Блог

    Ақпараттық хабарлама: Құрылтай-2026 сайлауына Salemnews.kz сайтында үгіт материалдарын орналастыру шарттары

    Facebook X (Twitter) Instagram
    • Басты бет
    • Жаңалықтар
    • Мәселе
    • Жастар
    Facebook X (Twitter) Instagram
    SALEM NEWS
    Жаңалық жіберу
    SALEM NEWS
    Home»Жаңалықтар»Қызылордада тұрғындар өмірін жақсартуға бағытталған қандай жобалар жүзеге асуда?
    Жаңалықтар

    Қызылордада тұрғындар өмірін жақсартуға бағытталған қандай жобалар жүзеге асуда?

    SalemnewsSalemnews19.06.202647 Mins Read
    Бөлісу
    Facebook Twitter Telegram WhatsApp

    Қаланың келбеті биік ғимараттармен өлшенбейді. Таза көше, жасыл желек көмкерген саябақ, балалардың күлкісі естілетін аула мен тұрғындарға қолайлы кеңістік – жайлы қаланың басты белгілері. Соңғы жылдары Қызылордада осы бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп, шаһардың сәулеттік әрі әлеуметтік келбеті жаңарып келеді. Қалада жүзеге асырылып жатқан жобаларға Salemnews.kz тілшісі шолу жасады.

    Қала келбетін өзгертетін жобалар

    Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айдын Әнуардың айтуынша, абаттандыру, көгалдандыру және коммуналдық қызмет сапасын арттыру бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

    Осы жұмыстардың нәтижесінде соңғы екі жылда қала аумағында бірнеше маңызды жоба іске асырылған. Соның ішінде тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының бірі саналатын аттракциондар паркі қайта жаңартылып, Қорқыт ата атындағы саябақ заманауи талаптарға сай абаттандырылды.

    – Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді. Аула ішіндегі жолдар жөнделіп, жаяу жүргіншілер жолдары ретке келтірілді. Балалар ойын алаңдары мен демалыс аймақтары жаңартылып, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасалды, – деді бөлім басшысы.

    Айдын Әнуардың сөзінше, атқарылған жұмыстар қаланың сыртқы келбетін көркейтіп қана қоймай, қоғамдық кеңістіктердің қолжетімділігі мен жайлылығын арттыруға мүмкіндік берген. Нәтижесінде тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалып, шаһардың сәулеттік келбеті жаңа сипатқа ие бола бастаған.

    Абаттандыру қалай іске асуда?

    Қаланың жайлылығы мен тартымдылығы ең алдымен тұрғындардың күнделікті пайдаланатын қоғамдық кеңістіктерінің сапасымен айқындалады. Осы тұрғыдан алғанда Қызылордада биыл да абаттандыру жұмыстары қарқынды жалғасуда.

    Айдын Әнуардың айтуынша, биылғы жұмыстардың басым бөлігі инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

    – Биыл Қызылорда қаласындағы Президент паркін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлердің аумақтарын абаттандыру және Қызылжарма науа каналының құрылысын жүзеге асыру жоспарланған, – деді бөлім басшысы.

    Аталған жобалардың ішінде Президент паркін жаңғырту жұмыстары ерекше маңызға ие. Өйткені саябақ – тұрғындардың тынығып, бос уақытын өткізетін негізгі қоғамдық кеңістіктердің бірі. Жоба аясында парк аумағының инфрақұрылымы жаңартылып, серуендеу аймақтары ретке келтірілуде. Нәтижесінде бұл орын қала тұрғындары үшін ғана емес, өңірге келетін қонақтар үшін де тартымды демалыс аймағына айналмақ.

    Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары  жалғасуда. Бұл бағыттағы жобалар тұрғындардың күнделікті өмір сапасын арттыруға бағытталған. Аулаішілік жолдарды жөндеу, жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтіру, балалар ойын алаңдары мен қоғамдық кеңістіктерді жаңарту арқылы жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру көзделген.

    Биыл қолға алынған ең маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Қызылжарма науа каналының құрылысы. Жоба тек инженерлік нысан салумен шектелмейді.

    Мамандардың мәліметінше, қазіргі қолданыстағы «Қызылжарма» каналы 1957 жылы салынған. Ұзындығы 13,8 шақырымды, ені 11 метрді құрайтын нысанның техникалық жағдайы уақыт өте келе айтарлықтай тозған. Осыған байланысты су шығынын азайтып, суару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында каналды заманауи талаптарға сай қайта жаңғырту туралы шешім қабылданған.

    Жоба толық іске асқан жағдайда «КБИ», «Коммунизм», «Шанхай», «Гагарин» шағын аудандары мен Қызылжарма ауылдық округінде тұратын шамамен 48 мың тұрғын сапалы аяқ сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар бастама өңірдегі мал шаруашылығының дамуына, бау-бақша мен жеміс-жидек өсіру ісінің кеңеюіне және қала маңындағы жасыл аймақтардың көбеюіне оң ықпал етпек.

