Фото: видеодан кадр
Сотта Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов жауап берді, — деп хабарлайды salemnews.kz Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
«Қорғану мақсатында қолыма пышақ алдым. Нұрбол Тоқтаубаев «хуторскийміз» дегенде сескендік. Бізді түсінбейді, төбелес тоқтамайды, бәрібір өзінікін жасап кетеді деген ой болды. Ауылда еститінбіз. Олар бірде-бір төбелесіп, осы уақытқа дейін әңгімені шешкен емес. Қаншама бала жарақат алған. Себебі ауылдағы «Хутордың» балалары көршімізді солай пышақтап атып, өлтіріп кеткен. Мен сескеніп, өзімді қорғау мақсатында қолыма май кесетін пышақты алдым», — деді ол сот отырысы барысында.
Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?
Еске салайық, былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, олардың үйі өртеніп кетті.
Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті алдын ала деректер бойынша ол суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрғанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Артынша Шерзат Болаттың әпкесі қамауға алынды. Кейін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.