Фото: видеодан скрин
Шымкентте осыдан төрт жыл бұрын қолданысқа берілген «Шымқала» атты тарихи-мәдени кешен қирап жатыр. Кешен құрылысына бюджеттен шамамен 3 миллиард теңге жұмсалды. Бұл туралы salemnews.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Салынағана небәрі төрт жыл болған кешеннің плиткалары құлап, ішкі әрлеуі жарылып, көшелерін арамшөп басқан. Келген туристер осы үшін ақша төлейді. Бұдан бөлек, бұл үлкен кешен құжаттары да жоқ болып шықты.
«Шымқала» тарихи-мәдени кешені көне қалашықтың орнында салынған. Бұл жерден археологтар ежелгі құрылыстардың бөліктерін тапқан. Алайда келушілер кешен құрылысының сапасыз екенін айтады. Кешендегі ең үлкен жарықтар мен қаптамасы түскен тұстарды көзге түспесін деп түрлі материалдармен жауып қойған. Кешеннің бір бөлігі болып саналатын этноауыл мүлде жабылып қалған. Ондағы киіз үйлер мен әткеншектер шетке ысырылып, шаң басып тұр. Туристер тартуы тиіс кешен осылайша қирап жатыр. Соған қарамастан, сырттан келген қонақтардан кешенге кіру үшін 1000 теңге төлем алынады.
Кешен директоры құрылысты цитадельді жөндеу немесе қайта жаңарту үшін қаражат сұрау мүмкін емес екенін айтты. Себебі 4,5 гектар аумақты алып жатқан кешеннің жердің мемлекеттік актісінен басқа бірде-бір құжаты жоқ. Мұның қалай болғанын әкімдік те білмейді. Бірақ биыл барлық құжаттарды реттеу жоспарланып отыр. Ал сол құжаттар дайын болмай, жөндеу жұмыстары да басталмайды.
“Бізде тек жердің мемлекеттік актісі ғана бар. Бұл жердің құжаттарының жоқтығына нысанның пайдалануға қабылдау актісінің болмауы себеп деген болжам бар. Бізде жаңадан салынған нысандарға да, қайта қалпына келтірілген ескерткіштерге де қатысты ешқандай құжат жоқ”, – дейді Шымкент қаласы музейлер бірлестігінің Мемлекеттік қазыналық кәсіпорын директоры Жандос Құрбан.
Қазір кешен музейдің балансында тұр.