Блог

    Ақпараттық хабарлама: Құрылтай-2026 сайлауына Salemnews.kz сайтында үгіт материалдарын орналастыру шарттары

    Facebook X (Twitter) Instagram
    • Басты бет
    • Жаңалықтар
    • Мәселе
    • Жастар
    Facebook X (Twitter) Instagram
    SALEM NEWS
    Жаңалық жіберу
    SALEM NEWS
    Home»Жаңалықтар»«Қала халқы толықтай сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген»: «Қызылорда су жүйесі» директоры Жасұлан Абатов
    Жаңалықтар

    «Қала халқы толықтай сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген»: «Қызылорда су жүйесі» директоры Жасұлан Абатов

    SalemnewsSalemnews31.05.202646 Mins Read
    Бөлісу
    Facebook Twitter Telegram WhatsApp

    Ауыз су – тұрғындардың өмір сапасы мен денсаулығына тікелей әсер ететін стратегиялық ресурс. Осы орайда қала халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, су құбырларының жай-күйі, су қысымына қатысты мәселелер, тариф саясаты мен алдағы инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысы жайлы «Қызылорда су жүйесі» МКК директоры Жасұлан Абатовпен сұхбаттастық.

    «Қызылорда су жүйесі» МКК директоры Жасұлан Абатов

    – Қалада орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған тұрғындардың үлесі қанша пайызды құрайды?

    – Қамтылу деңгейі – 100 пайыз. Яғни қала халқы толықтай сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш тұрғындарды тұрақты әрі үздіксіз сумен жабдықтау бағытында атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесі деп айтуға болады.

    – Қала аумағында ауыз сумен қамтылмай отырған немесе қысымы төмен аудандар бар ма?

    – Орталықтандырылған ауыз су жүйесінен тыс қалып, мүлдем сусыз отырған аймақтар жоқ. Қамту көрсеткіші толық сақталған.

    Дегенмен, кейбір аумақтарда, әсіресе мамыр-тамыз айлары аралығындағы жазғы маусымда су қысымының төмендеуі байқалады. Бұл негізінен тұрғындардың ауыз суды бау-бақша суаруға, аула тазалауға және басқа да шаруашылық мақсаттарға көп мөлшерде пайдалануымен байланысты.

    Қазіргі уақытта магистральдық желілердегі орташа қысым 2,1 МПа деңгейінде тұрақты ұсталып отыр. Ал қаланың шеткі бөліктеріндегі жаңа тұрғын үй массивтерінде қысым табиғи түрде 1,6 МПа шамасына дейін төмендейді.

    Мәселені шешу үшін кәсіпорын тарапынан қосымша су алу ұңғымаларын іске қосу, магистральдық желілерді кеңейту, су көтеру станцияларын салу және ауыз суды мақсатсыз пайдалануға қатысты рейдтік бақылау шараларын жүргізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

    – Биыл ауыз су жүйесін жаңғырту немесе жаңа желілер салу бағытында қандай жобалар қолға алынды?

    – Қазіргі уақытта «Қызылорда қаласы орталық бөлігінің су құбыры желілерінің құрылысы» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты – тозығы жеткен құбырларды заманауи материалдардан жасалған жаңа желілерге ауыстыру.

    Сонымен қатар құбырлардың диаметрін ұлғайту арқылы су қысымын арттыру көзделген. Нәтижесінде тұрғындарды үздіксіз әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мүмкіндігі кеңейеді.

    – Қала тұрғындарына берілетін ауыз судың сапасы қалай бақыланады?

    – Су сапасын бақылау – кәсіпорын қызметінің негізгі бағыттарының бірі.

    Кәсіпорынның аттестатталған зертханасы Бас су жинау кешенінен, су ұңғымаларынан, екінші су көтеру насос станциясынан, таза су қоймаларынан және орталықтандырылған тарату желілерінен тұрақты түрде сынамалар алады.

    Зертханалық бақылау барысында микробиологиялық, радиологиялық, химиялық, органикалық және органикалық емес заттар бойынша, сондай-ақ органолептикалық көрсеткіштерге талдау жүргізіледі.

