Блог

    Ақпараттық хабарлама: Құрылтай-2026 сайлауына Salemnews.kz сайтында үгіт материалдарын орналастыру шарттары

    Facebook X (Twitter) Instagram
    • Басты бет
    • Жаңалықтар
    • Мәселе
    • Жастар
    Facebook X (Twitter) Instagram
    SALEM NEWS
    Жаңалық жіберу
    SALEM NEWS
    Home»Жаңалықтар»Жасыл трансформация: Қызылордада қалдықтарды өңдеу инфрақұрылымы кеңеюде
    Жаңалықтар

    Жасыл трансформация: Қызылордада қалдықтарды өңдеу инфрақұрылымы кеңеюде

    SalemnewsSalemnews15.06.202625 Mins Read
    Бөлісу
    Facebook Twitter Telegram WhatsApp

    Қызылорда қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру бағытында кезең-кезеңімен нақты шаралар жүзеге асырылып келеді. Қала аумағында қоқысты жинау, полигонға жеткізу және әрі қарай өңдеу процестері экологиялық талаптарға сай ұйымдастырылып, тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқаруға басымдық берілуде. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар қаланың санитарлық тазалығы мен экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жүйе ретінде қалыптасып отыр. Осы бағыттағы өзгерістерді толық түсіну үшін атқарылып жатқан негізгі жобалар мен тәжірибелерге шолу жасасақ.

    Өткен жылы Қызылорда қаласында «With You Kyzylorda» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытының капсуласын салу рәсімі өтті. Бұл жоба қалдықтарды басқару саласындағы жаңа кезеңнің бастауына айналып, өңірде заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға жол ашты.

    – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес, облыста 96 млрд 100 млн теңгеге 10 жоба жүзеге асырылуда. Қалдықтарды басқару саласына шетелдік инвестициялар мен озық технологиялар тартуда Қызылорда қаласында халықаралық компаниялардың қатысуымен 2 ірі жоба бойынша жұмыс басталды.

    Соның бірі – шыны зауыты жанынан неміс технологиясымен 60 млрд теңгеге жылына 240 млн шыны ыдыс шығаратын зауыт жобасы. Бұл республикадан жиналған шыны қалдықтарынан жоғары сапалы отандық өнім шығарып, импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Бүгін құны 34 млрд 500 млн теңге болатын, Оңтүстік Корея технологиясына негізделген қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытының іргетасы қалануда. Алғашқы кезеңде 9 млрд 535 млн теңгеге қолданыстағы полигон жаңғыртылып, қуаттылығы жылына 300 мың тоннаға есептелген заманауи қалдықтарды сұрыптау кешені салынады. Кешен заманауи қондырғылар, арнайы техникалармен жабдықталып, полигонның қабылдау қуаттылығы 60 мың тоннадан 300 мың тоннаға дейін артпақ, – делінген ресми ақпаратта.

    Осылайша, ірі инвестициялық жобалардың іске қосылуы қалдықтарды өңдеу инфрақұрылымын жаңғыртуға серпін беріп отыр. Ал бұл өз кезегінде полигондағы нақты жұмыс процесінің жаңа талаптарға сай ұйымдастырылуына негіз болады.

    Бұдан әрі қалалық полигонға жеткізілген тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы тәртіппен сұрыпталу процесінен өтіп жатыр. Бұл кезеңде қайта өңдеуге жарамды материалдар бөлек іріктеліп, арнайы жинақтау орындарына жөнелтіледі. Мұндай тәсіл қалдықтарды екінші айналымға енгізіп, қайта өңдеу саласының дамуына мүмкіндік беруде.

    Ал қайта өңдеуге келмейтін қалдықтар экологиялық талаптарға сәйкес арнайы дайындалған қазаншұңқырларға көміліп, нығыздалады.

    – Мұндай қазаншұңқырлардың көлемі  белгіленген стандартқа сай. Ұзындығы – 100 метр, ені – 100 метр, тереңдігі – 3–5 метр. Бұл тәсіл қоршаған ортаға зиянды әсерді азайтуға бағытталған, – делінген Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жауабында.

    Атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Қазіргі уақытта қалада арнайы контейнерлер толық орнатылмағанымен, бұл бағыт кезең-кезеңімен дамып келеді. Яғни, инфрақұрылымды жаңарту полигон деңгейінде ғана емес, қалаішілік жүйені де қамтитын кешенді бағытқа айналып отыр.

