Блог

    Ақпараттық хабарлама: Құрылтай-2026 сайлауына Salemnews.kz сайтында үгіт материалдарын орналастыру шарттары

    Facebook X (Twitter) Instagram
    • Басты бет
    • Жаңалықтар
    • Мәселе
    • Жастар
    Facebook X (Twitter) Instagram
    SALEM NEWS
    Жаңалық жіберу
    SALEM NEWS
    Home»Жаңалықтар»Climate VS Energy: Шахтадан бөлінетін метанды электр энергиясына айналдыру мүмкін бе?
    Жаңалықтар

    Climate VS Energy: Шахтадан бөлінетін метанды электр энергиясына айналдыру мүмкін бе?

    SalemnewsSalemnews20.11.2026311 Mins Read
    Автор: Қуат Сәден
    Бөлісу
    Facebook Twitter Telegram WhatsApp


    Казақстан әлемдегі жетекші көмір өндіруші елдердің қатарына кіреді. Алайда көмір өндірісінің экологиялық зардабы да айтарлықтай – өндіріс орындарынан бөлінетін парниктік газдар климат өзгерісін күшейтіп отыр. Сондықтан сарапшылар көмір өндіру кезінде бөлінетін метанды ұстап қалып, оны электр энергиясына айналдыру қажет деген пікірде. Бұл ұсыныс Қазақстан үшін қандай мәнге ие, идеяның іске асуы мүмкін бе?

    Метан және климат

    Халықаралық энергетика агенттігінің Global Methane Tracker 2026 шолуында жарияланған ақпаратқа сенсек, жаһандық жылынудың шамамен үштен біріне метан ықпал етеді. Себебі метан көмірқышқыл газымен салыстырғанда атмосферада жылдам ыдырайды. Егер кен орындарында метан шығарындыларын азайту шаралары жүйелі түрде жүргізілсе, алдағы онжылдықта жаһандық температураның көтерілу қарқынын бәсеңдетуге болады.
    Осы орайда Орталық Азия үшін метан шығарындыларын азайтудың маңызы ерекше. Аймақта трансшекаралық өзендерге тәуелділік жоғары әрі суармалы егіншілік кеңейіп, мұздықтар еріп келеді. Әрине, ауаға тарайтын метанның үлесін азайту су тапшылығын өздігінен шешпейді, бірақ климатқа түсетін антропогендік қысымды төмендететіні сөзсіз.
    Астана халықаралық университетінің ғылым және инновация жөніндегі проректоры, химия саласының PhD докторы Еламан Айбульдиновтің айтуынша, метанның әсері тек жаһандық температурамен шектелмейді. Ол тропосфералық, яғни жерге жақын озонның түзілу үдерісіне қатысады. Мұндай озон ауа сапасына, тыныс алу денсаулығына және ауыл шаруашылығы өнімділігіне кері әсер етуі мүмкін. Сөйтіп, метан шығарындыларын азайтудың климаттық саясатпен қатар, қоғамдық денсаулық пен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуге көмегі зор.
    – Метанның климаттың өзгеруіне айтарлықтай ықпал етеді. Сондықтан Қазақстан Париж келісімін ратификациялағаннан кейін атмосфераға таралатын парниктік газдардың көлемін азайтуы, соның ішінде метанды өндірісте тиімді пайдалануға басымдық беруі қажет. Метанды ауаға жібермей, оны тікелей өндірістікке жарату экологиялық тәуекелдерді төмендетуге, қосымша энергия алуға мүмкіндік береді, – дейді ғалым.

    Қарағанды көмір бассейні метанды падалана ала ма?

    Қарағанды көмір бассейнінің қоры қомақты. Дегенмен көмір қабатындағы газ көлемін бірден отын қоры ретінде қарастыру қиын. Газды өндіру коэффициенті қабаттың өткізгіштігіне, тереңдігіне, қысымына, өндіріс технологиясына, дегазация жүйесінің сапасына тәуелді. Ал метаннан электр энергиясын алуға генерациялық жабдық, электр желісіне қосылу шарттары, жылу тұтынушысының жақындығы, тіпті газ ағынының тұрақтылығы әсер етеді.
    Қазір Қарағанды облысының көмір шахталарынан жылына 300 миллион текше метрден астам метан бөлінеді. Сол метанды кәдеге жарату көлемі шамамен жылына 17 миллион текше метр деңгейінде ғана. Бұл көрсеткіш Қазақстанның көмір өнеркәсібінде метанды жинау және кәдеге жарату жұмыстары әлі жеткілікті деңгейде дамымағанын аңғартуда.

    Автор: Қуат Сәден

    Айта кетерлігі, елде көмір қабаттарында кездесетін табиғи газ – көмір қабатының метаны (КҚМ) көп: 2,0–4,3 трлн м³ шамасында. Дегенмен, кейінгі жылдары КҚМ игерілмей қалып отыр.
    Ғалым Еламан Айбульдиновтің пікірінше, метанды электр энергиясына айналдыру үшін тек генератор сатып алу жеткіліксіз.
    – Метаннан электр энергиясын алу үшін инфрақұрылым дайын болуы шарт. Ұңғымалар мен дренаж құбырлары, газды кептіру және тазарту жүйесі, метан құрамын үздіксіз бақылау, қысымды тұрақтандыру, қауіпсіздік автоматикасы және тұтынушыға жеткізу инфрақұрылымы қажет. Оның үстіне газ ағыны өндірістік циклге қарай өзгеруі мүмкін. Егер кәсіпорын энергияны сатып алу бағасын, жабдықтың қызмет мерзімі мен ықтимал экологиялық төлемдерді алдын ала есептей алмаса, инвестициялық шешім кейінге шегеріле береді, – деп түсіндірді сарапшы.
    Қазақстан бұған дейін метаннан электр энергиясын алу технологиясын тәжірибеге енгізгені бар. 2012 жылы «Ленин» шахтасында көмір метанын электр энергиясына айналдыратын пилоттық кешен пайдалануға берілген. Қуаты 1,4 МВт қондырғы шахтаға қажетті электрдің 20 пайызын қамтамасыз етуге әлеуетті еді. Аталған тәжірибе метанның энергетикалық жарамдылығын көрсетті, алайда пилоттық жоба тұтас саланың инвестициялық тиімділігіне өзгеріс енгізе алмады.
    Сондықтан Қазақстандағы шахта метанын «тегін отын» немесе «қалдықсыз энергия» ретінде сипаттауға әлі ерте. Себебі газды алу, дайындау және қауіпсіз жағу белгілі бір шығынды талап етеді.

    Автор: Қуат Сәден

    «Qarmet»: шахта газы жылуға айналды

    Метанды пайдаланудың тағы бір мысалы – «Qarmet» компаниясының «Шахтинск» шахтасы. 2026 жылғы 18 қарашада кәсіпорынның жаңартылған газ қазандығы жұмысын қайта бастады. Бұрын ұзақ уақыт пайдаланылған нысан 2016 жылы тоқтатылып, кейін күрделі жөндеуден өткені есте. Оны қайта іске қосу шахтада бөлінетін газды өндірістікке бейімдеуге болатынын дәлеледеген еді.
    Бұл технология қалай жұмыс істейді? Бұл жағдайда энергияның соңғы өнімі – электр емес, жылу. Мамандардың түсіндіруінше, шахтадан алынған метан шамамен 3 шақырымдық құбыр арқылы газ қазандығына жеткізіліп, су жылытуға жұмсалады. Кейін алынған жылу өндірістік үй-жайлар мен тұрмыстық қызмет көрсету кешенін жылытуға бағытталады.
    Қазандықтың қалыпты жұмысы үшін газ-ауа қоспасындағы метан үлесі кемінде 25 пайыз болуы маңызды. Сол үшін қысым мен газ құрамын бақылауға арналған көпсатылы қорғаныс тетіктері қарастырылған.
    Жақында компания газды алдын ала өндірудің өзге әдістерін қарастырып отырғанын хабарлады. Соның бірі – көмір қабаттарын жер бетінен бұрғыланған ұңғымалар арқылы дегазациялау. Алдын ала газсыздандыру метан бөлінуінің қарқынын азайтып, көмір өндіру кезіндегі апатты азайтпақ.

