Фото: ашық дереккөз
Танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 1993 жылы 13 маусымда Алматы қаласында өмірге келген. Ол 2009 жылы әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, үздік он мәнерлеп сырғанаушының қатарына кірген болатын, деп хабарлайды Salemnews.kz ақпарат агенттігі.
Денис — Корей империясы кезінде даңқты қолбасшы болған генерал Мин Гынхоның ұрпағы.
Мәнерлеп сырғанаудан бөлек, теннис, акробатика, таеквондо, каратэ, жүзумен айналысып, би және сурет салу мектебіне барған.
Музыка мектебінде 5 сыныпты тәмамдап, хорға қатысқан. 2002 жылы Денис Тен қатысқан хор ұжымы Пусандағы Хор Олимпиадасында күміс медаль иеленді. Кейіннен мәнерлеп сырғанаумен айналысуға біржола ден қойды.
2003 жылы «Хрустальный конек» турнирінде оны Елена Буянова (Водорезова) байқап, Мәскеуге өзінің қол астында жаттығуға шақырады. Тен ересек спортшылармен жарысып, 2006 жылғы Қазақстан чемпионатын жеңеді.
Бірақ халықаралық деңгейде тек келесі жылдан бастап көріне бастады, оған Халықаралық конькимен сырғанаушылар одағының жас шектеулері (13 жас) себеп болды.