Блог

    Ақпараттық хабарлама: Құрылтай-2026 сайлауына Salemnews.kz сайтында үгіт материалдарын орналастыру шарттары

    Facebook X (Twitter) Instagram
    • Басты бет
    • Жаңалықтар
    • Мәселе
    • Жастар
    Facebook X (Twitter) Instagram
    SALEM NEWS
    Жаңалық жіберу
    SALEM NEWS
    Home»Жаңалықтар»Қалдықсыз болашаққа бастар жол: Қызылордадағы тазалық жұмыстары қалай жүргізілуде?
    Жаңалықтар

    Қалдықсыз болашаққа бастар жол: Қызылордадағы тазалық жұмыстары қалай жүргізілуде?

    SalemnewsSalemnews11.11.2025127 Mins Read
    Бөлісу
    Facebook Twitter Telegram WhatsApp

    Қызылорда қаласының тазалығы – бұл тек сыртқы көрініс емес, қоғамдық денсаулық пен қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды сала. Қаланың санитарлық жағдайына жауапты «Қызылорда Тазалығы» МКК тарапынан атқарылып жатқан бастамалар бүгінде жүйелі, заманауи және нәтижеге бағытталған тәсілдермен жүргізілуде. Біз осы бағыттағы жұмыстардың барысын саралап көрдік.

    Қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету бойынша «Қызылорда Тазалығы» МКК бекітілген кестеге сәйкес күнделікті және апталық режимде тазалау, сыпыру, көгалдандыру және қоқыс шығару жұмыстарын атқарады. Бұл – тек қоқыс жинаумен шектелмейтін, кешенді тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

    Қаладағы қоғамдық орындар, магистральдық көшелер мен шағын аудандар арнайы бригадалармен қамтылып, үздіксіз бақылауда. Жұмыс тек көрнекілік үшін емес, қаланың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалын жақсарту үшін де аса маңызды.

    Қалдықтарды басқарудың жаңаша үлгісі

    Қалада қатты тұрмыстық қалдықтар арнайы контейнерлік алаңдардан жиналып, лицензиясы бар қалалық полигонға тасымалданады. Бұл ретте тазалық жұмыстарының екінші кезеңі – қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеуге жіберу  алдыңғы қатарға шыққан.

    Жауапты мекеме хабарлағандай, өңірде пилоттық жоба ретінде «EcoBox» және «Фандомат» жүйелері кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл – пластик, әйнек, қағаз қалдықтарын бөлек жинауға арналған құрылғылар. Яғни, тұрғындардың қалдықты сұрыптап тастау мәдениетін қалыптастыру – басты мақсат. Келер жылға қарай қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесі кеңейтіліп, жаңа контейнерлер орнату және қайта өңдеу үлесін арттыру жоспарланып отыр.

    Қауіпсіз еңбек – сапалы қызмет кепілі

    Көшелерді тазалайтын жұмысшылардың қауіпсіздігі де назардан тыс қалмайды. Барлық қызметкерлер арнайы киіммен, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Бұған қоса еңбек қауіпсіздігі мен экологиялық талаптар бойынша тұрақты түрде нұсқама жүргізіледі.

    Қазіргі таңда Қазіргі таңда «Қызылорда тазалығы» мекемесінде 90 арнайы техника, 240 жұ­мысшы және 70 жүк тиеуші қаланың 500-ден аса көшесінде күнделікті тазалық жұмыстарын жүргізеді. Бұл – бір күндік емес, жыл он екі ай бойы жүргізілетін үздіксіз еңбек. Тазалықшылар таңнан түске дейінгі уақытты тазалыққа арнаса, кешкі ауысымда тағы да сол қарбалас қайталанады. Қызметкерлер үшін мекеме есебінен арнайы киім, жыл мезгіліне қарай қажетті құрал-жабдықтар, кешкі ауы­сымдағы қызметкерлер үшін жатын орны қарастырылған.

    Мекемеде 511 қызметкер және 78 арнайы техника жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш қаланың тазалығын тәулік бойы қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді.

    – Жаздың аптап ыстығында, қыстың аязды суығында қала тазалығына жауап беру оңай шаруа емес. Себебі біз кеңседе, белгілі бір уақытпен жұмыс істемейміз. Жұмыстың қиындығы да осы. Көзге көрін­бейтін жұмыс болғанымен, қаншама еңбек, маңдай тер жатыр. Мәселен, біз қала ау­мағын 12 секторға бөлеміз. Әр сектордың бригада жетекшісі, тазалық жұмыстарын атқаратын біртұтас құрамы бар. Сонымен қатар  ауа райына қарай сақтық шаралары да қарастырылған. Әрбір тазалық қызметкері өзіне берілген жұмысты жүйелі орындайды. Мақсатымыз ортақ – Қызылорданы таза  қалаға айналдыру, – дейді ӨТБ бөлім басшысы Маржан Шанаева.

