Ұлттық спорт пен мәдениетті дамытуға бағытталған «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті, күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаров «Әр ауыл – бір балуан тас» атты жалпыхалықтық Үндеу жариялады.
Үндеудің негізгі мақсаты – Қазақстан аумағындағы тарихи балуан тастарды іздеу, ғылыми тұрғыдан тіркеу, сақтау және кеңінен насихаттау арқылы ұлттық материалдық мұраны келер ұрпаққа жеткізу.
Автордың айтуынша, балуан тастар – қазақ халқының дәстүрлі күш мәдениетінің бірегей жәдігерлері. Олар ғасырлар бойы ел ішінде батырлар мен алыптардың күш сынасуына пайдаланылып қана қоймай, тарихи жадының, ерлік дәстүрінің және ұлттық рухтың материалдық айғағы ретінде сақталып келген.
Үндеуде соңғы жылдары көптеген балуан тастардың құрылыс жұмыстары, жол салу және немқұрайдылық салдарынан жойылып немесе жоғалып бара жатқаны айтылып, оларды сақтап қалу бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені атап өтіледі.
«Алып та жыққан, шалып та жыққан» атам қазақтың бүгінге жеткен материалдық-жәдігерлік мұрасы, өзі – онсыз да аз. Ең болмаса солардың ішінде күш иелерінің көзі – балуан тастарды сақтап қалайық», – делінген Үндеуде.

Құжат аясында бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Қазақ күшінің картасы» жобасы да таныстырылған. Жобаның мұраты – Қазақстандағы және тарихи қазақ қоныстанған өңірлердегі балуан тастарды анықтап, оларды бірыңғай ғылыми дерекқор мен картаға енгізу.
Сонымен қатар Үндеуге балуан тастарды іздеу, тіркеу, сақтау және насихаттау бойынша арнайы әдістемелік нұсқаулық қоса берілген. Онда балуан тастарды анықтау, тарихи мәліметтерді жинау, тұғыр-постамент орнату, ақпараттық тақтайша әзірлеу, туристік бағыттарға енгізу және жоғалған мұраларды көшірме арқылы қайта жаңғырту тәртібі ұсынылған.
Үндеу соңында қазақстандықтар туған өлкесіндегі балуан тастар туралы мәліметтерді жинап, олардың сақталуына үлес қосуға шақырылады.
