Блог

    Ақпараттық хабарлама: Құрылтай-2026 сайлауына Salemnews.kz сайтында үгіт материалдарын орналастыру шарттары

    Facebook X (Twitter) Instagram
    • Басты бет
    • Жаңалықтар
    • Мәселе
    • Жастар
    Facebook X (Twitter) Instagram
    SALEM NEWS
    Жаңалық жіберу
    SALEM NEWS
    Home»Жаңалықтар»Қала өміріндегі кешенді жобалар
    Жаңалықтар

    Қала өміріндегі кешенді жобалар

    SalemnewsSalemnews25.05.202636 Mins Read
    Бөлісу
    Facebook Twitter Telegram WhatsApp

    Инфрақұрылымдық жаңарту жобалары қала келбетін қалай өзгертіп жатыр? Тілші шолуында толығырақ.

    Жасыл қалаға айналудың жаңа кезеңі

    Қызылорда қаласында көгалдандыру жұмыстары соңғы жылдары жүйелі сипат алып, шаһардың экологиялық келбетін түбегейлі өзгертуге бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы басты мақсат – қаланы тек жасыл желекпен қамту емес, сонымен бірге тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру.

    Осы орайда «Қызылорда қаласының аумағын көгалдандыру және абаттандыру» жобасы қолға алынып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы іске асырылуда. Жоба аясында қаланың орталық көшелері мен саябақтарынан бастап, әлеуметтік нысандардың аумағы және тіпті әуежай маңына дейін жасыл желек отырғызу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Нәтижесінде қала кеңістігі біртіндеп жаңа экологиялық келбетке ие бола бастады.

    – Қаланы көгалдандыру бағытында «KazStroyCapital» ЖШС-мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2025 жылдың маусым айынан бастап келісім жасалды. Жобаның жалпы құны 5 жылға 17,6 млрд теңгені құрайды. Жоба қаланы жүйелі көгалдандыруға, жасыл желек көлемін арттыруға және инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған, – делінген Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәліметінде.

    Жоба тек ағаш отырғызумен шектелмей, қаланың көріктенуін кешенді түрде қамтып отыр. Соның ішінде гүлзарлар мен көгалды аймақтарды кеңейтуге ерекше көңіл бөлінген. Қаланың түрлі нүктелерінде біржылдық және көпжылдық гүлдер отырғызылып, жасыл аймақтардың эстетикалық әрі экологиялық маңызы артып келеді.

    Бұл бағыттағы жұмыстарды сала мамандары да жоғары бағалап, оның ұзақмерзімді нәтижесіне сенім білдіреді. Солардың бірі – «KazStroyCapital LTD Kyzylorda» ЖШС агрономы, 45 жылдық тәжірибесі бар Нұрмахан Жұмағұлов. Ол Қызылорданың табиғи әлеуеті дұрыс күтім мен жүйелі еңбек болса, жасыл қалаға айналуға толық мүмкіндік беретінін айтады.

    – Ата-әжелеріміз дария бойын жасыл орман, жыңғылды тоғайлар ретінде сипаттайды. Бұрын бұл өңірде өсімдік түрлері де сан алуан болған. Уақыт өте табиғи өзгерістер мен адам әсерінен жасыл желек сирегеніен, ол Қызылордада ағаш өспейді дегенді білдірмейді. Күтім мен еңбек болса, кез келген ағаш өседі, – дейді маман.

    Оның айтуынша, көгалдандыру жұмыстары тек қаланы көркейту үшін емес, ең алдымен экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін қажет стратегиялық бағыт.

    – Басты мақсатымыз – Қызылорданы жасыл қалаға айналдыру. Бұл үшін жүйелі жұмыс қажет. Көктемнен бастап ағаш, гүл отырғызу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Біз үшін бұл жай ғана жұмыс емес, үлкен жауапкершілік. Көгалдандыру – кеңседе отырып атқаратын іс емес, күнделікті маңдай терді талап ететін еңбек, – дейді ол.

    Жоба аясында қала аумағында мыңдаған ағаш пен гүл көшеттері отырғызылып, жасыл белдеу кезең-кезеңімен кеңейіп келеді.

