Бүгін, 26 ақпанда елордадағы №32 мектеп-гимназиясында Абылай ханның тарихи мұрасына арналған ауқымды қалалық форум өз мәресіне жетті. Шара жас ұрпақты отансүйгіштікке баулып, ұлттық құндылықтар мен ел бірлігін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.
Астана қаласы әкімдігінің «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» мен №32 мектеп-гимназиясы бірлесіп өткізген бұл жиынға тарих пәнінің мұғалімдері, сынып жетекшілері мен мектеп парламенті мүшелері қатысты. Форум пленарлық және шығармашылық деген екі негізгі бөлімнен тұрды. Басқосудың ресми ашылуына дейін қонақтар арнайы ұйымдастырылған көрме мен шығармашылық аймақ жұмысымен танысты.
Пленарлық отырыста қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен білім беру саласының басшылары сөз сөйлеп, мазмұнды баяндамалар жасады. Атап айтқанда, №32 мектеп-гимназия директоры Гүлшат Байтас тарихи тұлғаның еңбегін жас ұрпақ санасына сіңіру білім беру мекемелерінің басты міндеті екеніне тоқталды. Осы тақырып аясында Алматы ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы Сапура Бекенова да Абылай хан мұрасының Тәуелсіз Қазақстан үшін рухани тірек екенін жеткізді.
Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы Дидар Байтасов ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі «Адал азамат» біртұтас тәрбиесінің рөлін талқыласа, белгілі ақын әрі қоғам қайраткері Әкім Ысқақ білім мен тәрбиедегі сабақтастық туралы ой өрбітті.
Сондай-ақ шара барысында тарихи-ғылыми талдауларға да кеңінен кезек берілді. Қазақстан-Беларусь ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығының директоры Жабай Калиев ханның дипломатиялық шеберлігі мен саяси көрегендігін ерекше атап өтті. Ал ЕҰУ тарих факультетінің деканы Өмірбай Бекмағанбетов Абылайдың мемлекетшіл тұлға ретінде қалыптасуына қатысты тарихи деректер негізінде тың тұжырымдарын ортаға салды.
Форум барысында Петропавлдағы Абылай хан резиденциясы мұражайының өкілі Олжас Макишев онлайн байланысқа шығып, музей қорындағы құнды жәдігерлермен таныстырды. Сонымен бірге, Республикалық Әкелер Одағының елордалық филиал төрағасы Бекдайыр Күзембай ұлттық тәрбиедегі отбасы мен әке институтының маңызына ерекше назар аударды.
Форумның шығармашылық бөлімінде Абылай ханның дипломатиялық бағытта қабылдаған маңызды шешімдері сахналық көрініс арқылы көрерменге жол тартты. Ерекше атап өтерлігі, қазіргі замандағы Абылайхан есімді оқушылар ортаға шығып, өздерінің арман-мақсаттарымен бөлісті.
Бұл іс-шара қатысушылардың, әсіресе жас ұрпақтың санасында тарихи жауапкершілік пен ұлттық рухты оятатын маңызды рухани алаңға айналды.
