Блог

    Ақпараттық хабарлама: Құрылтай-2026 сайлауына Salemnews.kz сайтында үгіт материалдарын орналастыру шарттары

    Facebook X (Twitter) Instagram
    • Басты бет
    • Жаңалықтар
    • Мәселе
    • Жастар
    Facebook X (Twitter) Instagram
    SALEM NEWS
    Жаңалық жіберу
    SALEM NEWS
    Home»Жаңалықтар»Қысқа дайындық: коммуналдық жүйе жаңа маусымға қалай қамдануда?
    Жаңалықтар

    Қысқа дайындық: коммуналдық жүйе жаңа маусымға қалай қамдануда?

    SalemnewsSalemnews13.09.202626 Mins Read
    Бөлісу
    Facebook Twitter Telegram WhatsApp

    Коммуналдық қызметтер үшін ең жауапты кезеңдердің бірі басталды. Алдағы жылыту маусымының қалыпты өтуі қазандықтар мен жылу желілерінің жағдайына ғана емес, электр, су және кәріз жүйелерінің де қаншалықты дайын екеніне байланысты. Сондықтан өңірлерде жөндеу жұмыстары қатар жүргізіліп, отын қоры жасақталып, әлеуметтік нысандардың әзірлігі тексеріліп жатыр.

    Биыл бұл бағыттағы жұмыстарға республикалық деңгейде де айтарлықтай қаржы бөлінді. Үкіметтің баспасөз қызметінің дерегінше, энергетикалық нысандарды жөндеу мен жаңғыртуға 851 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 60 пайызға көп. Бұдан бөлек, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында 384 млрд теңге бағытталмақ.

    Ел бойынша жылу маусымына дайындық аясында үш энергоблок, 33 қазандық және 24 турбина жөнделіп жатыр. Электр желілерінің 15,6 мың шақырымы бойынша жұмыстардың 91 пайызы орындалған. Сондай-ақ 372 қосалқы станцияның 84 пайызы жоспарға сай жөндеуден өтуде. Жылу желілерінің 246 шақырымы жаңартылып, бұл жоспардың 65 пайызына тең.

    Қысқа дайындықтың тағы бір маңызды бөлігі – отын қоры. Қазіргі таңда энергетикалық нысандарда 4,2 млн тонна көмір мен 137 мың тонна мазут жинақталған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен шамамен 2 пайызға жоғары.

    Жалпы республика бойынша білім беру және денсаулық сақтау нысандарының 98 пайызы, ал тұрғын үйлердің 95 пайызы жылыту маусымына дайын деп бағаланып отыр. Инженерлік инфрақұрылым бойынша да жөндеу жалғасуда: сумен жабдықтау желілерінің 1,8 мың шақырымы жаңартылса, кәріз жүйелерінің 306 шақырымы бойынша жұмыс жүргізілуде.

    Осы ауқымды дайындықтың аясында Қызылордадағы ахуал да ерекше назарда. Өйткені қалада жылумен қамту жүйесін жаңарту бірнеше бағытта қатар жүріп жатыр. Бұған жаңа жылу-электр орталығының іске қосылуы, қолданыстағы желілерді жаңғырту және қазандықтарды жөндеу жұмыстары жатады.

    Биылғы дайындықтың басты ерекшеліктерінің бірі – қала үшін жаңа жылу көзі саналатын жылу-электр орталығының толық іске қосылуы.

    Жаңа нысан Мемлекет басшысының қолдауымен салынды. Жобаға түркиялық Aksa Energy компаниясы 215 млрд теңге инвестиция құйған. Орталықтың электр қуатын өндіру мүмкіндігі – 240 МВт, ал жылу өндіру қуаты – сағатына 277 Гкал. Мұнда үш газ турбинасы, қуаты 55 МВт бу турбинасы, сондай-ақ үш бу қазандығы мен екі су жылыту қазандығы орнатылған.

    Нысан толық қуатында іске қосылып, қазіргі уақытта 240 МВт электр энергиясын өндіруге мүмкіндік беріп отыр. Төрт су жылыту қазандығы жұмыс істеп тұр. Алдағы жылыту маусымында орталықтан өндірілетін жылу қаланың тұрғындары мен әлеуметтік нысандарын қамтамасыз етуге бағытталады.

