
Қала келбеті жаңа кейіпке еніп, күннен күнге көркейіп, тазалығы мен әсемдігі артуда. Соңғы жылдары «Таза қала» республикалық жобасы аясында қолға алынған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Қызылорда көштің алдыңғы қатарында тұр. Бұл жөнінде қалалық қоғамдық даму бөлімі ұйымдастырған баспасөз турында толық ақпарат берілді.
Көгалдандыру — басты бағыт
Қала әкімдігі тұрғындарға жайлы орта жасауға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Әсіресе, көгалдандыру шаралары қаланың көркін арттырып, тұрғындардың көңілін сергітуде. Қураған ағаштарды кесу, орнына тал егу, саябақтар мен аллеяларды жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
– Қаланы көгалдандыру – басты міндетіміз. Жыл басынан бері 20 мыңнан аса ағаш отырғызылды. Қазір қысқы маусымға дайындық жүріп жатыр. Ағаштарға тыңайтқыштар беріліп, топырақ қайта қопсытылуда. Қайта жаңғыртудан өткен «Президент саябағындағы» ағаштарға құрылыс кезінде зиян тимеу үшін Бейбарыс Сұлтан көшесіне көшірілді. Қазіргі таңда 250-ге жуық жұмысшы тынбай еңбек етуде. Басты мақсат – Қызылорданы жасыл қалаға айналдыру, – дейді агроном Нұрмахан Жұмағылов.
Табиғи қиындықтарға қарамастан жасыл желек өсіру
Қызылорданың климаты жасыл желек өсіруге қолайлы емес болғанымен, мамандар тыңайтқыштар мен арнайы дәрілерді қолданып, зиянкестермен күрес жүргізу арқылы мәселені шешуде. Жыл сайын 15 мың түп ағаш отырғызылады, 500 мыңнан астам гүл егілуде, 10 гектардан астам аумаққа көгал төселуде.
Жасыл желектердің күтімі және қауіпсіздік шаралары
Жасыл желектерді күтуге компания жауапты болып, қураған ағаштардың орнына жаңалары отырғызылады. Автоматты суару жүйесі енгізіліп, су үнемдеу қолға алынған. Қауіпсіздік мақсатында электр сымдарына тиіп тұрған немесе құлау қаупі бар ағаштарды кесу жұмыстары арнайы бригадалармен жүзеге асырылып, қауіпсіздік шаралары сақталады.
Қала көшелері де гүлдермен көмкерілуде. Мысалы, Назарбаев көшесіне жыл сайын 200 мыңнан астам гүл отырғызылады. Бұл жұмыстар қала тұрғындарына экологиялық таза әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Қаланың жасыл желекке толуы – тұрғындардың да еңбегі
Қызылорда жасыл желекке толы, экологиялық таза қалаға айналуда. Бұл — тек әкімдік пен мердігер мекемелердің еңбегі ғана емес, қала тұрғындарының да ортақ ісі. Әр тұрғын өз ауласын көгалдандырып, ағаш отырғызуға үлес қоса білуі маңызды.