Соңғы жылдары Қызылордада қалдықтарды уақытылы шығару, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Соған қарамастан, заңсыз қоқыс төгу, тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру және тұрғындардың жауапкершілігін арттыру мәселесі әлі өзекті күйінде қалып отыр.
Коммуналдық саладағы мәселелер тұрғындардың өтініштерінен де көрініс табады. Жыл басынан бері тұрғындардан 1625 арыз-шағым түскен. Барлық өтініштер заңнама талаптарына сәйкес қаралып, тиісті мекемелер тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілген.
Дегенмен, коммуналдық қызметтердің жұмысы тек тұрғындардың өтініштеріне жауап берумен шектелмейді. Қаланы таза ұстау үшін қалдықтарды жинау, сұрыптау және кәдеге жарату жүйесінің тиімді жұмыс істеуі аса маңызды. Өйткені көшелерді сыпырып, қоқысты уақытылы шығарудың өзі қалдықтарды дұрыс басқарудың толық жүйесінсіз күткен нәтижені бермейді.

Бүгінде Қызылорда қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтардың барлығы арнайы полигонға жеткізіліп, сол жерде сұрыпталады. Сұрыптау барысында қайта өңдеуге жарамды қағаз, пластик, металл және өзге де қалдықтар іріктеліп, қайта өңдеу кәсіпорындарына жөнелтіледі. Ал қайта өңдеуге жарамсыз қалдықтар экологиялық талаптарға сәйкес арнайы дайындалған қазаншұңқырларға көміліп, нығыздалады.
– Сұрыптау барысында қайта өңдеуге жарамды қағаз, пластик, металл және өзге де қалдықтар іріктеліп, қайта өңдеу кәсіпорындарына жөнелтіледі. Ал қайта өңдеуге жарамсыз қалдықтар экологиялық талаптарға сәйкес арнайы дайындалған қазаншұңқырларға көміліп, нығыздалады. Полигондағы мұндай қазаншұңқырлардың ұзындығы 100 метр, ені 100 метр, тереңдігі 3-5 метрді құрайды, – делінген қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің редакцияға жауабында.
Алайда қалдықтарды басқару жүйесінде әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Соның бірі – бастапқы кезеңде сұрыптау жүйесінің енгізілмеуі. Қазіргі уақытта қала аумағында қоқысты бөлек жинауға арналған арнайы контейнерлер жоқ. Бұл тұрғындардың қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды бірден бөліп жинауына мүмкіндік бермейді. Дегенмен жергілікті атқарушы органдар алдағы уақытта қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру аясында арнайы контейнерлер орнату мәселесін қарастыруды жоспарлап отыр. Бастама жүзеге асса, қайта өңделетін қалдықтардың көлемін арттырып, полигонға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Қалдықтарды басқару жүйесін жетілдірумен қатар, заңсыз қоқыс төгу фактілерінің алдын алу бағытындағы бақылау да күшейтіліп келеді. Себебі белгіленбеген орындарға тұрмыстық қалдықтарды төгу қоршаған ортаға да айтарлықтай зиян келтіреді.
– Жыл басынан бері белгіленбеген орындарға қоқыс төгу және абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері бойынша барлығы 589 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген, – делінген «Қызылорда тазалығы» коммуналдық кәсіпорнының ақпаратында.
Заң талаптарына сәйкес, мұндай құқық бұзушылықтарға жол берген азаматтарға әкімшілік жауапкершілік көзделген. Биыл ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының 1-бөлігі бойынша 189 адамға ескерту берілген. Ал осы баптың 2-бөлігі бойынша 241 азаматқа айыппұл салынған. Бұдан бөлек, қоғамдық орындарды ластауға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша 159 материал сот қарауына жолданған.
Заңсыз қоқыс орындарын анықтау жұмыстары да жаңа технологиялардың көмегімен жүзеге асырылып келеді. Облыстық Экология департаментінің мәліметінше, 2018 жылдан бастап «Қазақстан Ғарыш сапары» ұлттық компаниясының ғарыштық түсірілімдері пайдаланылып, соның нәтижесінде рұқсатсыз қоқыс орындарының саны едәуір азайған.

– Биыл 9 айда ғарыштық мониторинг арқылы рұқсатсыз қалдық төгілген 113 орын анықталды. Оны 100%-ға тазарту арқылы өңіріміз республикада 1-орынға шықты. Қызылорда қаласының 50 шақырымдық радиусы аумағында 2018 жылы – 240, 2019 жылы – 228, 2020 жылы – 136, 2021 жылы – 105, 2022 жылы – 99 орын анықталды. Ал 2023 жылы 74, былтыр 120 орынға рұқсатсыз қалдық тасталғаны белгілі болды, – делінген хабарламада.
Сонымен бірге департамент мамандары оң өзгерістерге қарамастан, тұрғындардың үйреншікті орындарға қоқыс тастау дағдысы толық жойылмай отырғанын айтады. Мәселені жүйелі шешу мақсатында облыс әкімінің қаулысымен 2015-2016 жылдары 145 елді мекенде тұрмыстық қатты қалдық полигондарын салуға жалпы аумағы 402 гектар жер учаскелері бөлінген.
Мамандардың айтуынша, тазалық мәселесін тек әкімшілік шаралар арқылы толық шешу мүмкін емес. Қаланы таза ұстау үшін тұрғындардың экологиялық мәдениеті мен жауапкершілігін қалыптастыру аса маңызды. Қалдықтарды белгіленген орындарға тастау, қоғамдық кеңістіктерді ластамау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау – әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Еске салсақ, елімізде жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық жиналады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша оларды қайта өңдеу деңгейі 25,8 пайызды құрады.