    Арықтан жүйеге дейін

    Көгалдандыру жұмыстарының нәтижелі болуы ең алдымен суару жүйесінің тұрақтылығына тікелей байланысты. Осыған орай Қызылорда қаласында арық жүйелерін жаңғырту, аяқсу жеткізу және су инфрақұрылымын жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Ол жасыл аймақтарды сақтау мен кеңейтудің негізгі тірегі саналады.

    Қала аумағында жалпы ұзындығы 98,6 шақырымды құрайтын арық жүйесі қалыптасқан. Бүгінде оның басым бөлігіне аяқсу жеткізіліп, жасыл желектерді тұрақты әрі үздіксіз суару мүмкіндігі қамтамасыз етілуде. Осылайша, көгалдандыру жұмыстары тек отырғызумен шектелмей, оны сақтау тетігімен де қатар дамып отыр.

    Арық жүйелері арқылы су беру 12 аумақта орналасқан 19 насос қондырғысы көмегімен жүзеге асырылады. Сонымен қатар жерасты ұңғымалары арқылы су тарту жұмыстары да қатар жолға қойылған. Бұл жүйе қаланың әр бөлігін сумен қамтуға мүмкіндік беріп, жасыл аймақтардың біркелкі дамуын қамтамасыз етуде.

    Қызылжарма каналы мен өзге де су арналарының санитарлық жағдайы тұрақты бақылауда ұсталып отыр. Қалалық коммуналдық қызметтер арықтарды тазалау, қалпына келтіру және су өткізу қабілетін арттыру жұмыстарын үздіксіз жүргізуде. Бұл – инфрақұрылымның ұзақмерзімді тиімділігін сақтауға бағытталған маңызды шара.

    Ал аяқсу жетпейтін аумақтарға арнайы техника жұмылдырылып, су тасымалдау арқылы ағаштар мен көгалдардың кеуіп кетуіне жол берілмеуде. Осылайша, жасыл желектердің сақталуы тек табиғи жағдайға емес, ұйымдастырылған жүйелі жұмысқа да негізделіп отыр.

    Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу және су беру жүйесін тиімді басқару бағытында да нақты қадамдар жасалуда. Шаралар қаланың экологиялық тұрақтылығын күшейтіп, көгалдандыру жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп отыр.

    Жол инфрақұрылымын дамыту – негізгі бағыт

    Қалада инфрақұрылымды жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі – жол-көлік жүйесін дамыту. Саладағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асып, қала көшелерін жаңарту арқылы көлік қозғалысына қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға басымдық беріліп отыр.

    Қазіргі таңда қала аумағында бірқатар ірі көшелер мен даңғылдарда құрылыс және жаңғырту жұмыстары қарқын алған. Атап айтқанда, Н.Назарбаев даңғылы, А. Иманов, Бозғұл-1, Наурыз және Ш.Есенов көшелерінде жол жабынын жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Жоба аясында 5,5 шақырым жол қайта жаңғыртылып, жаяу жүргіншілер жолы, су ағару лотоктары мен жарықтандыру жүйелері толықтай жаңартылмақ.

    Сонымен қатар Торайғыров көшесінен «Қызылорда – Құмкөл» автожолына дейінгі аралық та қайта жаңғыртылуда. Бұл учаскеде 2,1 шақырымнан асатын жол бойына жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы мен жарықтандыру жүйесін орнату қарастырылған. Мұндай кешенді тәсіл тек жол сапасын арттырып қана қоймай, қала ішіндегі қозғалыс қауіпсіздігін де күшейтуге бағытталған.

    Осы жұмыстармен қатар қаладағы инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту да қатар жүргізілуде. Облыс әкімі «Қызылжарма» каналын науамен жабдықтау және «Бәйтерек» шағын ауданындағы Оңтүстік магистралды каналы арқылы өтетін көпір құрылысын аралап көрді. Бұл нысандарда да жаяу жүргіншілер көпірлерін салу, жарықтандыру жүйесін орнату және инфрақұрылымды толық жаңарту жұмыстары атқарылуда.

    Жол саласындағы жұмыстар тек орталықпен шектелмей, қалаға қарасты кенттер мен ауылдық округтерді де қамтып отыр. Қазіргі уақытта жалпы құны 35,4 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылып, 70 көшеде 69,7 шақырым жол күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар қала аумағында 32,2 млрд теңгенің 5 ірі жобасы қарқын алған.

