Бүгін Қызылорда қалалық мәслихатының кезекті отырысы өтті. Онда экономика, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік сала және құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы екі тақырыпты тарқатқанын көрдік. Біріншісі – Қызылорда қаласында ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының орындалу барысы, екіншісі – қала аумағында жергілікті өнеркәсіп орындары мен өңдеу өнімдерін дамыту ісі.
Басқосуға тұрақты комиссия төрағасы М.Әбдіқалықов төрағалық етті. Комиссия отырысына қала әкімінің орынбасары Д.Абызов, облыстық басқармалар мен департаменттің, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ, облыстық кәсіпкерлік палатасы, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржылық ұйымы» өкілдері, қалалық дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Алдымен ауылдық аймақатарды дамыту мәселесі сараланды, Аталған тақырып бойынша қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г.Баймаханова баяндама жасап, негізгі көрсеткіштерге тоқталды.
Бөлім басшысының сөзінше, үкіметтің «2023-2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын» іске асыру аясында Қызылорда қаласының ауылдық аймақтарында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Инфрақұрылымды дамыту бойынша елді мекендерде ауызсу 100% қосылған, газдандыру деңгейі – 61,5%, 5 елді мекенді газдандыру жобалау жұмыстары жүргізілуде, 2023-2024 жыл аралығында 79 көше (69,4 шақырым) пайдалануға берілсе, 2025 жылы 27 көше (30,2 ша¬қырым) күрделі жөндеуден өткен. Электр желісін жаңғыртуға 3629,9 млн теңге бөлініп, 123,6 шақырым желі салынуда. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасымен биыл Қызылжарма ауылында 600 орындық мектеп ашылып, 2026-2027 жылдары Ж.Маханбетов ауылында мектеп салу жоспарлануда. Денсаулық сақтау саласында 2 жаңа нысан пайдалануға берілді.
Қазіргі таңда Тасбөгет кенті мен Ақсуат ауылдық округі спорт кешені пайдалануға беріліп, 7 ауылдық округте ойын алаңы пайдалануға берілген. Облыс әкімінің өкімімен бекітілген «Құрылысын салуға жататын білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандарының» тізбесіне сәйкес Белкөл кенті, Қызылжарма, Қарауылтөбе, Ақжарма, Қосшыңырау, Талсуат ауылдық округінде спорт кешенінің құрылысын салу жоспарланған.
– Сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша ауылдық елді мекендерде орталықтандырылған ауызсуға 100 пайыз қосылған. Елді мекендерді газбен қамтамасыз ету деңгейі бойынша қазіргі таңда 13 елді мекеннің 8-і газдандырылды. Олардың қатарында Талсуат, Абай, Досан, Маханбетов, Қызылжарма, Қарауылтөбе, Баймұрат, Талдыарал ауылдары бар. Осылайша газбен қам¬тылу деңгейі 61,5%-ға жетті.
Бүгінде Қызылөзек ауылдық округінде газдандыруға жоба сметалық құжатын әзірлеуге қалалық бюджеттен 26,3 млн теңге бөлінді. Мәдениет саласы бойынша 9 мәдени нысан жұмыс істеуде. 2023 жылы Талсуат және Қарауылтөбе ауылдық округінде 150 орындық клуб нысаны пайдалануға берілді, – дейді бөлім басшысы.

Қызылордада қандай жоба қолға алынады?
Жиынның екінші тақырыбына айналған жергілікті өнеркәсіп орындары мен өңдеу өнімдерін дамыту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Тақырыптың мән-жайын қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы М.Жетілгенов жеткізді. Байқағанымыз, мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлердің жобасын жеңілдетілген несиелендіру жыл сайын артып келеді. Әсіресе өндіріс саласындағы жобаларға ерекше назар аударылып, басымдық берілуде. Қазір қаладағы өнеркәсіп өндірісі 401,6 млрд теңгені (81,9%), оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 78,4 млрд теңгеге (100%) жетті.