    Алдағы уақытта тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру және экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында арнайы контейнерлер орнату мәселесі қарастырылуда. Бұл бастама тұрғындардың сұрыптау мәдениетін қалыптастырып, қайта өңдеуге жіберілетін қалдықтардың үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

    Жүйенің тиімділігі тек инфрақұрылыммен емес, қоғамдық тәртіп пен жауапкершілікпен де тікелей байланысты. Осыған орай қалада бақылау шаралары күшейтілген. Жыл басынан бері белгіленбеген орындарға қоқыс тастау және абаттандыру қағидаларын бұзу деректері бойынша тиісті бақылау күшейген. «Қызылорда тазалығы» КМК мәліметіне сәйкес, барлығы 589 әкімшілік хаттама тіркелген. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабының 1-бөлігі бойынша 189 ескерту берілсе, 241 жағдайда айыппұл салынған. Сонымен қатар 434-бап бойынша 159 материал сот қарауына жолданған. Бұл шаралар қала тазалығын сақтау мен қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған жүйелі бақылаудың бар екенін көрсетеді.

    Жалпы алғанда, қалдықтарды басқару саласындағы бұл өзгерістер Қызылордада экологиялық жауапкершіліктің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын аңғартады. Инфрақұрылымдық жобалар мен бақылау тетіктері қатар дамып, жүйе біртіндеп толыққанды экожүйеге айналып келеді. Осы тұста сала мамандары мен ғалымдардың пікірлері де бұл бағыттың маңызын айқындай түседі.

    Географ-эколог Оразхан Айдаров тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағытында әлі де дамыған елдерден үйренетініміз көп екенін айтады. Бұл мәселе әлемнің барлық мемлекетінде кездеседі. Олардың әрбірі шешу жолын іздеп келеді. Оң нәтижеге қол жеткізіп жүргені де бар. Сондықтан ғалым оң тәжірибені үйрену қажеттігін тілге тиек етеді.

    – Кезінде тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселесі түйткілді тақырыпқа айналған еді. Тіпті бұл бағытта ешқандай жобаның жүзеге аспауы қоқыстың ашық далада шашылып жатуына алып келді. Кейінгі жылдары елімізде ол үшін тың жобалардың қолға алынуы қуантады. Нәтижесінде тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселесі дұрыс жолға қойыла бастады. Әлемнің кейбір елдерінде ол түбегейлі шешілген деуге болады. Әсіресе, осы мақсатта Германия, Жапония, Швеция, Аустрия және өзге де өркениетті елдерде тың жобалар жүзеге аса бастады. Мәселен, Германияның Ганновер қаласында қоқыстарды жағып, одан электр энергиясын өндіріп отыр. Ал Аустрияда жергілікті халық қоқыс жағатын кәсіпорын қасынан тұрғын үй алуға тырысады. Өйткені олар жеңілдетілген негізде жылу мен электр энергиясына қол жеткізе алады.

    Енді бұл мәселе бізде қалай шешіліп отыр деген сауалға ойысайық. Қазір бізде картон қалдықтары мен макулатураны, пластик заттарды өңдеуге назар аударылып отыр. Менің ойымша, бізге әлі де осы бағытта тың бастамаларды қолға алған дұрыс. Сонда нәтиже одан әрі күшейе түседі, – деді ол.

    Оның айтуынша, жергілікті тұрғындардың да тұрмыстық қалдықтарды жинау мәселесіне немқұрайлы қарамауы маңызды. Себебі бұл  селқос қарауға болмайтын бағыт. Өйткені әрбір қала мен елді мекеннің тазалығы – оның мәдениетінің айнасы. Осы тұрғыдан алғанда, қалдықтарды басқару жүйесінің дамуы тек инфрақұрылымдық жоба емес, қоғамның экологиялық санасының өсуімен тікелей байланысты үдеріс ретінде бағаланады.

    қайта өңдеу Қамысқала қоқыс Қызылорда
    Previous ArticleҚазақстан құрамасы бадминтоннан Армениядағы турнирде бес медаль жеңіп алды
    Next Article 50 мыңнан 5,5 млнға: Кабо-Верде құрамасының 40 жастағы қақпашысы желі жұлдызына айналды
    Salemnews
    • Website
    • Facebook

    Ұқсас жазбалар

    Қызылжармадағы қарқынды даму: инфрақұрылымнан кәсіпкерлікке дейінгі өзгерістер

    27.07.2026

    Ғалымдар адам өмірінің биологиялық шегін анықтады

    27.07.2026

    Павлодар облысындағы көмір кенішінде жұмысшы қаза тапты

    26.07.2026
    Соңғы жаңалықтар

    Тоқаев ұсынған «таза көмір» технологиясы климат өзгерісіне қалай әсер етеді?

    23.06.202611 658 Views

    Сақтандыру: апаттан алымға дейін

    10.04.20257 623 Views

    CO₂: қазақстандық кәсіпорындар Париж келісімін сақтап отыр ма?

    19.12.20255 642 Views
    Әлеуметтік желілер
    • Facebook
    • WhatsApp
    • Instagram

    «SALEMNEWS.kz» ақпарат агенттігіне гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.
    18+

    Facebook X (Twitter) Instagram Pinterest
    • Басты бет
    • Жоба туралы
    • Сайтты қолдану ережесі
    • Байланыс
    © 2026 Salemnews.kz. Барлық құқықтар сақталған
    Яндекс.Метрика

    Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.