Қала көшелерінің келбеті жаңарып, жол-көлік инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңғыртылып келеді. Тасбөгет кентінде де жол жөндеу жұмыстары аяқталып, тұрғындар үшін қатынау мүмкіндігі жақсарды. Бұл – елді мекеннің ішкі көшелерін жаңартуға бағытталған ауқымды жобалардың бірі.
«УАД» серіктестігі жүзеге асырған жобаның құны – 5,1 млрд теңге. Қаржыға 4,4 шақырым көше жөнделіп, Есенов және Амангелді көшелері төрт жолақты етіп кеңейтілуде. Жоба аясында жаяу жүргіншілер жолы салынып, су ағатын лотоктар орнатылуда. Жаңа асфальт-бетон төселіп, заманауи жарықтандыру жүйесі іске қосылады.
Көшелердің жаңаруы қаланың жекелеген бөліктерін өзара байланыстыратын нысандардың да маңызын арттырады. Осы бағыттағы жобалардың бірі – «Бәйтерек» шағын ауданы мен қала орталығын байланыстыратын оңтүстік магистральды канал арқылы өтетін жаңа көпір.
Құрылысы толық аяқталған көпірдің ұзындығы – 53 метр, ені – 7 метр. Екі жолақты нысан толық жарықтандырылып, көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасалған. Құрылысты «Асанас-Дар» серіктестігі жүргізді.
Нысанның сапасы мен қауіпсіздігі де арнайы бақылаудан өтті. Жол активтері сапасы ұлттық орталығының жылжымалы зертханасы көпірдің беріктігі мен сапасын тексерді. Нәтижесінде жаңа көпір «Бәйтерек» шағын ауданында қоныстанған тұрғындардың қала орталығымен қатынасын жеңілдететін маңызды инфрақұрылым нысанына айналды.

Қаладағы көлік ағынын реттеуге бағытталған жұмыс мұнымен шектелмейді. Сағымбаев көшесін Торайғыров көшесінен «Қызылорда-Құмкөл» автожолына дейін қайта жаңғырту да осы мақсатты көздейді. Мұнда 2,174 шақырым жол төрт жолақты етіп кеңейтіліп, көлік көп шоғырланатын қарбалас уақыттағы қозғалысты тиімді ұйымдастыруға басымдық берілген.
Жоба аясында жаяу жүргіншілер жолы салынып, заманауи жарықтандыру бағаналары орнатылды. Құрылысқа 1 млрд 592 млн теңге қаралып, жұмысты «Қыран» серіктестігі жүзеге асырды. Төрт жолақты жолдың іске қосылуы көлік ағынын өткізу мүмкіндігін арттырып, кептелісті азайтуға ықпал етеді.
Қаладағы бұл жобалар облыста жол инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған ауқымды жұмыстардың бір бөлігі. 2022-2026 жылдары өңірде 1700 шақырым автомобиль жолы мен 35 көпір өткелін салуға және күрделі жөндеуге шамамен 185,8 млрд теңге бөлінді.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облыста жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 82 пайыздан 95 пайызға дейін артты. Бұл көрсеткіш жол сапасын жақсартумен қатар, елді мекендер арасындағы қатынасты дамытуға және тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы көлік ортасын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді.
