Фото: istockphoto.com
Павлодар облысының прокуратурасы жүргізген тексеріс нәтижесінде Toraighyrov university 1225 қызметкерінің конституциялық құқықтарының бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды salemnews.kz
Белгілі болғандай, университеттің педагогтарына заңмен көзделген демалыс мерзімдері екі есе қысқарған.
Атап айтқанда, университеттің ұжымдық келісім-шартында Еңбек кодексін бұза отырып, педагогтарға тек 30 күн демалыс берілетіні көрсетілген, ал заң бойынша 56 күн берілуі тиіс.
Сонымен қатар, мұғалімдер мен қызметкерлердің уақытша еңбекке жарамсыздық, жүктілік және босану жағдайларына байланысты демалыстарын қайтадан ауыстыруына тыйым салынған.
Ал, аталған себептер бойынша демалыстарды ауыстыру Еңбек кодексімен де реттелген.
Нәтижесінде, прокуратураның қадағалау актісі бойынша кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды, ұжымдық келісім-шартқа тиісті өзгерістер енгізілді, білім беру саласындағы қызметкерлердің еңбек құқықтары қалпына келтірілді.