    «Жомарт» кеніші: цифрлық мониторинг мәні

    Қазақстандағы кеніштерде метанды қауіпсіз бақылау да дамып келеді. Мысалы, «Қазақмыс» корпорациясының Қарағанды облысындағы «Жомарт» кенішінде стационарлық газ талдағыштар орнатылуда. Олар ауа құрамын үздіксіз өлшеп, нәтижесін диспетчерлік орталыққа жолдайды. Мұнда 130 тасымалды талдағыш және өндірістік техникадағы 31 датчик іске қосылған. Алда тағы 31 датчик орнату жоспарланып отыр. Жоба толық жүзеге асқанда 62 техника автоматтандырылған газ бақылауымен қамтылмақ. Жүйенің артықшылығы сол, газ концентрациясы белгіленген қауіпсіздік шегінен асқан жағдайда техника автоматты түрде тоқтайды.
    Мамандардың айтуынша, кеніштегі желдету жүйесін жөндеуден кейін ауа өткізу өнімділігі секундына 200 текше метрге ұлғайған. Жаңа желдету ұңғымасы шамамен 600 метр тереңдікке таза ауа жеткізуге есептелген.
    Жалпы қауіпсіздік бағдарламасына енген 45 шараның 39-ы орындалып, оған жалпы 2,7 миллиард теңге жұмсалған көрінеді.
    Осылайша, «Жомарт» кенішінде метанға қатысты екі түрлі стратегияға басымдық берілуде. Алғашқысы – атмосфераға тарайтын газды ұстап қалып, оны энергетикалық айналымға енгізу. Кейінгісі – адам өміріне тікелей қатер төндіретін концентрацияны үздіксіз өлшеп, технологиялық процесті қауіпсіз басқару. Екі бағыттың ортақ негізі жүйелі мониторинг екені түсінікті. Өлшемсіз экологиялық нәтижені де, өндірістік тәуекелді де дәлелдеу мүмкін емес.

    Автор: Қуат Сәден

    Осы орайда Қарағанды техникалық университетінің ғалымы, тау-кен ісі және дегазация саласының зерттеушісі Мұхаммедрахым Рабатұлының айтуынша, облыстағы кен орындарында метанды электр энергиясына айналдыруға мүмкіндік көп.
    – Технологиялық тұрғыдан шахта метаны концентрациялану дәрежесіне қарай бөлінеді. Тікелей қабаттардан алдын ала құбырлы дегазация әдісімен өндірілетін жоғары концентрациялы газды шахтаның өзінде жылу мен электр қуатын өндіру үшін бірден газ поршеньді қондырғыларға бағыттауға болады. Ал желдету жүйелері арқылы шығатын төмен концентрациялы газ (VAM — Ventilation Air Methane) арнайы қондырғыларда термикалық тотығуды қажет етеді, онда жылу энергиясы ток өндіру үшін буға айналады. Бұл технологияны өндірістік деңгейде енгізу бір мезгілде екі міндетті шешуге мүмкіндік береді: кеншілердің қауіпсіздігін арттырып, өңірді қосымша энергия көзімен қамтамасыз етеді, – дейді ғалым Мұхаммедрахым Рабатұлы.

