Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кенті соңғы жылдары қарқынды өзгеріп келеді. Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, қоғамдық кеңістіктерді көбейту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» экологиялық тұжырымдамасы аясындағы жұмыстар да жүйелі жалғасып келеді.
Белкөл кентінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы кент әкімі Жасұлан Сәду айтып берді.
– Биыл Белкөл кентін дамыту бағытында қандай басым жобалар жүзеге асырылып жатыр?
– Басты мақсатымыз – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартатын инфрақұрылымдық жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру. Осы бағытта кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бірнеше маңызды жұмыс қолға алынды.
Қазіргі таңда Белкөлдің орталық көшесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған ойын алаңдары салынып, көшелерге түнгі жарық бағаналары орнатылуда. Бұл жұмыстар кенттің келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне де оң әсерін тигізеді.

– Соңғы жылдары инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту бағытында қандай нәтижелерге қол жеткізілді?
– Бұл бағытта өткен жылы ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, Қ. Әбдіқадыров көшесіне ұзындығы 1,9 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолы салынды.
Көшелерді жарықтандыру жұмыстары да жалғасын тапты. Бірлік және Путейцев көшелеріне, сондай-ақ Қ. Әбдіқадыров көшесінің бірнеше бөлігіне жаңа жарық бағаналары орнатылды. Бұл жұмыстарға ондаған миллион теңге бағытталды. Сонымен қатар Бірқазан елді мекенінің орталық көшесі де толық жарықтандырылды.
Балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада демалуына жағдай жасау мақсатында Бірлік көшесінде жаңа ойын алаңы салынды. Қазіргі таңда ол тұрғындардың игілігіне пайдаланылып отыр.
Электр желілерін жаңарту да маңызды жұмыстардың бірі болды. Бұрыннан тозығы жеткен желілердің орнына Жерұйық, Сарыарқа және Бірлік көшелерінде жаңа электр желілері тартылды. Бұл электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін едәуір арттырды.
Көпқабатты тұрғын үйлердің де жағдайын жақсартуға көңіл бөлінді. №1, №11 және №12 үйлердің шатырлары жөнделіп, аулалары абаттандырылды.
Жол инфрақұрылымы бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілді. Белкөл кентіндегі Жерұйық, Путейцев тұйығы, Қ. Әбдіқадыров көшесінің бірнеше бөлігінде және басқа да көшелерде жалпы құны 169,4 миллион теңгені құрайтын орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көшелерге асфальт төселді.

– Көшелерді жарықтандыру мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударып келеміз. Соңғы үш жылдың ішінде кенттің 13 көшесіне жаңа жарық бағаналары орнатылды. Бұл кешкі уақытта тұрғындардың қауіпсіз жүріп-тұруына мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен бірге кенттің негізгі бес көшесіне орталықтандырылған бейнебақылау камералары орнатылды. Олар қоғамдық тәртіпті сақтауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі.
Биыл жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту мақсатында қосымша 50 жол белгісі орнатылып, қауіпті аймақтарға жасанды жол кедергілері қойылды.
– Белкөлде тұрғындардың демалысына арналған қоғамдық кеңістіктерді көбейту бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Біз тұрғындардың тек инженерлік инфрақұрылыммен ғана емес, жайлы қоғамдық кеңістіктермен де қамтамасыз етілуіне басымдық береміз. Сол себепті кентте балалар ойын алаңдары мен спорттық жаттығу алаңдары салынып жатыр. Сонымен қатар абаттандыру, көшелерді асфальттау, көпқабатты үйлердің шатырларын жөндеу және жаңа жарық шамдарын орнату жұмыстары қатар жүргізілуде. Осындай жобалардың барлығы тұрғындардың күнделікті өмірін қолайлы етуге бағытталған.
– «Таза Қазақстан» бағдарламасы Белкөлде қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Бұл бастама біздің кентте де тұрақты жалғасып келеді. Акция аясында көшелер, қоғамдық орындар және су айдындарының жағалаулары тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, жаңа ағаш көшеттері отырғызылуда.
Сонымен бірге апта сайын сенбіліктер өткізіліп, оған мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, жастар және тұрғындар белсенді қатысады. Бұл жұмыстар бір реттік шара емес, тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

– Санитарлық тазалықты сақтау және заңсыз қоқыс орындарының алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Тазалық мәселесі жүйелі бақылауда. Кент тұрғындары тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару үшін «Қызылорда Тазалығы» мекемесімен келісімшарт жасаған.
Ал заңсыз қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу мақсатында тұрақты рейдтер ұйымдастырылады. ҚР құқық бұзушылық туралы кодексінің 434 және 505-баптарына сәйкес ескерту беріліп, қажет болған жағдайда әкімшілік айыппұлдар салынады. Біздің мақсат – тұрғындарды жазалау емес, ең алдымен тазалық мәдениетін қалыптастыру.
– Соңғы жылдары Белкөлде тұрғындар көптен күткен қандай мәселе шешімін тапты?
– Соңғы жылдардағы ең маңызды жобалардың бірі – теміржол үстінен салынған жаяу жүргіншілер көпірі. Ол әсіресе оқушылар мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан аса маңызды болды. Бұрын теміржолдан өту үлкен қауіп тудырса, қазір бұл мәселе толық шешімін тапты.
Сонымен қатар орталық көшені қайта жаңғырту нәтижесінде аяқ су мәселесі де реттеліп, көшенің инженерлік жағдайы едәуір жақсарды.

– Ал бүгінде әкімдік үшін шешімін күтіп тұрған басты мәселелер қандай?
– Кез келген елді мекенде кезең-кезеңімен шешілетін мәселелер болады. Белкөлде де тұрғындардың ұсыныстары негізінде жұмыстар жалғасып келеді.
Алдағы уақыттағы маңызды жобалардың бірі – кент тұрғындары үшін заманауи мәдени-демалыс саябағын салу. Мұндай қоғамдық кеңістік балалардың, жастардың және үлкендердің бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
– Белкөлдің алдағы даму жоспары қандай?
– Біздің басты мақсатымыз – халықтың өмір сүру сапасын тұрақты түрде арттыру. Сол үшін инженерлік инфрақұрылымды одан әрі жаңғырту, ауыз су, газ, электр және коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Сонымен қатар жолдарды жөндеу, электр желілерін жаңарту, қоғамдық кеңістіктерді көбейту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді.
Белкөлдің әлеуеті жоғары. Сондықтан алдағы жылдары да мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, кенттің тұрақты дамуына жұмыс істейтін боламыз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
