Бүгін Алматы қаласында Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы, көрнекті ақын әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың рухына арналған 40 күндік ас берілді.
Еске алу шарасы 30 мамыр күні Алматыдағы «Triumph Hall» мейрамханасында өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мәдениет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Мұхтар Шахановтың шығармашылығын құрметтейтін азаматтар қатысты.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, шараға шамамен 500-ге жуық адам жиналған. Ас беруші тарап ретінде Шымкент қаласының әкімдігі аталды.
Еске алу жиынында Мұхтар Шахановтың қазақ әдебиеті мен руханиятындағы айрықша орны, елдің қоғамдық-саяси өміріне қосқан сүбелі үлесі кеңінен сөз болды. Қатысушылар ақынның шығармашылық мұрасы, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі еңбегі мен тәуелсіздік жылдарындағы азаматтық ұстанымы туралы естеліктерімен бөлісті.

Шара барысында марқұмның рухына Құран бағышталып, дұға оқылды. Сондай-ақ ақынның замандастары мен ізбасарлары оның қазақ қоғамындағы орны ерекше тұлға болғанын атап өтіп, өнегелі өмір жолы мен артында қалған мол рухани мұрасы ұрпақ жадында сақталатынын жеткізді.
Мұхтар Шаханов – қазақ әдебиеті мен қоғамдық ойының дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер. Оның шығармалары ұлттық рухты көтеріп, елдік мәселелерді көтеруімен ерекшеленеді. Ақынның рухына арналған 40 күндік ас оның халқына сіңірген еңбегіне көрсетілген құрметтің бір көрінісі болды.