    Ілеспе газ: цифрлық экономиканың жаңа мүмкіндігі

    Кейінгі уақытта мұнай өндіру кезінде бөлінетін ілеспе газды кәдеге жаратуға қызығушылық артып келеді. Бұл идея шахтадағы метанды электр энергиясына айналдыру кезінде тәжірибе болары сөзсіз.
    Бүгінде мұнаймен бірге жер бетіне шығатын газдың белгілі бір бөлігі ауада жағылады. Бұл бір жағынан құнды энергетикалық ресурстың ысырап болуына әкелсе, екінші жағынан атмосфераға таралатын парниктік газдардың көлемін ұлғайтады. Сарапшылар осы ресурсты босқа жоғалтпай, өндіріс орындарында электр энергиясына айналдыру қажет деген ұстанымда.
    Сарапшы Еламан Айбульдиновтің айтуынша, мұндай технология электр энергиясын газ өндірілетін жерде тікелей алуға мүмкіндік береді. Әсіресе орталықтандырылған электр желілерінен шалғай орналасқан кен орындары үшін экономикалық тұрғыдан тиімді. Газды алысқа тасымалдаудың орнына, одан жергілікті электр стансаларында энергия өндіріп, өндірістік нысандардың пайдалануға болады.
    Дегенмен ілеспе мұнай газы мен көмір шахталарынан бөлінетін метанның айырмашылығын ескеру қажет. Екі ресурстан да энергия алуға мүмкіндік болғанымен, олардың химиялық құрамы, өндіру ерекшелігі және қауіпсіздік талаптары әртүрлі. Сондықтан әр жобаға сәйкес технологиялық шешім қабылдануы тиіс.
    – Мұндай технологияларды енгізу орасан қаржыны талап етпейді. Кейде компания бюджетімен де тиімді жобаны іске асырға болады. Ең бастысы, газды бақылау мен кәдеге жарату жүйелерін дұрыс ұйымдастыру керек. Бұл өндірістегі апаттың алдын алуға көмектеседі. Бұған дейін Қарағанды облысындағы көмір шахталарында болған қайғылы апаттарды ескерсек, метанның жиналуы мен жарылыс қаупі тау-кен өндірісіндегі ең өзекті мәселенің бірі екенін мойындауға тиіспіз, – дейді химия саласының сарапшысы Еламан Айбульдинов.

    Еламан Айбульдинов. Фото автордың жеке мұрағатынан

    Қазір деректерді өңдеу орталықтары мен криптовалюта майнингіне арналған есептеу кешендері орасан көлемде электр энергиясын тұтынады. Қазақстанда осы сұранысты ілеспе газ есебінен қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылуда. Яғни, кен орындарының жанынан автономды электр стансаларын салып, сол жерде есептеу орталықтарын орналастыру ұсынылып келеді. Мұндай тәсіл электр энергиясын алысқа жеткізбей-ақ, жергілікті энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға жол ашады әрі жобаны жеке инвестиция есебінен жүргізу оңай. Сонымен қатар мұндай энергетикалық жоба орталықтандырылған электр жүйесіне түсетін жүктемені азайтады деген болжам бар.
    – Метан күнделікті тұрмыста қолданылатын табиғи газдың негізгі құрамдас бөлігі саналады. Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерінде пайдаланылатын табиғи газдың құрамында да метан басым. Астанаға жеткізілетін табиғи газдың да негізгі бөлігін осы газ құрайды, – дейді Еламан Айбульдинов.
    Қазақстан Үкіметі осы бағыттағы жобаларды іске асыру үшін қолайлы кен орындарын анықтауға көшті және құқықтық тетіктерді қалыптастыру мәселесін қарастырып жатыр. Алайда бастама нормативтік және жобалау тұрғысынан пысықтауды қажет етеді. Оның экономикалық тиімділігі газ қорының көлеміне, электр стансасының қуатына, инвестициялық шығындар мен өндірілген энергияны тұрақты тұтынуға байланысты.
    ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Климаттық саясат департаментінің директоры Сәуле Сәбиеваның айтуынша, аталған бастамалар елдің халықаралық міндеттемелеріне сай келеді.
    – Қазақстан метанды реттеу саласындағы ұлттық заңнаманы жүйелі түрде жетілдіріп келеді. Көміртегі квоталарының ұлттық жоспарына сәйкес, шығарындыларды азайту бойынша міндеттемелер қатаңдауда: егер бұған дейін төмендету жоспары жыл сайын 1,5%-ды құраса, 2030 жылға дейінгі стратегиялық кезеңде көміртегі ізін 2025 жылғы деңгейден 10,2–22,9%-ға азайту көзделген. Газдың жылыстауын бақылау үшін спутниктік мониторингтеу енгізіледі және көмір саласындағы FFRP бағдарламасы аясында қолдау көрсетілетін метанды реттеу жөніндегі нормативтік құқықтық актілер интеграцияланады. Бұл бизнесті газды кәдеге жаратуға итермелейді, – дейді ол.
    Осылайша, метанды электр энергиясына айналдыру Қазақстан үшін бір мезгілде бірнеше стратегиялық міндетті шешуге көмектеспек. Оның ішінде өндірістік қалдықтарды азайту, энергетикалық ресурстарды тиімді игеру, шалғай кен орындарының инфрақұрылымын дамыту, цифрлық экономиканы жетілдіру жолға түседі.