    Қазіргі таңда суару маусымында аталған канал арқылы шамамен 9,3 миллион текше метр су жіберіледі. Алайда судың едәуір бөлігі жерге сіңіп немесе буланып кетеді. Мамандардың есептеуінше, канал науамен жабдықталғаннан кейін су шығыны шамамен 50 пайызға дейін қысқарады. Бұл су ресурстарын үнемдеуге және олардың тиімді пайдаланылуына мүмкіндік береді.

    Бүгінде құрылыс жұмыстарын «Бақ-Береке 2030» серіктестігі жүргізіп жатыр. Келісімшартқа сәйкес жобаны жүзеге асыру мерзімі 14 айды құрайды. Жоба аясында 9 488 метр науа орнатылып, 34,3 гектар аумақ тазаланады, сондай-ақ монолитті темірбетон конструкциялары тұрғызылады. Бұдан бөлек, су жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті гидротехникалық нысандар салу көзделген.

    Жасыл қалаға бастар қадам

    Сыр өңірінің аптап ыстығы мен қуаң климаты жағдайында көгалдандыру жұмыстары тек қаланы көркейту құралы емес, тұрғындардың өмір сүру сапасына әсер ететін маңызды экологиялық міндетке айналып отыр. Сондықтан соңғы жылдары Қызылордада жасыл желек көлемін арттыруға ерекше назар аударылып, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

    Қаланы көгалдандыруды ұзақмерзімді негізде жүзеге асыру мақсатында Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «KazStroyCapital» ЖШС арасында бес жылдық келісім-шарт жасалған. Бастама қаланың жасыл қорын көбейтіп қана қоймай, оны тұрақты күтіп-баптауға мүмкіндік береді.

    Биылғы жоспардың өзі атқарылатын жұмыстың ауқымын аңғартады. Қала аумағына 8 950 түп ағаш отырғызылып, 91 мың шаршы метр аумаққа газон төселмек. Сонымен қатар көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді гүлдендіру мақсатында 750 мың дана біржылдық гүл, 28 300 дана көпжылдық өсімдік, 8 мың түп раушан және 20 300 дана хризантема егу жоспарланған.

    Мұндай көлемдегі жұмыстардың нәтижесі көктем мен жаз мезгілдерінде ерекше байқалады. Көшелер мен саябақтар гүлге оранып, бұрынғыдан да көрікті кейіпке енеді. Жасыл желекпен көмкерілген аумақтар тұрғындардың серуендеп, демалуына қолайлы орта қалыптастырады.

    default

    Алайда көгалдандырудың маңызы сыртқы көрініспен ғана шектелмейді. Мамандардың айтуынша, ағаштар мен гүлдер қаладағы шаң-тозаңды азайтып, ауаның сапасын жақсартуға ықпал етеді. Әсіресе жаздың ыстық күндерінде жасыл желек микроклимат қалыптастырып, қоршаған ортаның температурасын реттеуге көмектеседі.

    Қаланың тазалығы қалай қамтамасыз етіледі?

    Таза көше мен жинақы қала көрінісінің артында көзге көріне бермейтін ауқымды еңбек жатыр. Қызылордада коммуналдық қызметтің үздіксіз жұмыс істеуі үшін күн сайын 200-ден астам жұмысшы мен 90 арнайы техника жұмылдырылады. Олар таң атқаннан кеш батқанға дейін шаһардың санитарлық тазалығы мен тұрғындардың жайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз ету жолында еңбек етеді.

    Коммуналдық мекемелердің қарамағындағы техникалардың қатарында қоқыс таситын арнайы көліктер, көшелерді суаратын машиналар, жол жиектеріндегі шаң-тозаңды тазалайтын арнайы техникалар бар. Әрқайсысы өз міндетіне сай жұмыс істеп, қаланың тазалығы мен тәртібін сақтауға үлес қосады.

    Бұл жұмыстар жыл мезгіліне қарай өзгеріп отырады. Мәселен, жаз айларында көшелерді сыпыру, су себу, арамшөптерді тазалау және санитарлық күтім шаралары жүргізілсе, қыс мезгілінде коммуналдық қызметтің жауапкершілігі одан әрі артады. Қар тазалау, көктайғақтың алдын алу және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтіледі. Осылайша коммуналдық қызметтер жыл он екі ай қала тіршілігінің қалыпты ырғағын сақтауға қызмет етеді.

    Қаланың тазалығы мен коммуналдық қызмет сапасын арттыруда техникалық әлеуеттің маңызы ерекше. Сондықтан соңғы жылдары бұл салада материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға басымдық беріліп келеді.

