Қазіргі таңда аймақтардың дамуын бағалауда заманауи инженерлік инфрақұрылым, су ресурстарын тиімді пайдалану алдыңғы қатарға шықты. Бұл бағытта Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласында ауқымды жобалар жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. Атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар шаһардың экологиялық тазалығын сақтауға, заманауи келбетін қалыптастыруға, ең бастысы, тұрғындардың тұрмыс көтеруге бағытталған.
Әр тамшы су – есепте
Қала аумағындағы аяқ суды (суармалы суды) ысырапсыз жеткізу мақсатында ауқымды ирригациялық жұмыстар қолға алынды. Мысалы Қызылжарма каналын науалау ісін алайық. Жалпы құны 4,0 млрд теңгені құрайтын, ұзындығы 9 шақырымдық Қызылжарма каналына науа салу құрылысы қазір соңғы сатыда тұр. Бүгінде жобаға 1 млрд 324 млн теңге бағытталды. Бұл шара қаланы жасыл желекке айналдыруға тікелей септігін тигізеді. Қазіргі таңда шаһарға аяқ су негізінен «Жібек жолы», «Сарқырама» және осы «Қызылжарма» каналдары арқылы беріліп келеді.
Жалпы суармалы судың жерге сіңіп, ысырап болуын тоқтату үшін тағы 9 каналды бетондау бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Қазірдің өзінде құны 11,8 млрд теңге болатын 6 каналдың құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, Су ресурстары және ирригация министрлігінің қаржыландыру жоспарына енгізілді. Бұл каналдар іске қосылғанда Қосшыңырау, Қарауылтөбе, Ақсуат және Ақжарма ауылдық округтерінің егістік, жайылымдық пен шабындық жерлері толық көлемде сумен қамтылады. Қалған 3 каналдың құжаттамасына облыстық бюджеттен 18 млн теңге бөлінген екен.
Арық жүйелерін аршу да ауқымды жұмыс екені анық. Бүгінде Атқарылған тазалау жұмыстарының нәтижесінде бұрын 85,9 шақырымға ғана барып тұрған аяқ су желісі биыл қосымша 16,9 шақырымға ұлғайды. Жалпы ұзындығы 102,8 шақырымды құрайтын арықтар жүйесіне су жеткізілді.
Енді ауыз су алаңдатпайды
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және сарқынды суларды тазарту бағытында да миллиардтаған қаражат игерілені айта кету керек. «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында биыл құны 4 млрд 479,7 млн теңгені құрайтын 4 маңызды жоба қолға алынды.
Таяу уақытта «Гагарин», «Титов», «Қызылжарма» және «Әл-Фараби» аудандарында 2,0 млрд теңгеге су құбырлары желісінің құрылысы басталады. Сонымен қатар, қаланың орталық бөлігіндегі ескірген желілерді ауыстыруға 697 млн теңге бағытталса, Талдыарал елді мекеніне су тапшылығын жою үшін 624 млн теңгеге қосымша скважина орнатылып жатыр.
Қаланың Сол жағалау аумағында халық санының өсуіне байланысты суға деген сұраныс еселеп артты. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін құны 18 млрд 440 млн теңге болатын «Тораңғылсай жер асты сулары мен кен орнынан су жинағыш және су құбыры құрылысын салу» жобасы әзірленіп, қаржыландыру үшін республикалық бюджетке өтінім жолданды. Экологиялық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда, тәулігіне 70 мың текше метр ағын суды тазартуға қауқарлы биологиялық тазарту станциясын жаңғырту мен автоматтандыру ісі өте маңызды қадам. Оған қоса электр желілерін жаңарту және Қызылжарма ауылдық округінің жаңа қоныстарына ауыз су мен газ жүргізу жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді
