Бүгінде Қазақстанның әр өңірі климат өзгерісінің салдарымен бетпе-бет келіп отыр. Оңтүстікте су тапшылығы мен қуаңшылық күшейсе, солтүстік және орталық өңірлерде су тасқыны сияқты экстремалды құбылыстардың қаупі артып келеді. Ал Өскемен секілді өнеркәсіптік қалаларда ауа сапасы мәселесі өзекті болып отыр. Балқаш көлінің болашағы мен Іле өзенінің су ресурстары да ерекше назарды қажет етеді.
Алдағы онжылдықтарда Қазақстан қандай климаттық тәуекелдерге тап болуы мүмкін? Париж келісімі аясындағы міндеттемелер қаншалықты орындалып жатыр? Өскемендегі ауа ластануын қалай азайтуға болады және Балқаш экожүйесін сақтау үшін қандай бақылау тетіктері қажет? Осы және өзге де сұрақтарға экологиялық мәселелерді зерттеп жүрген эколог Гүлсім Айтқожаева жауап берді.
«Париж келісімінің орындалуын тек қанша тонна СО₂ азайғанымен өлшеу жеткіліксіз»
– Қазақстан Париж келісіміне қол қойғанына 10 жыл болды. Еліміз осы уақыт ішінде өзіне алған экологиялық міндеттемелерді қаншалықты орындады?
– Қазақстан осы он жыл ішінде Париж келісімі бойынша алған міндеттемелерін толық орындады немесе мүлде ештеңе істемеді деп біржақты баға беру дұрыс болмас еді. Меніңше, жағдай бұдан әлдеқайда күрделі.
Осы кезеңде Қазақстанның климаттық саясатында белгілі бір өзгерістер болды. Мысалы, 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы қабылданды, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға көңіл бөліне бастады, шығарындыларды реттеу жүйесі де біртіндеп жетілдіріліп келеді.
Қазақстан 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда 15 пайызға төмендету мақсатын қойды. Ал халықаралық қолдау болған жағдайда бұл көрсеткішті 25 пайызға дейін жеткізу көзделген.
Бірақ құжат қабылдау мен нақты нәтижеге қол жеткізу – екі түрлі нәрсе. Стратегия әзірлеу оңайырақ, ал экономиканың жұмыс істеу тәсілін өзгерту әлдеқайда күрделі. Себебі бұл энергетикаға, өнеркәсіпке, көлікке, ауыл шаруашылығына және жалпы өндіріс жүйесіне әсер етеді.
Қазақстан үшін бұл мәселе әсіресе өзекті. Өйткені біздің экономикамыз ұзақ уақыт бойы көмір, мұнай және газ сияқты қазба отындарға сүйеніп келді. Сондықтан қазір басты мәселе – климатқа қатысты қандай да бір стратегияның бар-жоғында емес. Ең маңыздысы – сол стратегияларда көрсетілген мақсаттардың нақты өмірде қалай жүзеге асып жатқаны.
Сонымен бірге климат мәселесін тек көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтумен шектеуге болмайды. Қазақстан үшін климаттың өзгеруіне бейімделу мәселесі де өте маңызды. Біз қазірдің өзінде құрғақшылық, су тапшылығы, жердің тозуы, аптап ыстық және су тасқыны сияқты құбылыстардың әсерін байқап отырмыз.
Сондықтан Париж келісімінің орындалуын тек қанша тонна СО₂ шығарындысы азайғанымен өлшеу жеткіліксіз. Еліміздің климаттық өзгерістерге қаншалықты бейімделіп, табиғи ресурстарын қаншалықты тиімді басқарып, экономикасын жаңа жағдайларға қаншалықты дайындап жатқанына да назар аудару қажет.

«Климаттың өзгеруінің әсерін Қазақстанның барлық дерлік өңірінен байқауға болады»
– Климаттың өзгеруінің салдары бүгінде Қазақстанның қай өңірлерінде айқын байқалып отыр?
– Бүгінде климаттың өзгеруінің әсерін Қазақстанның барлық дерлік өңірінен байқауға болады. Тек оның көрінісі әр аймақта әртүрлі. Бұл табиғи жағдайға, су ресурстарына және шаруашылықтың ерекшеліктеріне байланысты.
Оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлер үшін ең өзекті мәселелердің бірі – қуаңшылық пен су тапшылығы. Температураның жоғарылауы да өз әсерін тигізіп отыр. Әсіресе ауыл шаруашылығы үшін бұл үлкен тәуекел.
Шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарда жағдай біршама өзгеше. Мұнда таулы экожүйелердің, мұздықтардың және су ресурстарының жағдайы өте маңызды. Температураның өзгеруі қардың жиналуына және мұздықтардың еру қарқынына әсер етеді. Ал бұл өз кезегінде өзендердің су режиміне ықпал етуі мүмкін.
Ал солтүстік және орталық өңірлерде температура мен жауын-шашын режимінің өзгеруімен қатар, экстремалды табиғи құбылыстардың қаупі артып келеді. Соңғы жылдардағы су тасқындары климаттық тәуекелдің тек қуаңшылықпен байланысты емес екенін көрсетті.
Сондықтан Қазақстан үшін климаттың өзгеруіне бейімделу мәселесі қазірдің өзінде нақты практикалық міндетке айналып отыр. Біз тек климаттың қалай өзгеріп жатқанын бақылап қоймай, осы өзгерістерге сәйкес ауыл шаруашылығын, аумақтарды жоспарлау жүйесін және су ресурстарын басқару тәсілдерін де бейімдеуіміз керек.
«Алдағы 10–20 жылдағы ең маңызды тәуекелдердің бірі – су мәселесі»
– Егер қазіргі қарқын сақталса, алдағы 10–20 жылда Қазақстан қандай климаттық тәуекелдерге тап болуы мүмкін?
– Мен Қазақстан үшін климаттың өзгеруіне байланысты үш негізгі тәуекелді бөліп көрсетер едім.
Біріншісі – су мәселесі. Меніңше, бұл Қазақстан үшін ең маңызды стратегиялық тәуекелдердің бірі. Су ресурстарымыздың едәуір бөлігі трансшекаралық өзендерге байланысты. Сондықтан алдағы уақытта су мәселесі тек экологиялық емес, экономикалық және әлеуметтік маңызы бар мәселеге айналады.
Екіншісі – ауыл шаруашылығы мен жердің тозуы. Температураның жоғарылауы, жауын-шашын мөлшері мен маусымдық режимінің өзгеруі, қуаңшылық және су тапшылығы топыраққа түсетін қысымды күшейтеді. Егер оған суармалы жерлерді дұрыс пайдаланбау, эрозия, тұздану және жайылымдардың шамадан тыс пайдаланылуы сияқты мәселелер қосылса, климаттың өзгеруі бұл проблемаларды одан әрі ушықтыруы мүмкін.
Үшінші тәуекел – экстремалды табиғи құбылыстардың жиілеуі. Бұған қуаңшылық пен аптап ыстық қана емес, нөсер жауын, су тасқыны, сел сияқты құбылыстар да жатады.
Мұнда бір нәрсені түсіну маңызды: климаттың жылынуы тек «ауа райы ыстық болады» деген сөз емес. Ең басты мәселе – климаттың тұрақсыз әрі құбылмалы бола түсуі.
Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, ғасыр соңына қарай Орталық Азияда орташа температураның жоғарылауы 4–6 градусқа дейін жетуі мүмкін. Бұл өте үлкен өзгеріс. Сондықтан Қазақстан үшін климатқа бейімделу мәселесін тек экология саласының міндеті ретінде қарастыруға болмайды. Ол экономиканың тұрақтылығына, азық-түлік қауіпсіздігіне және ең алдымен су қауіпсіздігіне тікелей қатысты.
«Өскемендегі мәселені тек айыппұл арқылы шешу жеткіліксіз»
– «Қазгидромет» мәліметінше, былтыр еліміздің 11 қаласында ауа ластануының жоғары деңгейі тіркелген. Ал Өскеменде өндіріс орындары жыл сайын атмосфераға 160 мың тоннаға жуық зиянды зат шығарады. Бұл өңірде экологиялық ахуалды қалай жақсарта аламыз?
– Менің ойымша, Өскемендегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін ең алдымен мәселенің негізгі көзін нақты анықтау керек. Бұл қалада өнеркәсіптің үлесі өте жоғары, сондықтан үлкен кәсіпорындардың шығарындыларын азайтпай, ауаның сапасын түбегейлі жақсарту қиын.
