Видеодан скриншот
Ресейдің атынан соғысқа қатысып, тұтқынға түскен қазақстандықтарды Украина экстрадициялады. Алайда олардың әрі қарай тағдырып белгісіз, деп жазады salemnews.kz
Десе де жігіттер соғысқа не үшін барғанын және қандай қорлыққа тап болғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Айран” Youtube-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Наш выход» қоғамдық қозғалысы жариялаған Украина босатқан тұтқындар тізімінде Қазақстанның екі азаматы бар. Бірі – 23 жастағы Ерболат Ордабаев. Ол Қостанай облысы Лисаковск қаласынан екен. Сөзінше, ақша табу мақсатында Ресейге кеткен. Алайда оны соғысқа жібереді деп ойламаған.
“Қаламыз өте шағын, дамымай қалған. Тек зейнеткерлер қалған, жастар жоқ. Халықта ақша аз. Күнкөріске әрең жетеді. Сол үшін ауылдастар Ресейге вахталық жұмыстарға барады, ондай таныстарым бар. Менің анама отаға ақша керек еді. Сол себепті вахталық жұмысқа барамын дедім. Ол жақта келісімшартқа қол қойдым, олар маған ақша аударды. Мен сол ақшаны анама жібердім. Сол кезде “ВСБ”-ға (әскери қимыл) барасың” деді. Не екенін білмеймін дедім, түсіндірмеді. “Қайда жіберсе, сонда барамын” деп келістім. Анам мұның бәрін мен тұтқынға түскен кезде бір-ақ білді”, – деді Ерболат.
Ол соғыс кездегі сәтті есіне алды. Сөзінше, тапсырмалары мен ұсынған жұмысы талапқа сай келмейді.
“Ойлағанымдай болмай шықты. Ештеңеге үйретпеді, әркім өз үшін жүр. Лисичанскке апарды. Сонда қонып, алғашқы әскери тапсырманы орындадық. Танк тұрды, артынан мотолыга болды. Танк минаға соғылды. Одан соң дрон ұшты. Бәріміз қаштық. Командир “жиналыңдар, кетеміз” деп айқайлады”, – деді ол.
Жігіт сол кезде бірнеше адамның көз жұмғанын көрген.
“Камекадзе ұшып түсті. Бірден 300 адам өлді. Жан-жаққа қаштық. Дрондар ұшып жатты, тығылдық. Бір кезде дрон командирге түсті. Командирдің жанындағы жігіт командирдің жетонын алуы керек еді. Бірақ ала алмай, мен шештім. Бір кезде жарылыс болып, жігіттің аяғы жұлынып кетті, тағы біреуі қолы жұлынды”, – деді ол.
Ерболат қашып жатқан кезде көліктен жарық жыпылықтап, ішінен бірнеше адам автоматпен шыққан. Сөзінше, олар “бері кел” деп кім екенін сұрастырып, тұтқынға алып кетті.
Қазақстандық жігіт елге оралғысы келгенімен, қорқады. Өйткені сотталатынын біледі.
“Оралған соң, отбасылы болғым келеді. Ақша тауып, жұмыс істесем деймін. Мен соғысқа қатысқаны үшін сотталатынымды білмедім. Ал егер “Ресейге оралып, қайтадан соғыс” немесе “елге оралып, түрмеге отыр” десе, елге оралуды таңдайтын едім”, – деді ол.
Екінші жігіт – 21 жастағы Шерхан Егімбердиев. Ол Байқоңыр ғарыш айлағынан екен.
“Жазда Ресейге демалуға бардық. Достарыммен ішімдік ішіп, жастықпен бұзақылық жасадық. Жеткізушінің самокатын ұрлап, ұрдық. Бізді полицейлер ұстап алды. Бұрын-соңды ішімдік ішіп көрмеген едім. Сол үшін алкоголь қатты әсер етіп, ең масы мен болдым”, – дейді қазақстандық жігіт.
Отандасымыз түрмеге отырмау үшін осындай қадамға барғанын айтады.
“Қатты қорқып кеттім. Оған дейін құқықбұзушылық жасап көрмегенмін. Полициялық бөлімшеге де бармағанмын. Түрмеге отырмау үшін келісімшартқа қол қоюға тура келді. Бірақ тылда жұмыс істеймін деп ойладым. Ата-анам жылап, келісімшартты тоқтатуды сұрады”, – деді Шерхан.
