Қарауылтөбе ауылы егін шаруашылығымен танымал. Жалпы 68060 гектар жердің 5396,9 гектары ауыл шаруашылығына бөлінген. Оның ішінде 1317,2 гектар егістікке арналған. Биыл ауылда 700 гектарға күріш, 124 гектарға ескі жоңышқа, 276 гектарға жаңа жоңышқа, 5 гектарға бидай, 10 гектарға арпа, 150 гектарға қант құмайы және 3 гектарға бақша өнімдері егілді. Бұл өнімдер жақын арада елдің қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімінің міндетін атқарушы К. Жүсіпов БАҚ өкілдеріне ауылда жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.
Ауылдың тұрғын саны шамамен 3000 адамды құрайды, оның ішінде экономикалық белсенділері – 1304 адам. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны – 402, ал жұмыссыздар 24 адам. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында 1 адам жастар тәжірибесіне, 18 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 2 адам кәсіптік оқуға тартылды.
Қарауылтөбе ауылдық округінде 131 шағын кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Биылғы екінші тоқсанда 6 кәсіпкерлік тіркеліп, 6 тұрақты жұмыс орны ашылды. «Бизнес-Бастау» бағдарламасы бойынша 8 тұрғын оқу курсын аяқтап, қайтарымсыз грант алуға өтініш берді. Осы тоқсанда 3 жоба қаржыландырылды. «Байқоңыр ӘКК» АҚ арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 8,6 млн теңге көлеміндегі 1 жоба, ал «Аграрлық Несие корпорациясы» АҚ арқылы «Іскер» бағдарламасымен 16,8 млн теңге сомасындағы 2 жоба қолдау тапты. Бұл жобалар ауыл тұрғындарының әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Инфрақұрылым мәселелері де назардан тыс қалмауда. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 1,9 млн теңгеге жаңа қоныс аумағындағы №4 және №5 көшелер жарықтандырылды. Сонымен қатар «Жарықтандыру» бағдарламасымен №7, №8 және №9 көшелерге 3,3 млн теңгеге жарық бағаналары орнатылып, ауылдың ішкі аумақтары жарыққа толды.
Балаларға арналған ойын алаңы да салынады. С. Байсейітов көшесінің бойында орналасқан алаңның құрылысы «Әділжан и К» ЖШС мердігерлігімен жүргізілуде.
Ауылдағы санитарлық тазалықты қамтамасыз ету үшін әкімдік 1 млн теңгеге ЖК «Бекішов» мекемесімен келісімшарт жасап, ауыл ішін тазарту жұмыстарын жүргізуде.
Ауылдың барлық көшесін электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында «Қызылорда электр тарату тораптары» компаниясымен 10,5 млн теңгеге, ал жарық бағаналарына техникалық қызмет көрсету үшін «Инно Тех» ЖШС-мен 12,2 млн теңгеге келісімшарт жасалып, жыл бойы қажетті жұмыстар атқарылмақ.
