Қазақстанда ұйымнан қоңырау түскенде, телефон экранында сол ұйымның атауы көрсетіледі. Одан бөллек, енді SIM-картаны тіркеген кезде абонент жеке басын биометриялық дерек арқылы растауы керек. Бұл туралы Үкімет отырысында жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.
«Қоңырауларды таңбалау абонентке қай ұйымнан хабарласып жатқанын білуге мүмкіндік береді. Мысалы, телефонға банк, дүкен немесе емхана қоңырау шалса, олардың атауы экранда көрінеді. SIM-картаны тіркеген кезде абонент биометриялық тексеруден өтуі керек. IMEI-код арқылы Қазақстанға заңсыз әкелінген және коды өзгертілген телефондарды анықтауға болады», – деді министр.
Қоңырауларды таңбалау азаматтарға ұйымның ресми нөмірінен хабарласып жатқанын тануға көмектеседі. Сонымен қатар байланыс операторлары Ұлттық банктің алаяқтыққа қарсы Антифрод-орталығымен бекітілген тәртіп бойынша жұмыс істейді. Бұдан бөлек, интернетке қосу және интернет арқылы халықаралық қоңырау шалу қызметін ұсынатын операторлар лицензия алуға тиіс.