– Мәселен, биыл екінші деңгейлі банктер арқылы жалпы құны 3,6 млрд теңгеге 64 жоба қаржыландырылса, оның 2 млрд теңгені құрайтын 32 жобасы өндіріске бағытталған. Облыс әкімінің қолдауымен жергілікті деңгейде өндіріс саласын қаржыландыру шаралары үздіксіз жүзеге асырылуда.
Өткен жылдан бастап «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ арқылы «Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуді дамыту» пилоттық жобасы іске қосылып, өткен жылы 299,5 млн теңгеге 16 жоба, биыл 293,5 млн теңгеге 7 жоба қаржыландырылды, – дейді М.Жетілгенов.
Бұдан өзге де жаңалық жетерлік. Мысалы, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша өңдірістік бағытта 217,15 млн теңгені құрайтын 25 жоба жеңілдетілген пайызбен несиелендірілсе, өндірістік бағытта қаланың сол жағалауындағы шағын өнеркәсіп алаңы «Тұмар» ЖК іске қосылып, онда 7 кәсіпкер кәсібін жүргізуде. Оларға 3%-бен 155 млн теңгеге қолдау көрсетілген. Сондай-ақ, сол жағалауда екінші шағын өнеркәсіптік алаңның құрылысы жүргізілуде.
Айта кетерлігі, өңдеу бағытында құны 10,3 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылып, 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған. Атап айтсақ, нан-тоқаш кондитерлік өнім шығару кешені, заманауи кірпіш шығару зауыты, жоғары технологиялық айна шығару зауыты шағын өнеркәсіптік паркі, жиһаз және тұшпара өндірісі іске қосылып, елдің әлеуметтік жағдайы жақсарып, қаланың өсіп-өркендеуіне жол ашылуда.
– Шетелдік инвестиция есебінен салынып жатқан ірі жобалардың бірі қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу электр орталығы жақын күндері пайдалануға берілмек. Сонымен қатар «With You E&C Kyzylorda» компаниясының тұрмыстық қатты қалдықты өңдеу зауытының құрылысы басталды. Зауыт іске қосылса, 200-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады, – дейді М.Жетілгенов.
Бұдан өзге күріш ақтау зауыты, қағаз-картон өндірісі, шағын өнер-кәсіптік алаңы және қайталама шикізатты дайын өнімге қайта өңдеу зауытының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін іске қосылу жоспарлануда.
Депутат назары
Отырыс барысында комиссия мүшелері тақырыппен танысып, бірқатар ұсыныс-пікірін білдірді. Әрбірі ауыл халқының көкейіндегі сауалдарды қоюға тырысты. Мысалы, депутат М.Есжанов қалаға қарасты 5 елді мекеннің (Белкөл кенті, Қосшыңырау, Қызылөзек, Ақ¬суат, Ақжарма) бас жоспарын жаңарту, Қарауылтөбе елді мекеніндегі тұрмысы төмен отбасына берілген 33 баспананың құжатын реттеуді ұсынды. Тіпті тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, ауылдық округтерде қоқыс қалдығы мен мал қиын тастайтын полигон салу мүмкіндігін қарастыруды айттты.
Ал депутат А.Мұсабаева кент, ауылдық округтерде салық түсімін көбейтіп, кіріс кіргізу жайын, кәсіпкерлік нысан мен инвестиция тарту мақсатында әкімдер рейтингісін жасауды алға тартты. Депутат А.Төлегенова болса, Тасбөгет кентінің бас жоспарын дайындауды мерзімінде аяқтау, «Даму» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банк арқылы берілетін несиенің пайызын төмендету жайын қозғағанын көрдік.
Сонымен қатар мәслихат төрағасы И.Құттықожаев «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмыс орнын көбейту, ауыл әкімдерінің 5 жылдық жұмыс жоспарын дайындап, инвесторлар тарту, жаңа жұмыс орнын ашудағы белсенділігін бағалауды назарға алса, депутат Б.Сыздықов өңдеу өнеркәсібі бағытында іс бастайтын азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндірме жұмысын жүргізу керек деп санайды.