Сөзінше, оларды оқытып, содан кейін топпен алып кеткен. Граната мен оқ-дәріні толтырып, 6,5 сағат жүріпті.
“Бірінші тапсырма бойынша алаңнан жүгіріп, үйге кіру керек. Үйге кірдім, 2-3 минуттан соң жарылыс болды. Терезеден жарылысты көрдім. Қорқынышты болды. Бірінші күні мен жарақат алып, өлемін деп ойладым”, – деді ол.
Шерхан екінші тапсырма барысында тұтқынға түсіпті.
“Бізді іздеді. Құбыр астында тығылдық. Сол жақтан атқылады. Маған автомат ұстатты. Одан соң басқалары қаша бастады, арттарынан жүрдім. Бізге қорғануға “жеке үй тапсын” деді. Үйге кірген соң жарылыс болды да, тыныштық орнады. Камикадзе ұшты. Мен құдыққа кіріп кеттім. Жанында түлкі іні болды. Соның ішіне жаттым, ішінде дене қызуым көтерілді. Қаруым құдықта қалып қойды. Бір кезде мен жаққа қарай граната лақтырып, “шық” деп айқалады. Шыққан кезімде 5-6 адам ұстап алды. Осылай тұтқынға түстім”, – деді жігіт.
Айтуынша, тұтқынға түскен кезде оған су-тамақ беріп, жақсы норм қараған.
Шерхан қазір ден қоя алмайтынын, кей кезде сөйлей алмай тұтығатынын айтты. Ұмытшақтық пайда болған.
“Туыстарыма хабарласып, кеңес сұрауым керек еді. Адвокат алмақ болғанмын. Таяқ жеп, кір-кір болып өмір бақи соғыс алаңында жүргенше, түрмеде отырған жақсы еді”, – дейді ол.
Шерхан соғысқа өз бетімен барғысы келетіндерге үндеу жолдады.
“Мен өмірімді жалғастырып, қайта оқығым келеді. ЖОО-ға түсіп, пәтер алғым келеді. Соғысқа барғысы келіп жүргендерге ойлансын дер едім. Ол ойыншық емес, бұл – тозақ. Атыс-шабыс, қыл үстіндегі өмір. Мен өте көп мәйіт көрдім”, – деді Шерхан.
Тағы бір қазақ тұтқынға түскен. Бірақ Марсель Гумалиев Орынбордан екен. Сөзінше, ол да қаржылық қиындықтардың кесірінен осындай қадамға барған.
“Ата-анам қарсы болды. Достарым да бармауға көндіруге тырысты. Алайда шарттары жақсы болғаннан кейін Мәскеуге бардым. Мәскеудегі келісімшарт көбірек жалақы ұсынады. Олар автобуспен Воронежге апарып, 1 апта штурмистке оқытты. Одан соң Луганскке бардық”, – деді Марсель.
Сөзінше, бірінші күні ол өлетінін түсінді. Адреналин шамадан тыс бөлініп, “қиналып өлемін” деген қорқыныш пайда болды.
Марсельде басынан контузия алған.Оған жаяу әскерді әкелу тапсырмасы берілген. Бірақ сол кезде ұсталыпты. Контузия алған кезде жүрегі айнып, басы ауырған. Аяғынан да жарақат алыпты.
“Оралсам, жеке кәсіп ашқым келеді. Наубайхана ашуды қалаймын. Соғысқа барғаныма өкінемін. Мүмкін болса, табысты басқа жолмен табар едім”, – деді ол.
Украина тарапы қабылдап алған тұтқындарын кетуге рұқсат береді. Олар резервке тұрады. Ал Ресей айырбастап алған тұтқындарын үйіне жібермейді, тіпті жақындарымен кездесуге рұқсат бермейді екен. Мұны тұтқындарға ресейлік ерікті мәлімдеді.
Еске салсақ, бұған дейін Украина Ресеймен тұтқын алмасу шарасы аясында екі қазақстандық азаматты экстрадициялаған еді. “Хочу жить» жобасы соғысқа кеткен қазақстандықтардың есімдерін жариялады.