    Судың сапасы тәулік бойы бақылауда болады. Мамандар әр 30-60 минут сайын тиісті тексерулер жүргізеді. Бұдан бөлек, қалалық су жүйесіндегі 19 бақылау нүктесінен күн сайын бактериологиялық және химиялық сараптамалар алынады.

    Барлық бақылау жұмыстары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

    – Биыл ауыз су сапасына қатысты қандай зертханалық зерттеулер жүргізілді?

    – Қала тұрғындарынан су сапасына қатысты өтініш немесе шағым түскен жағдайда зертханалық сараптамалар тегін жүргізіледі.

    Бүгінгі күнге дейін тұрғындардан ауыз су сапасына қатысты 85 өтініш пен шағым келіп түсті. Барлық жағдай бойынша зертханалық тексерулер жүргізілді.

    Нәтижесінде алынған сынамалардың барлығы қолданыстағы мемлекеттік стандарттарға сәйкес келетінін көрсетті. Атап айтқанда, ауыз су сапасы 2874-82 ГОСТ талаптарына толық сай.

    – Қызылорда қаласының ауыз су қоры қай көздерден алынады?

    – Кәсіпорынның негізгі міндеті – қала тұрғындарын үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету және кәріз суларын бұру мен тазарту жұмыстарын ұйымдастыру.

    Бүгінде кәсіпорын теңгерімінде 117 ұңғыма бар. Оның 111-і Қызылжарма жер асты су кен орнында, ал қалған 6 ұңғыма Қызылорда кен орнында орналасқан.

    Қазіргі таңда 86 ұңғыма жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 16 ұңғыма ағымдағы жөндеуде болса, 13 ұңғыма күрделі жөндеуден өтуде. Тағы 2 ұңғыма резервте сақталған.

    Қала тұрғындарына тәулігіне орта есеппен 54,06 мың текше метр ауыз су беріледі. Су желі арқылы 2,1–2,3 атмосфералық қысыммен таратылады.

    Қолда бар қор қала тұрғындарының қазіргі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жеткілікті.

    – Су құбырларының тозу деңгейі қандай?

    – Бүгінде кәсіпорын теңгерімінде жалпы ұзындығы 984,41 шақырым болатын су құбыры желісі бар. Оның тозу деңгейі 15 пайызды немесе 147,66 шақырымды құрайды.

    Тозуды азайту мақсатында бекітілген тарифтік смета аясында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

    Атап айтқанда, 410,1 метр ауыз су желісі жөнделіп, 54 дана тозығы жеткен ысырма мен кері клапан жаңасына ауыстырылды.

    – Соңғы жылдары су құбырына байланысты қанша апаттық жағдай тіркелді?

    – Өткен жылы ауыз су жүйелерінде барлығы 610 ақау тіркелді. Оның 183-і қалалық магистральдық және тарату желілерінде орын алса, 427 жағдай жеке секторларға тиесілі. Тіркелген ақаулардың қалпына келтірілді.

    – Апаттық жағдай кезінде ауыз суды үздіксіз қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданады?

    – Су беру қызметі жоспардан тыс жағдайда жиі тоқтатылмайды. Тек авариялық жағдайларды жою немесе жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындаған кезде уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін.

    Мұндай жағдайларда тұрғындарға алдын ала әлеуметтік желілер мен ресми ақпараттық арналар арқылы хабарлама беріледі.

    – Қалада суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?

    – Мемлекет басшысы 2025 жылғы 9 сәуірде қол қойған жаңа Су кодексіне сәйкес, су ресурстарын ұтымды пайдалану талаптары күшейтілді.

    Осыған байланысты кәсіпорын автожуу орындарына, моншаларға, кір жуу кешендеріне және су тұтыну көлемі жоғары өзге де кәсіпкерлік нысандарға айналымды және қайталама сумен жабдықтау жүйелерін енгізу қажеттілігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

    Бұл шаралар су ресурстарын тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыруға және шығынды азайтуға бағытталған.

    – Жыл басынан бері тұрғындардан қанша арыз-шағым түсті?