    Аумақтар бойынша қарастырсақ, Тасбөгет кентінде ұзындығы 5,1 шақырым болатын 4 көше жөнделуде. Белкөл кентінде 0,8 шақырымдық көше, Қызылөзек ауылдық округінде 1,8 шақырымды құрайтын 2 көше, Қызылжарма ауылдық округінде 10,2 шақырымға созылған 14 көше, Ақсуат ауылдық округінде 8 шақырымдық 10 көше, ал Талсуат ауылдық округінде 0,4 шақырымдық көше жаңғыртудан өтуде. Бұл жұмыстар ауылдық аумақтардағы көлік қатынасын жақсартып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауды көздейді.

    Өткен жылы да жол инфрақұрылымын дамытуға айтарлықтай қаржы бағытталып, 32,3 млрд теңгенің жобалары жүзеге асырылды. Соның ішінде 9,6 млрд теңгеге әуежай бағытына апаратын 3 көпір және «Қызылорда – Жезқазған» бағытындағы автожолдың 2,7 шақырымдық қалаішілік бөлігі қайта жаңғыртылды. Бұл жобалар қаланың сыртқы және ішкі көлік байланысын күшейтуге ықпал етті.

    Жалпы 19,5 млрд теңгеге 27 көшеде жүргізілген жұмыстар нәтижесінде көлік және жаяу жүргіншілер қозғалысына қолайлы жағдай жасалып, 2 көпір күрделі жөндеуден өтіп, 1 жаңа көпір пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, қала көшелерін күтіп ұстау мақсатында 35 көшеге асфальт төселіп, бүлінген жол учаскелері қалпына келтірілді. Ал кенттер мен ауылдық округтерде 43,5 шақырымды құрайтын 51 көше жөндеуден өтті.

    Қала басшылығының басты ұстанымдарының бірі – шет аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлу. Осы бағытта өткен жылы шет аудандардағы 38 көшеге асфальт төселіп, «Эдельвейс» саяжайындағы 3 көшеге қиыршық тас төселді. Сонымен қатар теміржол асты өткелінің құрылысы да кезең-кезеңімен жалғасуда. Жалпы алғанда, Қызылорда қаласында көгалдандыру, суару жүйесі және жол инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар бір-бірімен тығыз байланысып, кешенді қалалық дамудың негізін қалыптастыруда. Бұл жобалар қаланың бүгінгі келбетін ғана емес, оның ұзақ мерзімді экологиялық, әлеуметтік және инфрақұрылымдық тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды факторға айналып отыр

    Қамысқала Қызылорда
    Previous ArticleКоммуналдық сала үздіктері
    Next Article ЖАҢАРҒАН САЯБАҚ – ТҰРҒЫНДАРҒА ЖАЙЛЫ ОРТА
    Salemnews
    • Website
    • Facebook

    Ұқсас жазбалар

    Қызылжармадағы қарқынды даму: инфрақұрылымнан кәсіпкерлікке дейінгі өзгерістер

    27.07.2026

    Ғалымдар адам өмірінің биологиялық шегін анықтады

    27.07.2026

    Павлодар облысындағы көмір кенішінде жұмысшы қаза тапты

    26.07.2026
    Соңғы жаңалықтар

    Тоқаев ұсынған «таза көмір» технологиясы климат өзгерісіне қалай әсер етеді?

    23.06.202611 658 Views

    Сақтандыру: апаттан алымға дейін

    10.04.20257 623 Views

    CO₂: қазақстандық кәсіпорындар Париж келісімін сақтап отыр ма?

    19.12.20255 642 Views
    Әлеуметтік желілер
    • Facebook
    • WhatsApp
    • Instagram

    «SALEMNEWS.kz» ақпарат агенттігіне гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.
    18+

    Facebook X (Twitter) Instagram Pinterest
    • Басты бет
    • Жоба туралы
    • Сайтты қолдану ережесі
    • Байланыс
    © 2026 Salemnews.kz. Барлық құқықтар сақталған
    Яндекс.Метрика

    Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.