    Қоқыс полигоны экологиялық талаптарға сай

    Қалалық қоқыс полигоны ҚР Экологиялық кодексінің талаптарына толық сай жұмыс істейді. Қалдықтарды жинау, көму және зарарсыздандыру процестері экологиялық нормалармен үйлестірілген. Бұл – қоршаған ортаға зиянды әсерді азайтып, жергілікті экожүйені сақтау жолындағы маңызды бағыт.

    Ақпараттық жүйелер мен тұрғындармен байланыс

    Қаланың тазалығы тек мекеме жұмысына ғана емес, тұрғындардың жауапкершілігі мен қатысуына да тәуелді. Осы бағытта «Таза қала –  таза қоғам» атты экологиялық акциялар өткізіліп келеді. Бұл акциялар мектептер мен оқу орындарында, сондай-ақ әлеуметтік желілерде де кеңінен насихатталуда.

    Мекемеге түсетін өтініштер мен шағымдар жазбаша және электрондық түрде, оның ішінде “eOtinish” платформасы арқылы қабылданады. 2024-2025 жылдары 1228 шағым қаралып, тұрғындар көтерген мәселелер бойынша нақты шаралар қабылданған.

    Қоқыс шығару бағыттары бүгінде толықтай GPS бақылау жүйесімен қамтылған. Арнайы техникалар қозғалысы онлайн түрде бақыланып, тазалық жұмыстарының уақтылы және сапалы орындалуы қамтамасыз етілуде.

    Осы орайда мекеменің қысқа дайындығын айтпай кетуге болмас, себебі қыс мезгілінде халықтан көп түсетін арыз-шағымның дені қардан тазарту жұмысы төңірегінде болатынын білеміз. Қазір мекеме 59 арнайы техниканы қысқа дайындап, 2000 тонна құм мен 400 тонна тұзға тапсырыс берілген. Осы бағытта қала бойынша жыл сайын 80 көше қардан тазаланып, құм-тұз аралас қоспа себіледі. Жаяу жүргінші жолдары, аялдамалар, бордюр жиегін жұмысшылар арнайы тех­никалық құралдармен тазалайды. Мұнда 2 басқарушы, 2 сектор меңгерушісі, 12 шебер, 59 жүргізуші және 195 жұмысшы жұмылдырылып, жалпы алғанда қысқы маусымда қала тазалығына 270 адам қызмет көрсетпек.

    2025-2026 жылғы қыс мезгіліне арнал­ған техникалар да алдын ала жоспарлан­ған. Қала жолдарын күтіп ұстауға 59 арнайы техника дайын тұр. Оның ішінде көпбейін­ді жүк көліктері, қар тазалайтын арнайы техникалар, тракторлар, жаяу жүргінші жолдарын тазалайтын шағын машиналар және қар тиегіш сынды ауыр техникалар бар. Барлық техника толық дайындықтан өткізіліп, кез келген уақытта жұмыс істеуге әзір.

    – Қысқа дайындық қарқынды жүріп жатыр. Техникалардың барлығы толық тексеруден өткен. Қыс мезгіліне дайынбыз десек те болады. Биыл Қызылорда таза қала ретінде республикада көш бастап тұр. Бұл тазалық қызметкерлерінің еңбегі деп білемін. Кейде бізге қала тұрғындары шағымын білдіріп жатады. Неге десеңіздер, «қарды күремей қоя тұрыңыздар. Қысты сезінейік» деп айтады. Әр тазалық қыз­меткері өзіне берілген аймақты тез тазалайды. Міне, бұл  – таза қала Қызылорданың айғағы, – дейді «Қызылорда тазалы­ғы» кәсіпорнының сектор меңгерушісі Гүлзинат Жұмабекова.

    Заң бұзушылықпен күрес қалай жүруде?

    Қазіргі таңда көпқабатты үйлер бойынша 120634 адам, жеке секторда 62007 адам, ал заңды тұлғалар бойынша 2853 нысан кәсіпорынмен келісімшарт жасаған. Әр адамнан алынатын тариф белгі­леніп, төлем жүйесі реттелген. Бұл қыз­меттің тұрақты, сапалы жүруіне негіз болмақ.

    Қала аумағында белгіленбеген жерге қоқыс тастау – жиі кездесетін құқықбұзушылықтардың бірі. Осыған байланысты 2024-2025 жылдары 200-ден астам рейдтік шара ұйымдастырылып, 698 әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті айыппұлдар салынған.

    Бұл бағытта бақылау жұмыстары одан әрі күшейтіледі, ал тұрғындар мен заңды тұлғалардан жауапкершілік талап етілмек.

    Таза қалаға қадам – ортақ міндет

    Қала көшелерін сыпыру, тұрмыстық қалдықтарды жинап, оны полигонға жеткізу, жаз мезгілінде көшелерге арнайы көлік­пен су себу, қоқыс жәшіктерін тазалау, бау-бақша аумақтарындағы шөпті шабу, жол бойындағы бордюрлерді ретке келтіру, әктеу, қыс мезгілінде көшені қардан таза­лау, көктайғақ болдырмау мақсатында құм-тұз аралас қоспа себу осының барлығы күн сайын жүргізіледі. Қала тазалығы жай ғана қоқыс жинау емес, бұл  тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру. Осы орайда, тазалық қызметкерлерінің ерен еңбегін айтпай кетпеске болмас.