    Жаңа жылу көзі қаланың энергетикалық тұрақтылығын арттырғанымен, қысқа дайындық мұнымен аяқталмайды. Қолданыстағы жылу желілерінің жағдайы мен отын қоры да маусымның тұрақты өтуі үшін шешуші мәнге ие.

    Мәселен, «Олжас-2005» көмір операторы бойынша қазіргі таңда 6,5 мың тонна көмір жеткізілген, тағы 2 мың тоннасы қоймада сақтаулы. Бұған қоса, жеті вагон жолда келе жатыр. Қажетті отын көлемі белгіленген кестеге сәйкес толықтырылып отырады.

    Қаладағы жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға биыл 5,5 млрд теңге бөлінген. Қаржыға 8,7 шақырым жылу желісін аяқтау, газ турбиналық қондырғылардың №1 және №2 агрегаттарына күрделі жөндеу жүргізу, 1,3 шақырым желіні жаңғырту көзделген. Сонымен бірге бір қазандық пен бір турбина жөнделіп, он автономды қазандықтың, сондай-ақ негізгі және қосалқы жабдықтардың техникалық жағдайы жақсартылады.

    Бұл жұмыстардың барлығы қаладағы жылу желілерінің тозуын азайтуға бағытталған. Қазір Қызылордада жылу желілерінің жалпы ұзындығы 204 шақырымды құрайды, оның тозу деңгейі шамамен 40 пайыз. Жөндеу маусымы кезінде жүргізілген гидравликалық сынақтар барысында 42 ақау анықталып, олардың барлығы жойылған. Жылу орталығы желілердің тозуын 39,8 пайызға дейін төмендетуді жоспарлап отыр.

    Қызылорда жылу-электр орталығының директоры Бақытжан Молдабекұлының айтуынша, 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқын алған. Өткен маусым 1 сәуірде аяқталғаннан кейін жылу желілеріне жоғары қысыммен сынақ жүргізіліп, анықталған кемшіліктер кезең-кезеңімен жойылған. Қазіргі таңда негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу жұмыстарының 88 пайызы аяқталған.

    Қаладағы жылу жүйесімен қатар электр желілерінің де дайындығы маңызды. «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясының» мәліметінше, кәсіпорын балансында 10 608 шақырым электр желісі мен 2 058 қосалқы станция бар. Олардың орташа тозу деңгейі 60 пайыз шамасында. Инвестициялық бағдарлама аясындағы жұмыстар бұл көрсеткішті 59,5 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік бермек.

    – Аудандардың бірқатарында жоспарланған жөндеу аяқталған. Атап айтқанда, Жаңақорған, Шиелі, Тереңөзек, Жалағаш және Қармақшы бағыттарындағы жұмыстар толық орындалған. Ал Қазалы мен Қызылорда қаласындағы кейбір қосалқы станцияларда жаңарту жұмыстары әлі жалғасып жатыр, – деді ол.

    Коммуналдық тұрақтылықты қамтамасыз етуде электр мен жылумен қатар ауызсу және кәріз жүйелерінің үздіксіз жұмысы да маңызды. Әсіресе қыс кезінде желілердегі ақаулардың алдын алу үшін инженерлік нысандардың техникалық жағдайын алдын ала тексеру қажет.

    «Қызылорда су жүйесі» кәсіпорны осы мақсатта негізгі нысандар мен желілерге профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр. Кәсіпорын балансында 117 ұңғыма, 11 насос станциясы, 981,5 шақырым су құбыры және 455,2 шақырым кәріз желісі бар. Сонымен қатар 67 кәріз сорғы станциясы мен екі биологиялық тазарту нысаны жұмыс істейді. Қала бойынша тәулігіне орта есеппен 72,4 мың текше метр су тұтынылады.

    – Кәсіпорын қала тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін су көздері мен желілердің тұрақты жұмысын бақылауда ұстайды. Алдағы маусымға байланысты желілерге профилактикалық жөндеу, залалсыздандыру және қажетті материалдар қорын толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Тереңдік сорғылары мен өрт гидранттарының да жағдайы тексеріліп, төтенше жағдай туындаған кезде жедел әрекет етуге қажетті қор қалыптастырылуда, – деді «Қызылорда су жүйесі» өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Маржан Сырманова.