    Автор: Қуат Сәден

    Ғалым Еламан Айбульдинов метаннан электр энергиясын алумен ғана шектелуге болмайды деген пікір айтты.
    – Метанды тек қоршаған ортаға қауіп төндіретін газ ретінде қарастыру дұрыс емес. Ол химия өнеркәсібінде кеңінен қолданылатын маңызды шикізат саналады. Метаннан әртүрлі технологиялық процестер арқылы сутек, метанол және басқа да химиялық өнімдер өндіруге болады. Экологиялық мәселе туғызатын газды тиімді өңдеу арқылы экономикалық құндылығы бар өнімге айналдыру керек, – дейді Еламан Айбульдинов.

    Әлем елдері метанды қалай пайдаға асырып отыр?

    Осы орайда ғалым Еламан Айбульдинов әлем елдерінің шахтадағы метанды кәдеге жарату бағытындағы тәжірибесін айтып берді. Оның сөзінше, Қытайдағы көмір өндірісі, АҚШ-тағы экологиялық қаржы нарығы, Германиядағы шахталарды экологиялық бақылау жүйесі үлгі бола алады.
    – Қытай моделін алайық. онда мемлекеттік ынталандыру мен субсидиялаудың классикалық үлгісін көреміз. Әлемдегі ең ірі көмір өндіруші ел ретінде Қытай шахталардан желдету жүйелері арқылы шығатын ең қиын, төмен концентрациялы газды да (VAM) далаға ұшырмаудың жолын тапты. Мемлекет шахта метанынан өндірілген электр энергиясын нарықтық бағадан жоғары, арнайы субсидияланған тарифпен сатып алуға кепілдік береді, сондай-ақ көміртегін ұстау (CCUS) жобаларын жүзеге асыратын операторларға салықтық демалыстар ұсынады. Нәтижесінде бұл бағыт көмір компаниялары үшін өте тиімді бизнеске айналып, Қытайды кәдеге жарату көлемі мен гигаватт-сағаттаған «жасыл» энергия өндіру бойынша әлемдік көшбасшыға айналдырды, – дейді сарапшы.
    Ғалым екінші мысал ретінде АҚШ тәжірибесіне тоқталды. Оның сөзінше, АҚШ моделі коммерцияға негізделген. Мұнда негізгі тетік ретінде «көміртегі офсеттері» қолданылады. Егер шахта ауаға кететін метанды ұстап қалып, табиғатты тазартса, кәсіпорын мемлекет берген квоталарды экологиялық нормативін орындай алмай жатқан басқа ірі зауыттарға немесе мұнай компанияларына сата алады. Оған қоса, мамандандырылған экологиялық қорлар жабдық сатып алу үшін төмен пайызбен «жасыл несиелер» үлестіреді. Осы тетіктердің арқасында шахта газы кәдімгі тауарға айналып, генерациялық қондырғылардың шығыны небәрі 5–7 жыл ішінде толық өтеледі.
    – Үшінші тәжірибені Германиядан байқаймыз. Германияда шахта метанын реттеу жүйесі қатаң заңнамалық талаптар мен әкімшілік бақылауға негізделген. Әйгілі «Рур» көмір бассейнінде экологиялық бақылау барынша қатайтылған: мемлекет шахталардан шығатын метанды атмосфераға тікелей жіберуге заңмен үзілді-кесілді тыйым салған. Көмір компаниялары бұл газды не электр желісіне бағыттап кәдеге жаратуы керек, не ең құрығанда арнайы алауларда (факелдерде) міндетті түрде жағып жіберуі керек. Жанып кеткен метанның табиғатқа тигізетін парниктік әсері таза газ күйіндегі метаннан 25 еседен астам төмен. Бұл қатаң ереже тек жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға ғана емес, жабылып қалған шахталарға да қолданылып, аймақтың парниктік ізін барынша азайтты, – дейді Еламан Айбульдинов.
    Үш тәжірибенің ортақ түйіні – құқықтық талап, экономикалық ынталандыру және тәуелсіз өлшеу жүйесі. Қазақстанға аталған тәсілдерді тікелей көшіруден гөрі, өз көмір бассейндерінің геологиялық жағдайына, энергия нарығына және институттардың мүмкіндігіне сәйкес бейімдеуі керек. Әсіресе деректердің ашықтығы маңызды. Бұл болашақ инвестиция мен экологиялық саясаттың келешегін шешетіні анық.

