Елордада 11 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Salemnews.kz ақпарат агенттігі.
Қаланы дамыту барысында әлеуметтік нысандардың құрылысына ерекше назар аударамыз. Медициналық мекемелердің құрылысымен таныстым. Соңғы жылдары елордада 21 медициналық нысан салынып, пайдалануға берілді. Олар – Ұлттық ғылыми онкология орталығы, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы және қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін емханалар жанындағы 19 филиал. Дегенмен, жыл сайын тұрғындар саны өсіп келе жатқандықтан, медициналық мекемелерге деген сұраныс та артып отыр. Біз медициналық нысандардың құрылысына жеке қаржыландыруды да тартып жатырмыз, – деді қала басшысы.
Жыл соңына дейін «Нұрлы жол» теміржол вокзалының жанында ауысым сайын 350 келушіден қабылдай алатын жекеменшік клиника ашу жоспарланып отыр. Бұл клиника тұрғындарға мемлекеттік тапсырыс бойынша қолжетімді медициналық көмек көрсетеді.