    Жауапты мекеме бөліскен мәліметке сай, 2022–2024 жылдар аралығында облыстық және қалалық бюджеттер есебінен коммуналдық салаға барлығы 69 арнайы техника сатып алынған. Оның ішінде 2022 жылы – 13 техника, 2023 жылы – 23 техника, ал 2024 жылы 33 техника алынған.

    Бүгінде коммуналдық мекеменің теңгерімінде 178 арнайы техника бар. Соның 67-сі – соңғы жылдары алынған жаңа үлгідегі техникалар. Бұл өз кезегінде саланың техникалық мүмкіндігін едәуір арттырып, жұмыс сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берген.

    – Техникалық парк шамамен 80 пайызға жаңартылды. Бұл коммуналдық қызметтердің жұмыс тиімділігін арттырып, тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп отыр, – деді бөлім басшысы.

    Мамандардың айтуынша, жаңа техникалардың іске қосылуы көшелерді тазалау жұмыстарын жылдамдатып қана қоймай, олардың сапасын да жақсартқан. Сонымен қатар маусымдық жұмыстарды уақытылы орындауға, төтенше жағдайларға жедел ден қоюға және коммуналдық қызметтердің өнімділігін арттыруға жол ашқан.

    Тұрғындар қандай мәселелерді жиі көтеріп жүр?

    Тұрғындарды толғандырған мәселелердің уақытылы шешілуі де коммуналдық қызмет жұмысының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан халықтан келіп түсетін әрбір өтініш пен арыз-шағым қала тіршілігіндегі өзекті мәселелерді анықтауға және оларды шешу бағытындағы жұмыстарды жетілдіруге мүмкіндік береді.

    Бұл бағыттағы өтініштер аз емес. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, жыл басынан бері барлығы 1 625 арыз-шағым келіп түскен.

    Талдау нәтижесі көрсеткендей, тұрғындарды алаңдататын негізгі мәселелердің қатарында жолдардың жай-күйі мен сумен қамтамасыз ету мәселелері көш бастап тұр. Бұл – қала инфрақұрылымының күнделікті қолданыстағы ең маңызды бағыттарының бірі болғандықтан, аталған мәселелер тұрғындар тарапынан жиі көтеріледі.

    default

    Әрбір өтініш бойынша тиісті мекемелер зерделеу жұмыстарын жүргізіп, мәселенің сипатына қарай нақты шаралар қабылдаған. Жол инфрақұрылымына қатысты шағымдар бойынша жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылса, сумен қамтамасыз етуге байланысты өтініштер бойынша ақауларды жою және қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында жұмыстар жүргізілген.

    Сонымен қатар барлық арыз-шағым қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралып, өтініш иелеріне ресми жауаптар жолданған. Бұл тұрғындар мен жауапты мекемелер арасындағы байланысты нығайтып, туындаған мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.

    Жалпы, бүгінде Қызылордада жүзеге асырылып жатқан абаттандыру, көгалдандыру және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қаланың сапалы дамуына берік негіз қалыптастырып жатыр.

    Жаңарған саябақтар мен гүлденген көшелер, ретке келтірілген аулалар мен заманауи техникамен жабдықталған коммуналдық қызмет – мұның барлығы тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жолындағы жүйелі саясаттың көрінісі. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасып, Қызылорданы инфрақұрылымы дамыған, экологиялық тұрғыдан жайлы әрі өмір сүруге қолайлы заманауи қалаға айналдыру негізгі басымдықтардың бірі болып қала бермек.

    жобалар коммуналдық қызмет Көгалдандыру Қамысқала Қызылорда
    Previous ArticleҚазақстандық екі гимнаст Азия чемпионатының финалына жолдама алды
    Next Article Виктор Друзин әлем кубогының суперфиналында қола медаль жеңіп алды
    Salemnews
    • Website
    • Facebook

    Ұқсас жазбалар

    Қызылжармадағы қарқынды даму: инфрақұрылымнан кәсіпкерлікке дейінгі өзгерістер

    27.07.2026

    Ғалымдар адам өмірінің биологиялық шегін анықтады

    27.07.2026

    Павлодар облысындағы көмір кенішінде жұмысшы қаза тапты

    26.07.2026
    Соңғы жаңалықтар

    Тоқаев ұсынған «таза көмір» технологиясы климат өзгерісіне қалай әсер етеді?

    23.06.202611 658 Views

    Сақтандыру: апаттан алымға дейін

    10.04.20257 623 Views

    CO₂: қазақстандық кәсіпорындар Париж келісімін сақтап отыр ма?

    19.12.20255 642 Views
    Әлеуметтік желілер
    • Facebook
    • WhatsApp
    • Instagram

    «SALEMNEWS.kz» ақпарат агенттігіне гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.
    18+

    Facebook X (Twitter) Instagram Pinterest
    • Басты бет
    • Жоба туралы
    • Сайтты қолдану ережесі
    • Байланыс
    © 2026 Salemnews.kz. Барлық құқықтар сақталған
    Яндекс.Метрика

    Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.