    Автор: Қуат Сәден

    Осы орайда Еламан Айбульдинов шахта метанынан электр энергиясын өндіруді дамыту үшін бірнеше ұсыныс айтты.
    Біріншіден, кепілді тариф қажет. Демек, шахта метанынан энергия өндіру жөніндегі жобаларға ЖЭК мәртебесін беріп, электр энергиясының бірыңғай сатып алушысын (KEGOC) электр энергиясын жоғары тарифпен сатып алуға міндеттей керек.
    Екіншіден, банктер капиталды көп қажет ететін ұзақ мерзімді тау-кен жобаларын қаржыландыруға құлықсыз. Сол себепті даму институттары (Өнеркәсіпті дамыту қоры немесе ҚДБ) арқылы жылдық 2–4% субсидияланған мөлшерлемемен қарыз беру керек.
    Үшіншіден, салық жеңілдіктері де өзекті. Ғалымның айтуынша, шахта метанынан электр энергиясын алатын шахталарды 5 жыл мүлік салығынан және корпоративтік табыс салығынан босату керек.
    P.S. Метанды азайту жаһандық климат дипломатиясының басым бағытына айналды. 2023 жылы COP28 саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Global Methane Pledge бастамасына қосылатынын жариялады. Бастама аясында антропогендік метан шығарындыларын 2020 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2030 жылға қарай кемінде 30 пайызға қысқарту көзделген.

    Ерсін Шамшадин

    Central Asia Climate Campaign 2026 Германияның Федералдық экономикалық ынтымақтастық және даму министрлігінің (BMZ) қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы және n-ost жүзеге асыратын «Communicating Climate in Central Asia» жобасы аясында ұйымдастырылды.

    климат Көмір экология
    Previous ArticleҚазақстанда кәсіпкер грант ретінде бөлінген 297 миллион теңгені жымқырып, лизингке көліктер алған
    Salemnews
    • Website
    • Facebook

    Ұқсас жазбалар

    Қазақстанда кәсіпкер грант ретінде бөлінген 297 миллион теңгені жымқырып, лизингке көліктер алған

    20.11.2026

    Қазақстанда учаскелік дәрігерлер мен психологтардың жалақасы қаншалықты өседі

    20.11.2026

    Енді қазақстандық салық төлеушілерге алдағы төлемдер туралы автоматты түрде хабарлама келеді

    20.11.2026
    Соңғы жаңалықтар

    Тоқаев ұсынған «таза көмір» технологиясы климат өзгерісіне қалай әсер етеді?

    23.06.202611 675 Views

    Сақтандыру: апаттан алымға дейін

    10.04.20257 625 Views

    CO₂: қазақстандық кәсіпорындар Париж келісімін сақтап отыр ма?

    19.12.20255 647 Views
    Әлеуметтік желілер
    • Facebook
    • WhatsApp
    • Instagram

    «SALEMNEWS.kz» ақпарат агенттігіне гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.
    18+

    Facebook X (Twitter) Instagram Pinterest
    • Басты бет
    • Жоба туралы
    • Сайтты қолдану ережесі
    • Байланыс
    © 2026 Salemnews.kz. Барлық құқықтар сақталған
    Яндекс.Метрика

    Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.