
Қосшыңырау ауылдық округінің әкімі Сейдуали Әбдіқадыров 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстар бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне баспасөз конференциясын өткізді. Конференцияда ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалары, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері кеңінен баяндалды.
Өңір аумағында 3638 адам тұрады. Оның ішінде 1634 адам экономикалық белсенді, 586 тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр, ал жұмыссыздар саны 21 адамды құрайды. Әкімнің айтуынша, ауылда тұрғындарды жұмыспен қамту басты назарда. Жыл басынан бері 4 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты. «Жастар практикасы», ақылы қоғамдық жұмыс және қысқа мерзімдік оқу курстары арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған шаралар жүзеге асырылуда. Биыл 3 адам «Жастар практикасына», 21 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 3 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға тартылды.
Ауылдық округтің бюджеті 2025 жылы бастапқыда 149,9 млн теңге болып жоспарланғанымен кейіннен 201,7 млн теңгеге дейін өсті. Алты айдың қорытындысы бойынша салықтық түсімдер жоспардан асып, 16,2 млн теңгені құрады. Бұл қаржы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталуда.
Ауылдық округте 371 шағын кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді, оның 301-і жеке кәсіпкер, 70-і шаруа қожалығы. Жыл басынан бері 12 жаңа кәсіпкерлік нысан ашылды. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы 20 жоба қаржыландырылып, жалпы құны 158,9 млн теңге болды. Мысалы, «Іскер» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін 9,83 млн теңге несие алды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 29 млн теңгенің 5 жобасы қолдау тапты. Бұл жобалар наубайхана ашу, ауылшаруашылық техникасын алу, бетонды домалақ, пенаблок өндірісі және мал шаруашылығын дамыту сияқты бағыттарды қамтиды.
Ауыл экономикасының тірегі болып табылатын кәсіпкерлікке жергілікті билік ерекше көңіл бөледі. Әкімнің сөзінше, ауылдағы кәсіппен айналысушылардың басым бөлігі жастар. Бұл орайда мемлекеттік бағдарламалар жас кәсіпкерлерге өз ісін бастауға үлкен мүмкіндік беруде. Сонымен қатар ауылда аз қамтылған 24 отбасына 5,855 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді.
Ауыл шаруашылығы саласында да тұрақты өсім байқалады. 2025 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 18,3 мың гектарды құрайды. Биыл 1579 гектарға күріш, 528 гектарға ескі жоңышқа, 120 гектарға жаңа жоңышқа және 131 гектарға бидай егілді. Мал саны 15 136 басқа жетті, бұл өткен жылғы көрсеткіштен (15 015 бас) аздап өскен.
Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Досан елді мекенінде электр қуатымен қамту жұмыстары қолға алынған. Электр желілерін тарту бойынша мердігер «Техсервис» ЖШС-мен келісім жасалды. Сонымен қатар, Досан ауылындағы №2, №12, №7 көшелеріне тас жол төсеу жұмысы аяқталды. Бұл жобаға 49,2 млн теңге бөлінді. Ауыл әкімі инфрақұрылымды жақсарту тұрғындардың тұрмысын жеңілдететінін, жарық, жол және спорт алаңдарының ауыл келбетін арттыратынын атап өтті. Алдағы уақытта Абай ауылында спорт алаңы салынып, көшеге жарық шамдары орнату жоспарлануда.
Медициналық салада да оң өзгерістер бар. Абай елді мекеніндегі медициналық амбулатория алғашқы көмек көрсетуді және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді тұрақты жүргізіп келеді. Әкімнің айтуынша, денсаулық – ең басты байлық, сондықтан медициналық қызмет сапасын арттыруға ерекше мән берілуде. Қазіргі таңда тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
2025 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанында округтен 6 жас сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Әкім азаматтардың әскери қызметке баруы елге, жерге деген адалдықтың белгісі екенін және алдағы уақытта әскерге барушылар санының арта түсетініне үміттенетінін жеткізді.
Округтің жер көлемі жалпы 40,3 мың гектарды құрайды. Оның 18,3 мыңы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер болып табылады. 2025 жылы күріш, ескі және жаңа жоңышқа, бидай егу жұмыстары тиісті көлемде жүргізілді. Мал шаруашылығында да өсім бар: 2024 жылы 15 015 бас болса, биыл 15 136 бас мал тіркелген.
Бұл – еңбекқор тұрғындары мен бірлігі жарасқан елді мекен. Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында ауқымды жұмыстар атқарылды. Әкім Сейдуали Әбдіқадыровтың айтуынша, алдағы уақытта ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жобалар қаржылық мүмкіндіктерге сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.