Фото: Shutterstock
Жаңаөзенде 11 сынып оқушысы мен оның әкесі соққыға жығылған. Оқиға зардап шеккен оқушының үйінің маңында болған. Полиция аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды salemnews.kz
Lada.kz редакциясына Жаңаөзендегі «Білім-инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушысы соққыға жығылғаны туралы ақпарат келіп түскен.
Дереккөздің мәліметіне сай, 16 сәуірде түлекті құрдастары тап үйінің маңында соққыға жыққан. Бұған оқушының жақында шетел университетіне грантқа түскені себеп болған, деп жазады басылым.
«Баласының соққыға жығылғанын көрген әкесі оған көмекке ұмтылған, алайда ол бір топ балаға шамасы жетпей, аяғынан жарақат алған.
Қазіргі таңда зардап шеккен оқушы ата-анасымен бірге Жаңаөзен көпбейінді ауруханада жатыр. Ақпарат берген дереккөз оқу орнының әкімшілігі оқушыларға зардап шеккен оқушыға баруға және болған жайт туралы ақпаратты таратуға тыйым салғанын хабарлаған», — деп жазады басылым.
Жаңаөзен көпбейінді қалалық ауруханасы Lada.kz тілшісіне ұсынған ақпаратта 11 сынып оқушысына бас-мидің жабық жарақаты, мидың шайқалуы, жарақат, бас терісінің париетальды аймағының тері астындағы гематомасы, бетінің, екі жағындағы параорбитальды аймақтың көгеруі, сонымен қатар сол жақ тізе буынының сыдырылуы деген диагноз қойылған. Ал әкесіне сүйек үзінділерінің ығысуымен сол аяқтың 2-ші жілік сүйегінің жабық ұсақталған сынуы.
NUR.KZ Маңғыстау облысы полиция департаментіне ресми сұрау салған. Онда жанжалға қатысы барлардың барлығы анықталғаны айтылған.
«Кәмелетке толмаған балалар полицияға ата-анасымен бірге жеткізілген. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық қажетті тергеу іс-әрекеттері жүгізіліп жатыр.
Бұған қоса оқиғаға қатысы бар құқықбұзушылардың ата-анасы немесе заңды өкілдерінің жауапкершілігі мәселесі қаралады. Әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияға бағыттау үшін материал әзірленіп жатыр. Барлық кінәлі тұлға тіркеуге алынады», — делінген ПД хабарламасында.