Бірақ мұнда тек кәсіпорындарға айыппұл салу жеткіліксіз. Ең маңыздысы – өндірісті біртіндеп жаңғырту, ескі тазарту қондырғыларын ауыстыру, заманауи технологияларды енгізу. Яғни кәсіпорын жұмысын тоқтатсын деген сөз емес, керісінше өндіріс пен экологияны қатар алып жүру қажет.
Екінші мәселе – бақылау. Өскеменде ауа сапасын бақылайтын 15 бекет бар, олардың бір бөлігі деректерді әр 20 минут сайын береді. Осы ауа сапасы туралы ақпарат тұрғындарға түсінікті әрі ашық болуы керек. Қай күні қандай заттың мөлшері артты, оның себебі неде, қай кәсіпорынға қандай шара қолданылды – халық осыны білуі тиіс.
Өскеменде тағы бір ерекшелік бар – кейбір күндері жел болмай, ауа алмасуы нашарлайды. Осындай кезде ластаушы заттар қалада жиналып қалады. Сондықтан қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде кәсіпорындардың шығарындыларын уақытша азайтуға арналған нақты механизмдер жұмыс істеуі керек.
Сонымен қатар мәселені тек зауыттармен байланыстыру да дұрыс емес. Қаладағы көлік, жеке үйлердің жылыту жүйесі, көмір жағу сияқты факторлардың да әсері бар. Сондықтан қоғамдық көлікті жақсарту, жеке секторды біртіндеп таза жылыту жүйесіне көшіру сияқты шаралар да қатар жүргізілуі қажет.
Меніңше, Өскемен үшін ең бастысы – экологиялық проблеманы бір жылда шешуге тырысу емес, әр жыл сайын шығарындыларды нақты азайтып отыратын ұзақ мерзімді жүйе қалыптастыру. Ең маңыздысы – бұл жұмысты тек есеп үшін емес, қала тұрғындарының денсаулығы мен өмір сүру сапасы үшін жасау.

«Балқашты қорғау – бір ғана көлді емес, тұтас экожүйені сақтау»
– Балқаш көлінің су ресурстары мен биоалуантүрлілігін қорғау үшін қандай қосымша бақылау тетіктері қажет?
– Менің ойымша, Балқашқа қатысты ең маңызды нәрсе – көлдің жағдайын тек су деңгейімен бағаламау. Балқаштың жағдайы бір көрсеткішпен анықталмайды. Бұл жерде Іле өзенінің суы, ауыл шаруашылығына жұмсалатын су, өнеркәсіп және климаттың өзгеруі – барлығы бір-бірімен байланысты.
Сондықтан бізге ең алдымен тұрақты әрі жан-жақты мониторинг керек. Көлге қанша су келіп жатыр, қанша су алынып жатыр, судың сапасы қандай, минералдануы өзгеріп жатыр ма – осының бәрін үнемі бақылау қажет.
Биоалуантүрлілікке де осындай көзқарас қажет. Балық қоры қалай өзгеріп жатыр, құстардың саны қандай, Іле атырауындағы өсімдіктердің жағдайы қалай деген сұрақтарға тұрақты жауап алып отыруымыз керек.
Тағы бір алаңдататын мәселе – Іле өзені. Өйткені Балқаштың болашағын Іледен бөлек қарау мүмкін емес. Сондықтан трансшекаралық су мәселесінде нақты дерек пен ашық ақпарат алмасу өте маңызды.
Бізге «мәселе болды, содан кейін әрекет етеміз» деген тәсілден біртіндеп бас тарту керек. Мысалы, су деңгейі төмендеп кеткен кезде ғана емес, оның төмендеуіне қандай жағдайлар әсер етіп жатқанын алдын ала анықтауымыз қажет.
Балқаш – жай ғана көл емес. Оның айналасында тұтас табиғи жүйе қалыптасқан. Егер су режимі бұзылса, бұл балыққа да, құсқа да, өсімдікке де әсер етеді. Сондықтан Балқашты қорғау дегеніміз – бір ғана көлді емес, тұтас экожүйені сақтау.
Біз Балқаштың бүгінгі жағдайын ғана емес, оның 10–20 жылдан кейінгі жағдайын да ойлауымыз керек. Себебі табиғатқа келген зиянды кейін қалпына келтіру өте қиын, кейде тіпті мүмкін болмай қалады. Сондықтан қазір бізде бар мүмкіндік – бақылау, ғылыми зерттеу және алдын ала дұрыс шешім қабылдау.