    – Осы мекемеге келгеніме екі жыл болды. Адал еңбегімнің арқасында балаларымды асырап, табыс тауып жүрмін. Әдетте, мұндай жұмыстарды істеуге көпшілік на­мыстанып жатады. Ал мен өз жұмысыма ешқашан да намыстанған емеспін. Өмірдегі басты қағидам – қандай жұмыс болса да, адал атқару. Әрине, жұмысымыз оңай емес. Таң атысымен, күн ұясына батам дегенше далада жүреміз. Алдымызда қыс келе жатыр. Қыс мезгілі тіпті қиын. Суық күнде қар күреп, жолдағы мұздарды оямыз. Мұның барлығы халық үшін жасалады. Көзге көрінбейтін жұмыстың артында қан­шама тазалық қызметкері тұрғаның қала тұрғындары ұғынса деймін. Себебі көшеге тастаған әрбір қоқыс тек табиғатқа емес, адамзатқа да қауіпті болмақ. Сондықтан тазалықты әрбір жан өзінен бастағаны абзал. Ал жұмысыма келер болсақ, осы еңбегімнің арқасында облыс әкімінен марапат алдым. Бұл – елеулі еңбегімнің еленген сәті деп білемін, – дейді тазалық қызметкері Гүлнәр Оразқызы.

    2025 жылдың алғашқы он айында қала аумағынан 85137 тонна қоқыс шығарылған. Бұл – айына орта есеппен 8513 тонна, ал бір күнде 284 тонна қалдықтың полигонға жеткізілгенін көрсетеді. Полигонга жеткі­зілген қоқыстар қайта сұрыпталады. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 79196 тонна болған. Яғни қалада тіршілік қарқыны артып, адам саны көбейіп, қоқыс көлемі арт­қанымен, тазалық жұмыстарының сапасы төмендеген жоқ. Сондай-ақ бей-берекет қоқыс орындарын азайту мақса­тында мобильді топ құрылып, бейнека­мералар орнатылған. Санитарлық талапты бұзған тұрғындарға ескерту беріліп, айып­пұл салынады. «Қызылорда тазалы­ғы» кәсіпорнының сектор меңгерушісі Гүлзинат Жұмабекованың айтуынша, енді қала аумағында бей-берекет қоқыс тастаған тұрғындар заң алдында жауап береді.

    – Заң бәріне ортақ. Қала тазалығын бұзған азаматтарға «Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы» кодекстің 505-бабы негізінде ескерту беріледі. Ал 434-баптың 2-тармағы бойынша айыппұл салу қа­растырылған. Сонымен қатар бейне­каме­ралар орнатылып, рейдтік жұмыстар күнделікті жүргізілуде, – дейді сектор меңгерушісі.

    Қызылорда қаласы тазалығының бүгінгі жүйесі – дәстүрлі тәсілдер мен цифрлық технологиялардың ұштасқан үлгісі. Мекеме өз жұмысын тек механикалық тазалықпен шектемей, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қайта өңдеу, цифрлық бақылау және тұрғындармен кері байланыс орнату бағытында жүйелі түрде жетілдіріп келеді.

    Алдағы мақсат – 2026 жылға дейін қалдықтарды бөлек жинау аясын кеңейтіп, Қызылорданы экологиялық қауіпсіз әрі таза қала ретінде дамыту.

    Previous ArticleДархан Бақтияров: Қыс маусымына толық дайынбыз
    Next Article Қала мен өнер: Шаһарда «Күзгі Қызылорда» фото көрме – сайысы өтті
    Salemnews
    • Website
    • Facebook

    Ұқсас жазбалар

    TikTok-тағы тікелей эфирде бейәдеп сөз айтқан 53 жастағы семейлік әйел жазаланды

    06.08.2026

    Баянауыл тауларындағы арқарлар дрон арқылы видеоға түсірілді

    06.08.2026

    Казахстанцы смогут получать больше медицинских услуг онлайн

    04.08.2026
    Соңғы жаңалықтар

    Тоқаев ұсынған «таза көмір» технологиясы климат өзгерісіне қалай әсер етеді?

    23.06.202611 661 Views

    Сақтандыру: апаттан алымға дейін

    10.04.20257 623 Views

    CO₂: қазақстандық кәсіпорындар Париж келісімін сақтап отыр ма?

    19.12.20255 642 Views
    Әлеуметтік желілер
    • Facebook
    • WhatsApp
    • Instagram

    «SALEMNEWS.kz» ақпарат агенттігіне гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.
    18+

    Facebook X (Twitter) Instagram Pinterest
    • Басты бет
    • Жоба туралы
    • Сайтты қолдану ережесі
    • Байланыс
    © 2026 Salemnews.kz. Барлық құқықтар сақталған
    Яндекс.Метрика

    Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.