Сонымен қатар 8 аллея мен 5 ғимараттың толық эскизі жасалды.
– Қаланың көркі мен қауіпсіздігін арттыру – басты мақсатымыз, – деді Дінмұхамбет Сырлыбаев.