    Жылу, электр, су және кәріз жүйелеріндегі жұмыстардың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Бір жүйедегі іркіліс екіншісіне әсер етуі мүмкін болғандықтан, дайындық тек жекелеген нысандардың жағдайын жақсартумен шектелмейді. Негізгі міндет – қыс бойы коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету.

    Қызылордада жылыту маусымына қажет көмір көлемі де алдын ала есептелген. Тұрғындарға 92 мың тонна, әлеуметтік нысандарға 19 мың тонна көмір қажет. Жалпы қажеттілік 111 мың тоннаны құрайды. Отын жеткізу жұмыстары белгіленген кесте бойынша жүргізілуде.

    Әлеуметтік нысандардың әзірлігі де бақылауда. Өңірдегі 1 079 әлеуметтік нысанның 98 пайызы жылыту маусымына дайын. Қалған нысандарда қажетті жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау көзделген.

    Қала әкімдігі үшін ендігі міндет – дайындықтың соңғы кезеңін сапалы аяқтау. Әсіресе қазандықтардың техникалық әзірлігі, жылу желілерінің жағдайы, көмірдің жеткізілуі және әлеуметтік нысандардың дайындық паспорттары қайта тексеріледі.

    Қала әкімі Нұржан Сәбитұлы жылу-электр орталығына барып, қазандықтардың техникалық жағдайын, жылу желілерінің жұмыс режимін және жөндеу барысын қарап шықты.

    – Жылу маусымына сақадай сай болуымыз қажет. Дайындық жұмыстарын бәсеңдетуге болмайды. Қазірден бастап әлеуметтік нысандардың әзірлік паспорттарын тексеру керек, – деді Нұржан Сәбитұлы.

    Осылайша Қызылордада биылғы жылыту маусымына дайындық жаңа жылу көзін іске қосудан бастап, ескі желілерді жаңартуға дейінгі бірнеше бағытты қамтып отыр. Жаңа жылу-электр орталығы қаланың энергетикалық мүмкіндігін арттырса, жылу желілері, электр жүйесі, су және кәріз инфрақұрылымындағы жөндеу жұмыстары коммуналдық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.

    Ендігі мәселе – жоспарланған жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап, қыс түскенге дейін барлық нысанды толық әзірлікке келтіру. Себебі коммуналдық жүйенің нақты дайындығы есептегі көрсеткішпен емес, суық күндері тұрғындарға жылу, жарық және су үздіксіз жеткен кезде бағаланады.

    коммуналдық қызмет Қамысқала Қызылорда
    Previous ArticleТоқаев трансшекаралық инфрақұрылым қауіпсіздігі мен жаһандық тұрақтылық мәселесін көтерді
    Next Article Астанада салынып жатқан бес қабатты үйден өрт шықты
    Salemnews
    • Website
    • Facebook

    Ұқсас жазбалар

    Балаларға қатысты аса ауыр қылмыстар саны 45 пайызға азайды: Ерлан Карин кеңес өткізді

    13.10.2026

    Қытайдан тауар жеткіземін деп 500 адамнан 1 млрд теңгеге жуық ақша жинаған әйел сотталмақ

    13.10.2026

    Әзірбайжанда мектептердегі хиджабқа тыйым халықтың жаппай наразылығын тудырды

    13.10.2026
    Соңғы жаңалықтар

    Тоқаев ұсынған «таза көмір» технологиясы климат өзгерісіне қалай әсер етеді?

    23.06.202611 672 Views

    Сақтандыру: апаттан алымға дейін

    10.04.20257 625 Views

    CO₂: қазақстандық кәсіпорындар Париж келісімін сақтап отыр ма?

    19.12.20255 646 Views
    Әлеуметтік желілер
    • Facebook
    • WhatsApp
    • Instagram

    «SALEMNEWS.kz» ақпарат агенттігіне гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.
    18+

    Facebook X (Twitter) Instagram Pinterest
    • Басты бет
    • Жоба туралы
    • Сайтты қолдану ережесі
    • Байланыс
    © 2026 Salemnews.kz. Барлық құқықтар сақталған
    Яндекс.Метрика

    Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.