Мәжіліс отырысында депутат Ермұрат Бапи салықтан босатылғандар туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, қазір Қазақстандағы банк иелері жылына 100 миллион теңгеден астам дивиденд алса да, салық төлемейді, деп жазды salemnews.kz
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, ірі акционерлер 100 миллион теңге дивиденд алады.
«Орталық Азиядағы ең ірі банктер Қазақстан банктері. Оларда жинақталған сома 55 триллион теңгеге бағаланады. Бұл сома Қазақстанның екі бюджетінен асып түседі. Банктер жыл сайын өз иелеріне миллиардтаған дивидендтер төлейді. Ал ірі акционерлер 100 миллион теңге дивиденд алады. Бірақ бұл банк дивидендтері салық төлеуден босатылған. Серік Жұманғарин мырза, қазір қосарланған салық салуға тыйым салынғанын, сондықтан олар салықтан босатылғанын, бірақ еліміздің бюджетінде әлеуметтік бағыт бар деп айтатын шығарсыз. Біздің бюджеттің 53 пайызы әлеуметтік мәселелерге бөлінген. Ал даму ары кетсе 20 пайыздан аспайды. Осы ретте қоғам алдындағы жауапкершілікті арттыру үшін банк дивидендтеріне салық салу мәселесін қарастыру қажет деп санаймын. Бұл акционердің жеке таза табысы”, – деді депутат.
Ермұрат Бапи 100 миллион теңгеге дейін дивиденд алатын банкирлерден 10 пайыз, миллиард алатындардан 15 пайыз салық жинауды ұсынды.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин депутаттар тарапынан мұндай ұсыныстар болмағанын айтты. Егер ұсыныс айтылға үкімет қолдайтынын жеткізді.
«Ондай ұсыныс болған жоқ. Бар болса, қолдаймыз. Бірақ 100 миллион теңгеден төмен болса,10 пайыз өте көп. Мысалы, дивидендтер 100 миллион теңгеден аз болса 5 пайыз, 100 миллион теңгеден миллиардқа дейін болса 10 пайыз, дивидендтер миллиард теңгеден асса 15 пайыз болса, дұрыс болады деп ойлаймын”, – деді Жұманғарин.
Ермұрат Бапи Салық кодексі бойынша негізгі жұмыс тобына қосылған депутаттар мұндай норманы ұсынады деп есептейді.
«Халықты, бизнесті қыса бергеннен гөрі, банктерді де қысайық», – деді депутат.
Жұманғарин мұндай ереже қабылданса, бұл банкирлерге ғана емес, дивиденд алатындардың барлығына әсер ететінін жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда халыққа берілетін кредиттерге салық мөлшерін көбейту ұсынылғаны туралы жазған едік.