    – 2026 жылдың басынан бері ауыз су жүйелерінде 254 ақау тіркелді. Оның ішінде 76 жағдай қалалық магистральдық және тарату желілерінде, ал 178 жағдай жеке секторларда орын алған.

    Бүгінгі күнге дейін олардың 187-сі толық қалпына келтірілді.

    – Биыл ауыз су тарифіне өзгерістер енгізілді ме?

    – Иә, биыл ауыз су қызметінің тарифіне өзгерістер енгізілді. 25 мамырдан бастап 2027 жылғы 30 сәуірге дейін жеке тұлғалар үшін тариф көлемі 80,53 теңге/м³ болып белгіленді. Ал бюджеттік ұйымдар мен өзге де тұтынушылар үшін тариф 342,56 теңге/м³ құрайды.

    Тарифтің өзгеруіне бірнеше негізгі себеп әсер етті. Біріншіден, «Тарифті инвестицияға айырбастау» мемлекеттік бағдарламасы аясында тозған желілерді жаңғырту және жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру көзделген.

    Екіншіден, коммуналдық сала қызметкерлерінің жалақысын көтеру қажеттілігі туындады. Бұл авариялық жағдайларда жұмыс істейтін мамандардың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін маңызды.

    Үшіншіден, электр энергиясы, реагенттер және жөндеу материалдарының бағасы айтарлықтай өсті. Сонымен қатар қосымша құн салығының ұлғаюы да қызмет құнына әсер етті.

    – Қаладағы су тазарту нысандарының техникалық жағдайы қандай?

    – Қазіргі уақытта қаладағы су тазарту нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жалпы техникалық жағдайы қанағаттанарлық деңгейде.

    Сонымен бірге нысандардың тиімділігін арттыру мақсатында оларды қайта жаңғырту жобасы жоспарланып отыр. Қазір осы бағыттағы жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

    – Алдағы жылдары ауыз су жүйесін дамытуға қатысты қандай негізгі жоспарлар бар?

    – Қызылорда қаласын тұрақты әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар әзірленіп жатыр.

    Олардың қатарында Тасбөгет кенті, Сейфуллин көшесінде орналасқан «Бас су алу құрылымын қайта жаңғырту және кеңейту» жобасы бар.

    Сонымен қатар қаланың Сол жағалау тұрғын ауданын сумен қамтамасыз ету үшін Торанғылсай жер асты сулары кен орнынан су алу бастоғаны мен сорғы-сүзгілеу станциясын салу жобасы әзірленуде.

    Бұл бастамалар Қызылорданың өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, алдағы ондаған жылдарға арналған сенімді су инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.– Сұхбатыңызға рахмет

    Ауызсу Қамысқала Қызылорда
    Previous ArticleҚызылорда қаласында Ботаникалық бақ ашылады
    Next Article «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбековке қатысты қуанышты хабар тарады
    Salemnews
    • Website
    • Facebook

    Ұқсас жазбалар

    Қызылжармадағы қарқынды даму: инфрақұрылымнан кәсіпкерлікке дейінгі өзгерістер

    27.07.2026

    Ғалымдар адам өмірінің биологиялық шегін анықтады

    27.07.2026

    Павлодар облысындағы көмір кенішінде жұмысшы қаза тапты

    26.07.2026
    Соңғы жаңалықтар

    Тоқаев ұсынған «таза көмір» технологиясы климат өзгерісіне қалай әсер етеді?

    23.06.202611 658 Views

    Сақтандыру: апаттан алымға дейін

    10.04.20257 623 Views

    CO₂: қазақстандық кәсіпорындар Париж келісімін сақтап отыр ма?

    19.12.20255 642 Views
    Әлеуметтік желілер
    • Facebook
    • WhatsApp
    • Instagram

    «SALEMNEWS.kz» ақпарат агенттігіне гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.
    18+

    Facebook X (Twitter) Instagram Pinterest
    • Басты бет
    • Жоба туралы
    • Сайтты қолдану ережесі
    • Байланыс
    © 2026 Salemnews.kz. Барлық құқықтар сақталған
    Яндекс.Метрика

    Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.