
Қызылорданың орталығында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Зәулім үйлер мен жаңа ғимараттар бой көтеріп, жолдар жөнделіп, ел игілігіне пайдалануға берілуде. Биыл өңір дамуына серпін беретін ірі жобалардың қатарында 11 мың орындық заманауи стадион мен жаңа жылу-электр орталығының құрылысы бар.
Жаңа стадион жанында 1000 орындық автотұрақ пен 40 орындық VIP автотұрақ салынып жатыр. Ғимаратта спортшыларға арналған жаттығу алаңдары, жуыну және киім ауыстыру бөлмелері, төрешілер мен жаттықтырушыларға арналған, сондай-ақ емдік массаж бөлмелері қарастырылған. Медпункт, допингтік бақылау бөлмесі, комментатор кабиналары және конференц зал орналасқан. Сонымен қатар, ауыр атлетика, бокс, гимнастика, акробатика және күрес залдары, қыздырыну бөлмесі бар. Жанкүйерлер үшін санитарлық тораптар, тамақтану және демалыс аймақтары, кафетерийлер, VIP-аймақтар мен кабинеттер қамтылған. 4 автобусқа арналған автотұрақ, жылу қазандығы, қоқыс төгетін орын және резервуарлар салынған. Газон төселген стандартты өлшемдегі футбол алаңы бар. Балалар мен жастарға арналған спорт секциялары жұмыс істейді. Стадион биыл қыркүйек айында пайдалануға беріледі.
Жаңа жылу-электр орталығының құрылысына «Акса энерджи» түрік компаниясы 137 млрд теңгеден астам инвестиция салды. Жоба аясында 2 газ турбиналық қондырғы, 95 МВт бу турбинасы, 2 бу және 4 жылу қазандығы салынады. Құрылыстың 70 пайызы аяқталған. Бюджет есебінен 45 шақырым газ құбыры мен автоматтандырылған газ тарату станциясы салынды. Құрылыс алаңында 1200-ден астам адам және 130 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Жұмысшылардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Жыл соңында станция іске қосылады.
Қалада жол құрылысы да қызу жүруде. Жанқожа батыр көшесінде теміржол өткелі салынып, қала орталығы мен Шанхай, Коммунизм, Гагарин шағын аудандарын қауіпсіз байланыстырады. Жоба құны – 4,65 млрд теңге. Айналма теміржолдар салынып, инженерлік желілердің орны ауыстырылуда. «Қызылорда – Құмкөл» бағытындағы 9,76 шақырым автожолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, биыл қыркүйек айында аяқталуы жоспарланған. Жобаның құны – 2,48 млрд теңге. Сонымен қатар, «Қызылорда – Құмкөл» автожолындағы жолайрықта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, құны – 1,4 млрд теңге.
Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылының жалғасы саналатын жол құрылысы, Сырдария өзенінің қорғаныс бөгетін нығайту және Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейінгі 2,9 шақырым жол салу жұмыстары да жүріп жатыр. Бұл жобаның құны – 5,3 млрд теңге. Мұнда 4 жолақты автожол, ені 6 метр жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары салынады.